21.04.2025
  327


Автор: Нұрлан Бекмырзаұлы

Алданған ару

 


     Теледидар қарап отырған анасының тізесіне басын қойып еркелеп жатқан  Салима есік алдына келіп тоқтаған көлік үнін естіп, орнынан еріне тұрып, терезе пердесін ашып көрді.Анықтап  қарағанымен,ешкімді танымады.Анасына таңдана қарап:


    -Апа, бізге қонақтар келді, -деді де, өз бөлмесіне кіріп кетті.


    Бұл қонақтар, марқұм әкесі Смағұлдың ескі достары еді. Күләш оларды қуана қарсы алды. Дастархан жайып,қонақасын берді.Өткен-кеткенді еске алып,ұзақ отырды.Сөз барысында қонақтар  Салимаға құда түсе келгендерін айтты.


    Қонақтар кетісімен Күләш қызын шақырып алып:


-Бұл кісілермен әкең көзі тірісінде жақсы араласушы едік.Еліне сыйлы,қарапайым жандар.Енді жас емессің,жігітпен кездесіп көрсең қалай болар екен? -деп еді,Салима:


-Оқуымды тәмамдаймын,әзірге тұрмысқа шықпаймын,-деп бір-ақ кесті.


     Салима институтты бітіре салып, Шымкенттегі мектептердің біріне орыс тілі пәнінің   мұғалімі болып жұмысқа орналасты. Пәтер жалдап тұрды.Жұмыс бабымен жүрген Алматылық Бейсенмен сол жылы танысқан. Екеуі де бірін-бірі ұнатып,көп уақыт өтпей ұнату сезімдері махаббатқа ұласып бір отбасы адамындай бірге тұрып жатты.


      Арадан үш ай откенде Салима аяғының ауыр екенін сезді. Бейсеннің Алматыда әйелі және екі  баласы барын, мұнда жұмыс бабымен ғана жүргенін сонда білді. Шарасыз қалған Салима Бейсеннің «Мен әйеліммен ажырасамын,сенімен тұрғым келеді.Балаңды алдырып таста, келесі жылы мен саған үйленемін» деген сөзіне жас баладай сенді.Арадан жыл өткенде Салима тағы жүкті болып қалды. Бұл жолы Бейсен  «Алматыға барып келемін» деген желеумен  бір жолата кетіп тынды.


       Алданғанына анық көзі жеткен Салима еркек атаулының бәрін  жек көріп кетті. Салима  іші шығып,аяғы ауыр екені сырт көзге біліне бастағанда ақысыз демалыс алып,амалсыз елге оралды.Қызының жүдеу жүзіне қарап, басына түскен қиындығын сезген  Күләш оңашада қызын сөзге тартты. Салима көз жасына ерік беріп, бар шынын айтты.Бауырларының білмеуін өтінді.


      Күләш жұрттың қаңқу сөзінен қорқып,қызын аудан орталығында жалғыз тұратын әпкесінің үйіне ертіп алып барды.  Салима  айы-күні жетіп, сонда босанды.Ер бала екен.Бір жетіден соң Күләштің әпкесі құдайдан тілеп, балаға зар болып жүрген бейтаныс бір әйелді ертіп келді. Салиманың көңілі босап,құрсағын жарып шыққан періштедей сәбиін соңғы рет иіскеп,бөгде жанның қолына еріксіз тапсырды. Омырауы сыздап,сәбиінің жылаған дауысы құлағынан көпке дейін кетпей қойды.


        Салима өмірдің мәнін жоғалтып алғандай күй кешті. Бөлмесінен шықпай отырады да қояды. Опасыз дүниеден жеңіліс тауып,еркекке алданғанын шын сезініп,өз-өзін кінәлап,қор тұтты.Қатты жиіркенді.


2002 жыл




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу