Өлеңдер ✍️

  29.05.2025
  158


Автор: Самрат Құскенов

Жұлдыз болғым келмейді

 



Жылтыраған дүние алтын емес,
Ел көңілі дарынға салқын емес.
Жұлдыз болғым келмейді жұлдыз болғым,
Жасанды боп көріну салтым емес.



Қиял құсы аспанда қалықтаған,
Жаңалықты ашудан жалықпаған.
Жұлдыз болғым келмейді жұлдыз болғым,
Қасиетті бойына дарытпаған.



Қолтаңбамды қалың жұрт сұрағаны,
Жазып жүрген жырымның ұнағаны.
Жұлдыз қылсаң ұлыңды қайран қазақ,
Тау шыңынан таланттың құлағаны.



Селфи жасап суретке түсіретін,
Жанкүйерлер артымнан жүгіретін.
Жұлдыз болғым келмейді жұлдыз болғым,
Сүрінгенде бетіме түкіретін.



Дұрыс талай сындарға төзгенім де,
Елдің барлық қорлығын көргенім де.
Жұлдыз болып тірімде жанбасамда,
Ұлы болып тірілем өлгенімде.



Абай, Мағжан жұлдыздай жана алмаған,
Шәмші де ол биікке бара алмаған.
Қазір енді тарихта жүрген жоқ па?
Тірісінде бағасын ала алмаған...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу