Өлеңдер ✍️

  25.06.2023
  98


Автор: Серікбай Оспанов

Әділдігің осы ма еді ел тосқан...

Әділдігің осы ма еді ел тосқан,


Тұлпар қайда,


Сұңқар қайда мен қосқан?!


Елім бар деп еңсем биік жүргенде,


Ызғар болып соқтың неге, желтоқсан?!


 


Жасөспірім жаңада өрген тұлымын –


Жүр қыздарым, шындық іздеп жүр ұлым.


Құдайсыздың құса қылды-ау құрығы,


Шыбын жаным шырқырайды, құлыным!


 


Сақта құдай санасыздан, селқостан,   


Сенімімді серік еттім, желтоқсан!


Көңілімнің мұнарасын құлатып,


Елді неге еңіреттің, желтоқсан?!


 


Ұлы достық, ұлы халық, ел деумен,


Кең жерімде кең ашылды кең кеудем.


Ызғар болып соқпашы енді, желтоқсан,


Жан жарасы жазылмайды емдеумен!..


                                      ***


 


Қайрал, қара қайда да,


Қайдағы бір қаймана,


Қадірлі мен қадірсіз


Қасиетіңді айра ма?!


 


Қастерлетті қарамды,


Құздарымды қар алды.


Қапастарға қапыда


Қасиеттім қамалды.


 


Десті қазақ қараңғы,


Қара жамау жамалды.


Қара перде ұсталып,


Қара кірпіш қаланды.


 


Қара дестік қайыңды,


Қанатымды қайырды.


Маңайымнан жүргізбей,


Ағайыннан айырды.


 


Тапқан табыс таланды,


Қабырғамнан қан алды.


Аспандатты астыртын


Айла мен сан амалды.


 


Қазақ едім –


Домбыра ем,


Қалған шақта соңғы дем,


Шанағымды шаң басқан


Қай жақыным қаға алды?!


 


Ақыл айтса қой деп кім,


Санасызға саналды.


Басқа тілде сөйлеттім,


Басқа адамдай  баламды.


 


Жаспен жудым жанарды,


Жала жасап, жаланды.


Әзірейіл – өз елің,


Әкеңмін деп, жан алды.


 


Жарылқанды жасанды,


Шаш ал десе, бас алды.


Жақсылықтар жасыды,


Жамандықтар жасарды...


 


Ада болған айбыны,


Қасіретті, қайғылы


Шыр айналған дүние,


Шырайланар қай күні?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу