Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  74


Автор: Жанат Әскербекқызы

Күдік боп арбап күндізім...

Әйелден ақын шықпайды
Есенғали



Күдік боп арбап күндізім,
Жанымды жеді түндерім.
Қазақтың таны бір қызын –
Ғайша Бибідей мұңлы едім.
Түңіліп тұрып түн аса,
Түнерген тұсқа үңілгем.
Жыландар келіп жыласа
Жұбатайын деп жырыммен.
Қараң да қалған қасқа күн
Қабаққа келіп қамықты.
Бақытын қайтем басқаның
Тағдыр қалапты тамұқты.
Көне де көне көкшіл күн
Көк мұнар кешіп қол бұлғар.
Көкірек ашып өксірмін
Көгеріп көзім болдым зар.
Қарашық түн боп тұнады,
Көмейді шылар көп өлең.
Әйелден ақын шығады,
Ақынмын десем, не дер ең?!



Өскемен, 1997




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу