Өлеңдер ✍️

  22.11.2024
  238


Автор: Омархан Алтынбекұлы

Рухың бір аунады-ау Заман аға

 


Рухың бір аунады-ау,Тама баба,
Дүр сілкінді той жасап мына дала.
Туған елің ескерткіш қойып жатыр,
Батырысың қазақтың,Заман аға!


Сақталады өр тұлғаң ел есінде,
Елең қылмай дұшпанның жебесін де.
Елің үшін қапыда шейіт болып,
Кете бардың келместің кемесінде.


Қарсы шыққан билікке батыр едің,
Кеттің,аға, қапыда, өкінерім.
Тау тұлғаңды ұлықтап,тастан қашап,
Еңбегіңді бағалап жатыр елің.


Ұмытылмас болған соң адам текті,
Қиын - қыстау басыңнан заман өтті.
Ел бетіне қалайша қарайды екен?
Атып салған жауыздар Заманбекті.


Шындығыңыз түбінде ашылады,
Сен туралы болады ғасыр әні.
Сені атқызған жауыздар бір кездері,
Аға,сенің алдыңда бас ұрады.


Ұмытпайды ешқашан халқың сенің,
Көтереді даңқыңды артыңда елің.
Сен сияқты қорғасын оқ құшақтап,
Іздеп кетті артыңнан Алтынбегің.


Іздеп кетті-ау бір іні бір ағаны,
Сатқындыққа кім қарсы тұра алады?
Ащы шындық бәрібір ашылады,
Қанішерлер сол кезде сұралады.


Дүрбелеңге түсуде қоғам, аға,
Имансыздар қарамас тобаңа да.
Жатқан жерің жұмақтың төрі болсын,
Қосып жүрем қашанда дұғама да.


Келдім арнап өзіңе жыр-әнімді,
Шығып жатса кешіргін сірә мұңды.
Тастан салған ескерткіш құтты болсын,
Бағыштадым өзіңе құранымды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу