Өлеңдер ✍️

  18.02.2025
  167


Автор: Жібек Ысқақова

АДАМДАРДЫҢ БЕЙНЕСІ

Өмір солай, күн санап толығамыз,
Неше түрлі адаммен жолығамыз.
Дос боламыз шын сеніп кейбірімен,
Тілеулес боп, гүл егіп жолына біз.
Біреу келер қасыңа шын дос болып,
Екіншісі өзімшіл, құр дос болып.
Бірі келіп кетеді, енді бірі,
Амалсыздан қасыңда жүр дос болып.
Бір көргенде жанашыр боп тұратын,
Биік етіп жүрердей достық атын.
Кішіпейіл жандар бар, мейірімді,
Жақсыларды жақсыға қостыратын.
Біреулердің жүзінен нұр төгіліп,
Күлімдеген көзінен күн көрініп.
Көпшіліктің алдында мақтайды кеп,
Саған деген құрметі, сый көрініп.
Адамдар бар осындай жаны жайсаң,
Жақсы көріп тұратын көңіл қойсаң.
Біреулері қарайды күліп тұрып,
Көңіліңді түсіріп сәл мұңайсаң.
«Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап»,
«Әуре етеді» — дейді атам, «қулық сақтап».
Дос кейпінде жүретін адамдар бар,
Бұлт үйрілсе басыңа, өтер таптап.
Періштедей күнәсіз күліп тұрар,
Киізіңді ішінен тіліп тұрар.
Көзің тайса сыртыңнан өсектейтін,
Достар да бар арамдық қылып тұрар.
 Екі жүзді пенделер көбейіп тұр,
Алдау, арбау өрісі кеңейіп тұр.
Ақиқаттың ақ жолы тұманданып,
Қозғала алмай орнында сілейіп тұр.
Сыйластық пен бірлікті сорлатады,
Шынайылық сенімді қорлатады.
Уын шашып жүретін кей адамдар,
Тығылып ап тасадан оқ атады.
Кей адамның түпкі ойын білмейсін еш,
Білген кезде қуанып, күлмейсің еш.
Өмір керуен осылай жалғасады,
Бақытты боп әрдайым жүрмейсің еш.
Адамдардың бейнесі міне осылай,
Ақ пен қара аралас, жүр қосыла-ай.
Бірде күннің бейнесі күлімдейді,
Енді бірде түн келер үн қосып-ай!
Өмір жалған, қайтеміз өсекті біз,
Пайда бермес сол бақа есепті біз.
Сыйласайық адамдар, амандықта,
Татулыққа ұсынып кезекті біз.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу