Өлеңдер ✍️

  29.05.2025
  227


Автор: Самрат Құскенов

Ұстазымның рухына

 



Күлдіртем деп жылатты жалғанымыз,
Аңырап артыңызда қалғанымыз.
Мәңгілік есте қалар ұстаздықпен
Талайды тура жолға салғаныңыз.



Өз ойын айтқан жансыз турасынан,
Жаралып турашылдық тумасынан.
Әлемді қара түнек жаулап алды,
Білімді айырған соң Зурасынан.



Мектеп те таба алмады ұлағатты,
Өзіне тарта алмаса жұрағатты.
Жарқырап еңбегіңіз тұр сақталып,
Ақтарсақ жүректегі мұрағатты.



Тарихқа жазылады есіміңіз,
Өлмеген оқушыға сезіміңіз.
Өрмелеп шыңға жеткен талапкердің
Ісінен сыр шертеді сеніміңіз.



Біз сізді аңсап, іздеп, сағынамыз,
Тағдырға дегенмен де бағынамыз.
Сабақта беріп кеткен тәрбиеңіз
Өтпесе әр сәтіміз мағынасыз.



Адамның танытқансыз кісілігін,
Көрсетіп ұлылықтың кішілігін.
Әр салған ізіңізден байқағанмын,
Тұлғаның мәңгі қалар ірілігін.



Алланың мойынсұндық жарлығына,
Бас иіп бұл дүниенің тарлығына.
Сіз таққан көзілдірік күн сәулесін
Нұр қылған шағылысып барлығына.



Қайғымен ұштасқан соң жақұтымыз,
Сорланар біздің бала-бақытымыз.
Жаздырды қадіріңіз туралы жыр,
Қаздырған көріңізді уақытымыз.



Еншісін болашақтың заман алды,
Билетіп қоя білген жаман шалды.
Емтихан тапсырар әр оқушыңыз,
Өмірдің әліппесі тәмамдалды!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу