Өлеңдер ✍️

  18.02.2025
  497


Автор: Жібек Ысқақова

КЕЛ ЖАҢА ЖЫЛ, ЖАҢА ЖЫЛ!

Жаңа жыл — жаңа бағыт, жаңа қадам,
Жаңғырады ой сана, жаңа адам.
Есік қағып тұр міне жаңа уақыт,
Көбейсін деп шаттықты, бақытты адам.
Болашаққа сенеміз, асқақ арман,
Тосатындай күлімдеп бақыт алдан.
Сеніміміз сөнбесін, үмітіміз,
Жүректердің түбінен бүршік жарған.
Жаңа жылды тосады бүкіл әлем,
Телефонда үн қатып, беріп сәлем.
Арнап жатар ақ жарма тілектерін,
Көтеріңкі күйде боп көңіл деген.
Сыйластықта үн қатар жүрегіміз,
Жақсылықтан үзілмей күдеріміз.
Жаңа жылды қарсы алып қуанышпен,
Бір болайық жақсылар үнемі біз.
Кел жаңа жыл! — ақ ұлпа қарыңменен,
Қарсы аламын мен аппақ арымменен.
Жүрегімде жалын бар жылытатын,
Жаңа жылдық көңіл-күй, сәніменен
Кел жаңа жыл — жадырасын жанымыз,
Шуақты боп атсын әрбір таңымыз.
Жаңа жылдың сезейік ғажайыбын,
Күлім қағып басымызда бағымыз…
30.12.2023 жыл




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу