Өлеңдер ✍️
САҒЫМ АРМАН
Сағынышым сағымдай бұлдыраған,
Уақыт мынау тоқтамай құлдыраған.
Күй кешкенмін қалқиған айдалада,
Сияқты жалғыз қалған тұлдыр баған.
Қара тасы тағдырдың кімді ұрмаған,
Түнек басып, өмірден күнді ұрлаған.
Жұмбақ беріп бұл тағдыр шешімі жоқ,
Алдыңғы өмір белгісіз бұлдыр маған.
Тағдыр сағын адам жоқ сындырмаған,
Кейде байлап арманды шынжырлаған.
Бақ бере ме қайғы ма, тағдыр шешер,
Көп болса да алдында іс тындырмаған.
Бұл өмірде кезің аз сын қылмаған,
Тұңғиыққа батырар шұңғыл жағаң.
Қалың мұңға батырып, жан қинайсың,
Сезім үнін естіртіп сыңғырлаған.
Жан емес ем, пайдасын қақшып өлер,
Сордан бағы болдым ба, тапшы келер.
Жетімсіреп көңілім мұңға толған,
Жоғалтқандай бір затты жақсы көрер.
Қауқар кетер демеспін шағым келді,
Аса алмастай мәстекше шағын белді.
Ісі ме екен тағдырдың сынамаққа,
Елес қылған жеткізбес сағым көлді.
Еркін Оралбайұлы 5.09.2018
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇