Өлеңдер ✍️

  26.05.2025
  151


Автор: Самрат Құскенов

БАҚТАЛАС ПЕН БӘСЕКЕ

 



Заман қайда барады? Түсінбейсің,
Төзгеніңді ар-иман үшін дейсің.
Пікіріңді білдірсең, жаның ашып,
«Періштені» «шайтан» қып мүсіндейсің.



Ниетіңді еш ұқпай, алалайды,
Сын көтермей, ғайбаттап қаралайды.
Шын білгенге Құдайдың көзі түзу,
Ақ-қараны уақытың саралайды.



Шатастырған бәсеке, бақталасын,
Амалсыздан достан да сақтанасың.
Әңгіменің буына түскен кезде,
Ойланбастан сырыңды ақтарасың.



Тілеуіңді тілеуге жарамаған
Қоғам сенің бағыңды қаламаған.
Жоғарылап кеткенің кімге қажет?
Қызметіңді ел құтқа баламаған.



Қателеспе, бағымды сынаймын деп,
Адал болып бәріне ұнаймын деп.
Күндес, бақас жолыңды аштырмайды,
Ойласаң да, абырой жинаймын деп.



Оған қайтып үзілмес емешегің,
Кіші түгіл, сөз ұқпас ересегің.
Жұрттың бағын қызғанып іші тарлар,
Өзінің де құртады келешегін.



Құлдығымен бас иіп басекеге,
Замандастар жалғаннан рас өте ме?
Бақталас боп қайтейін, денім сауда,
Кез келгенмен түсемін бәсекеге.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу