Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
18.02.2025
134
ОУ ЖҮРЕГІМ
Оу жүрегім, тоқтамашы, тоқтама,
Сезім үшін түсесің-ау отқа да.
Мейірімге бөлеп кейде, қуантып,
Ренжисің-ау болмашыға, жоққа да.
Алқынғандай беу жүрегім, шаршама,
Шарқ ұрғандай бәз біреуді аңсама!
Бақыттысың, біле білсең, сенсіз де,
Бақытсыздар бұл жалғанда қаншама!
Дегбірімді тауыспашы алаң боп,
Сені қолдап жүретұғын адам көп.
«Жалғызбын» деп қайғы-мұңға салынба,
Сеніменен күресетін шамам жоқ.
Орындалар бар аңсаған арманың,
Қуаныштан арайланып таңдарың.
Оу жүрегім, соғысыңнан жаңылма,
Сезінгендей мына өмірдің бар мәнін.
Біле алмасам тірлігімнің бағасын,
Сен мен үшін қалтырайсың, тоңасың.
Әр күніңді бағаласаң аялап,
Сонда ғана өрден бақыт табасың!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇