Бөлім: «Мақал-мәтелдер»

   Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”).
   Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.).
Ер — елінде, гүл — жерінде.
Өз елінің иті де қадірлі.
Отан үшін күрес — ерге тиген үлес.
Сағынған елін аңсайды,
Сары ала қаз көлін аңсайды.
Жат жердің қаршығасынан,
Өз еліңнің қарғасы артық.
Отан — отбасынан басталады.
Бұлбұл гүлзарын сүйеді,
Адал адам Отанын сүйеді.
Жауда қалған бұлбұлдан
Отанға қайтқан ит артық.
Отан қадіріне жетпеген
Өз қадіріне жетпейді.
Отан отбасынан басталады.
Отан оттан да ыстық,
Жалыны бар шоқтан да ыстық.
Отан елдің анасы, Ел ердің анасы.
Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас
Ананың ізін қыз басар,
Атаның ізін ұл басар.
Жүзден - жүйрік,
Мыңнан - тұлпар.
Ұлық болсаң — кішік бол.
Бала тәрбиесі бесіктен.
Сабыр түбі сары алтын.
Келінім, саған айтам,
Қызым, сен тыңда.
Күн күркіресе, көп дүркірер.
Адам қайғысы - заман қайғысы.
Балапан ұяда не көрсе,
Ұшқанда соны алады.
Су ішкен құдығыңа түкірме!
Қарағайға қарап тал өсер, Құрбысына қарап бала өсер.
Алдыңғы көш қайдан жүрсе,
Соңғы көш сонан жүрер.