Өлеңдер ✍️

  04.09.2023
  112


Автор: Шөмішбай Сариев

«Манас» аралы

Арал теңізінде «Ұялы», «Аван», «Барсакелмес», «Көкарал» − сынды аралдар бар. Соның бірі» теңіздің шығысындағы «Манас» аралы.

Еркелеп өзен тауды асып,
Толқындар ойнап, аунасып,
Сырдарияммен жалғасып,
Қырғыздың Алатауынан
Бас алып аққан арынды,
Өзеннің аты —«Нарын»-ды.
Туысып жатқан қос өзен
Толғантқан менің жанымды.
Теңселтіп, тербеп мол бағын,
Толқындар жырлап, толғамын,
Ағызып тасты, жолда-құм,
Сырдариям арқылы,
Аралға келіп құяды
Арқырап аққан сол Нарын!
Толқында қандай кінә бар,
Тасымай қалай тұра алар,
Туған жердің торқалы,
Топырағынан құралар,
Айдынды Арал маңында,
Теңіздің шығыс жағында
Пайда болған бір арал!
Сонау шақта...
Толқын атып лап қойған,
Бас көтеріп теңіздің
Ортасында қап қойған...
Оған болжам, талас көп,
Сол аралға ат қойған
Менің жұртым «Манас» деп!
Демеңіздер, ағайын,
Бұған тіпті, жоқ негіз,
Жұмыр жер ғой бұдырлы,
Бола бермес теп-тегіс.
Жыршы арал —«Манасты»
Ғасыр бойы қоршап ап,
Құлақ салған көк теңіз!
Ел мен елді қосқандай,
Жер мен жерді қосқандай,
Туыс, бауыр, достардай,
Шыңы заңғар — шырқау мұз.
Алатаудай ажырамас арамыз
Қазақ, Қырғыз — бір таумыз!
Толқын атып талмастан,
Бір — дария,
Бірі — өзен боп жалғасқан,
Тілім — туыс,
Табыстырған ұлы өзен,
Қазақ, қыргыз — бір елміз,
Нарын менен Сырдария — бір өзен!
Қырғыз, Қазақ!
Айналған ел егізге,
Тартпай тұрмас негізге:
«Манас» атты аралмен де мәңгілік
Ұлы тағдыр табысқан-ау теңізде!


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу