Сакен Сейфуллин шығармасы


Ғылыми жоба тақырыбы: Арқаның кербез сұлу Көкшетауы,...

(Көкшетау поэмасындағы таулар сыры)

Жоба жұмысының мақсаты: Көкшетау поэмасындағы тау атауларының аңыздармен сабақтастығын анықтау

Міндеті:

- Ақын өлеңдеріндегі табиғатты суреттеулерін зерттеу, саралау;

- Табиғат сұлулығын адам тіршілігімен байланыстыруын байқау, аялауға үйрену, табиғаттың көркем бейнелерін көре білуге үйрену.;

- Ақынның ойын жас ұрпаққа насихаттау

Жобаның өзектілігі: С. Сейфуллиннің Көкшетау поэмасындағы табиғат суреттерінің адам өмірімен байланыстылығы, бейнелі сөз сұлулығы.

Зерттеу жұмысының ғылыми болжамы: С. Сейфуллин лирикасындағы табиғат суреттерінің өміршеңдігі жоғары, өзінің оқырмандарын рухани байытуға өз үлесін әрқашанда қосады, болашақ ұрпақтың өлеңдерден алары көп екендігін болжадым.

Зерттеу әдістері:

• Ізденіс

• Халық аңыздарын Көкшетау поэмасындағы табиғат суреттерімен байланыстыру

• Жүйелі қорытындылау

І. Кіріспе

Сәкен – біздің ұлттық мақтанышымыз,

ел үшін еңіреген ер, қайтпас қайсар күрескер.

Сәкен – өлеңнен өрнек өрген ақын... (Н. Ә. Назарбаев)

ХХ ғасырдың 20 - 40 жылдары жемісті еңбек еткен қазақ лириктерінің

шығармашылықтарына көз салғанда олардың қай - қайсысының да айналып

өтпейтін нысанасы бар екенін көруге болады. Ол – табиғат. Табиғат

лирикасының алғашқы белгі, нышандарын халық поэзиясынан байқауға

болады. Шындығында да, қазақтың халық поэзиясында табиғат суреті,

жаратылыс көріністері үлкен орын алатыны белгілі. Бұлай болуы заңды нәрсе еді. Кең далада көшіп жүрген, күнделікті өмірі жылдың төрт мезгілінде де кең сахарада, ашық аспан астында, өзен - судың жағасында өтетін қазақтың өзін әрдайым табиғаттың аясында, бауырында отырғандай сезінуі таңғаларлық құбылыс емес. Қай жазушының шығармасын алып қарасақ та, табиғат назардан тыс қалған емес. Табиғаттың атқарар рөлі де әр шығармада әр басқа. Бір шығармада кейіпкерінің қандай екенін көрсетсе, енді бір шығармада мінезін көрсетеді. Келесі бір шығармада табиғаттың жеке - дара өз әсемдігі берілсе, енді бірінде табиғаттың адам ерекшеліктерімен байланысын көрсетеді.

Қазақ халқының ұлы ақыны Сәкен Сейфуллиннің шығармаларының көбі ғажайып табиғат суреттері, қайталанбас сұлу көрініс, өйткені табиғат ақынға қанатты шабыт береді. Ақын өлеңдерінде табиғатты көркем суреттеумен қатар оны қазақ халқының тұрмыс - тіршілігіне, мінез-құлқына байланысты жырлады.

Зерттеу мақсатым: Көкшетау поэмасындағы тау атауларының аңыздармен сабақтастығын анықтау

Міндеті:

- Ақын өлеңдеріндегі табиғатты суреттеулерін зерттеу, саралау;

- Табиғат сұлулығын адам тіршілігімен байланыстыруын байқау, аялауға үйрену, табиғаттың көркем бейнелерін көре білуге үйрену.;

- Ақынның ойын жас ұрпаққа насихаттау

Менің ойымша, менің таңдаған тақырыбым оқушылардың ой - өрісін дамытуға, адамның табиғатпен қандай тығыз байланысы бар екендігіне ықпал тигізеді. Мен Сәкен шығармаларын оқып, зерттей келе, табиғат құбылыс адам тіршілігіне көп әсер ететіндігіне көзім жетті.

Табиғатты ақын өлеңдерінде қалай бейнелеп суреттегенін анықтау мақсатында әр түрлі зерттеу жұмыстарын жүргізіп, көптеген кітаптарды оқып, сараладым. Осылай зерттей келе Сәкеннің табиғатты суреттеген Көкшетау поэмасындағы таулардың аталу сырына көңіл бөлдім.

2. 1. Сырға толы ғажайып өлке

Көкшетау поэмасы 1929 жарық көрді. Бұл кезең советтік өмірдің ең бір белеңді уақытымен шендесіп жатыр. Бұл поэма сынаққа көп ұшырады. Сәкенге бүгіннен алшақтап өткенді аңсадың, өткен дәуірге көңіл бөлдің деген айып тағылды. Осындай жан - жақты қысымға қарамай Сәкен құнды шығарманы дүниеге әкелді. Поэма 4 бөлімнен, 47 тараудан құрылған. Бастала бере Көкшенің әдемі табиғатын көлі мен терегін, қарағайы мен қайыңын, тау мен тасын, ауасы мен суын тамылжыта суреттейді. Табиғат сұлулығына, ел мен жер тарихын, ескі ақындарын, шежіресін қосып сұлулық пен рухани байлық үйлесімділігін жыр етеді. Ақын Оқжетпес, Жеке батыр, Бурабай атаулары жөнінде аңызды ел, жер тарихымен бірге береді. Ақын табиғат сұлулығына адамдар сұлулығын, жер, ел тарихының терең тамырын көркем бейнелер жан дүниесінің ізгілігіне сәйкестендіріп, Көкшенің қадір - қасиетін жерімен, онда тіршілік еткен елімен бірге жырлайды.

Ақынның әйгілі "Көкшетау" поэмасы қазақ жерінің ең бір көркем, сәулетті өңірінің естен кетпес мынандай керемет сұлу суреттерінен басталады:

Арқаның кербез сұлу Көкшетауы,

Дамылсыз сұлу бетін жуған жауын.

Жан - жақтан ертелі - кеш бұлттар келіп,

Жүреді біліп кетіп есен - сауын...

Мен бұл өлең шумақтарынан онда суреттелген мөлдіреген күміс айнадай сексен көлдің аясында, көк мұнарға оранып, көшкен бұлттармен есен - амандық сұрасып, сұлу жүзін әлсін - әлсін ақ жауынмен жуып, нұр жайнаған кербез ару Көкшетау табиғатының көріністерін өз көзімен көріп, жұпар ауасымен рахаттана тыныстап, қалың қарағай, ақ қайыңдарының сыбдырын өз құлағымен естіп тұрғандай әсер аламын.

Поэмадағы лирикалық кейіпкер - Көкшетау. Барлық оқиға «Оқжетпес», «Жұмбақтас», «Жеке батыр» айқын суреттеліп, Көкшетау образын ашып, күшейте түсуге жәрдем береді.

Сыршыл да ойшыл ақын, сұлулық жыршысы табиғатты онда мекендеген адамның көңіл күйімен, жасампаз еңбегімен байланыстыра жан бітіре суреттейді.

Сәкен Көкше аңыздарының ішінен Жеке батыр, Бурабай, Оқжетпес, Жұмбақтас туралы әңгімелерді бөліп алды.[4]

Сәкен ақын жырлаған Көкше. Көркіне көз тоймайды. Сұлулығына сұқтанасың. Туған еліңде осындай жер жаннатының барына шүкіршілік етесің. Көкше өңірі демалуға барған бір топ ақын - жазушыларды осылай бауырына тартты. Тылсым табиғаты құпия сырларына үңілтті. Өңірдің шырайы - шежіре, әр тасы - тарих, айшықты жері - аңыз...

2. 2. Қойнауы аңызға көмкерілген сұлу Көкше.

Сәкеннің «Көкшетау» поэмасы негізінен, Көкшетауға байланысты осындай халық аңыздарына құрылады. Дәл осы тұрғыдан «Көкшетау» поэмасы қазақ әдебиетіне інжу – маржан боп тағылған құнды дүние десек болады.

Ақын поэманың шығармалық сюжетін, адамдардың арасындағы қарым - қатынасқа құрған. Оқиғалар, қақтығыстар, іс - әрекеттер кейіпкерлердің мінезін ашып көрсеткен.

Поэмада Көкшетауға байланысты ел ішінде айтылып, бірден - бірге көшіп келе жатқан аңыз - әңгімелерді жігін ажыратқысыздай ұжымдастырып, ақындық құдіретпен жырлай білген.

Поэманы көкше табиғатының сұлу көркін суреттеуден бастаған ақын, ол туралы ел ішінде толып жатқан аңыздар барлығына назар аударады.

Жеке батыр.

Болыпты баяғыда Жеке батыр,

Тау бағып жатады екен тігіп шатыр.

Бір күні қарауылда қалғып кетіп,

Сол батыр бүгінгіше ұйықтап жатыр.

- иә, табиғат қандай сұлу таудың өзі де батыр бейнесінде ұйықтап жатыр.

Жеке батыр – Бурабай тауының солтүстігінде орналасқан тау.

Бурабай ауданы жерінде. Алыстан таудың нобайы сақтықты ойлап дулығасы мен болат сауытын шешпей мәңгі ұйқыға кеткен сақалды батырдың бейнесін елестетеді. Аңыз бойынша ертеректе алып күш иесі, арманшыл бір батыр осы өңірде өмір сүріпті. Жас кезінде уайым - қайғы дегенді елемей өзінше думандатып өмір сүреді. Ер жеткенде жоқшылық пен халық мұңын көріп, қабағын кірбің шалады. Туған жеріне жоңғарлар мен қалмақтар жиі - жиі шапқыншылық жасап отырған. Ауылдардың шаңын аспанға көтеріп, астан - кестең қиратып, жау әскері төрт - түлік мал табындары мен қорғансыз адамдарды айдап кетеді. Ал ел іші бір - бірімен қалыңдық пен жайылымдыққа таласып, күнде қырқысып, ауыз бірлікке келе алмайды. Бұны көрген жас батыр бәріне қолын бір сілтеп, ауылдан кетуді ойлайды. Еркін жүріп, бақ пен байлық іздегісі келеді. «Мүмкін болса ауылдастарыма жақсылық жасасам сонда олар тынышталар ма еді» – деген оймен кетпекші болып, өзіне болат қылыш пен дулыға, үстіне сауыт соғып киіп, бақыт іздеп жолға шығады. Жол үстінде Жеке батырға басқа ауылдың батырлары жолығады. Олар да бақыт жолына жалғыз шыққан екен. Жаумен бірінші болып қазақ батыры жолығады. Қалың қол оның алдын бөгеп, қоршауға алады. Ол жаумен ұзақ шайқасады. Жау қара масадай құжынап, шегірткедей үймелеп, батырдың үстіне шығып кетеді. Оның көзі көрмей, құлағы естімей қалады. Сонда ғана ол бақыт үшін жалғыз күресудің қате екенін түсінеді, аһ ұрып өкінеді. Алып тұлғалы батыр әл - дәрмені құрып, туған даласына шалқасынан құлап түсіп, тасқа айналады, мәңгілік ұйқыға беріледі. Жеке батыр бетегелі далада тас болып жатыр.[6]

Поэманы оқып отырғанда Сәкеннің негізгі ойы — Көкшенің көркем табиғатын жырлау болғандығын байқау қиын емес. Ол қандай уақиғаны әңгімелесе де Көкшетаудың табиғат байлығымен, көлінің, тауының әсем көріністерімен байланыстырып, соған меңзей отырады. Кейде ол өзінше тауға, шыңға, көлге портрет, мінездеме береді. Жеке батырды ол ұйықтап жатқан батыр күйінде:

Батырдың қырыққа таяу келген жасы,

Денесі биік жота, таудай басы,

Сақалы төсін жапқан, қыр мұрынды,

Киюлі баста жатыр дулығасы,— деп бейнелейді.

Арқада жер жетпейді Бурабайға

Бурабай — Көкшетау қыратындағы тұйық көл.

Ертедегі аңыз бойынша, бұл жерде данышпан ақ түйе - сұлу бура өмір сүріпті. Жануар Көкшетаудың бөктерінде мамыражай кейіпте жайылып, мөлдір көл мен орман бұлақтарынан су ішеді. Ол бір қауіптің боларын сезген сәтте, Көкшенің шыңына шығып, адамдарға қауіптің болатынынан хабар береді екен. Бірде ханның мақтаншақ Қасым атты ұлы садақпен түйені жүрегінен атып, жарақаттайды. Бураның мұң - зары айналадағы жартасты жаңғырықтырып, оның қаны қасиетті көлге судай ағады. Түйе суға жете алмай жантәсілім етіп, тас боп қатады. Содан бері Көкшенің жанындағы үлкен тау (биіктігі теңіз деңгейінен 690 метр жоғары) Бурабай аталып кетіпті.[6]

Бурабай

Мөп - мөлдір Бурабайдың суы күміс,

Көргенде шаршаған жан алар тыныс.

Мінбелеп қоршалаған шымылдықтай,

Қарағай, қайыңмнен қалың жыныс

«Оқжетпес», «Жұмбақтас» аңыздары — Сәкен поэмасының негізгі тараулары. Ақын сол дәуірдің шындығын, ондағы таптық қарым - қатынастарды, ұнамды - ұнамсыз адамдар образдарын да осы тарауларда ашады. Бұл аңыздардың негізі — қазақ пен қалмақтар арасындағы ерте кездегі жауласушылықтың оқиғалары болып табылады. Қазақ ханы Абылайдың қалмақты жаулауын көрсететін бір эпизодты баяндай отырып, автор сол арқылы хандар ісіне халықтық көзқарасты баяндайды.

Сәкен көрші отырған екі ел — қазақ пен қалмақтың ұзақ жылдар жауласып келуінің негізі де хандық құрылыспен, оның басында отырған феодалдардың мүддесімен байланысты деген қорытынды жасайды. Олар халықтың надандығын пайдаланып, сотқарлық қылықтарын іске асырған. Момын, бейбіт екі халықты біріне бірін жау етіп көрсеткен.

Оқжетпес шыңының биіктігін:

Тілдесіп тау мен аспан сүйіседі,

Сәлем ғып бұлттар басын иіседі.

Қиырдан келген қаңғып түрлі бұлттар

Бас қосып тау төсінде түйіседі,— деп суреттейді.

Оқжетпес

Басына атсаң – дағы оғы жетпес,

Иіліп ешбір тауға тәжім етпес.

Сол шыңға жан шықпаған ұя салып,

Шыңқылдап қаршыға мен бүркіт кетпес.[1]

Оқжетпес (биіктігі - теңіз деңгейінен 400 метр жоғары) - Бурабайдың ең көрікті жері. Бұл бірегей жартас Көгілдір шығанақ (Әулиекөл көлінің солтүстік - батысында) жағасында орналасқан. Көптеген көріпкелдер жартастың жанынан еңкейген кемпірдің сұлбасын көрген, бірақ мұндай бейне бәріне көріне бермейді. Атақты ақын, ғалым, саяхатшы Шоқан Уәлиханов Оқжетпес туралы 15 аңыз жинаған.[4]

Аңыздардың бірінде Көкше тауын Үш әпке жартасы мен олардың ағасы Оқжетпес жартасының анасы деп атаған. Олар туған жерді жау шапқыншылығынан қорғаған. Бірде сансыз жау көшпелілерге лап қояды. Үш әпке мен ағасы жаумен ұзақ шайқасады. Күштері қалмаған сәтте олар тас боп қатып, жауларының жолын бөгеген.

Бірінші тас - Үлкен әпке (534 м), екіншісі - Ортаншы әпке (460 м), үшіншісі - Кі ші әпке (434 м), ал жанында конус тәріздес нағыз ердің кейпіндегі шың Оқжетпес тұр. Кейде Оқжетпесті пілге ұқсатады. Шынында, шыңның басындағы алып тас демалып жатқан пілге ұқсайды.[6]

Шынында да «Көкшетау» поэмасындағы Сәкеннің қолы жеткен ең басты табысы — табиғаттың сұлу көркін ерекше ақындық шабытпен әсерлі суреттеуінде. Және автор оны уақиғамен шебер байланыстырады. Көкшетау көрінісі мен ол туралы ақын әсері поэманың тек басында ғана емес, өне бойына еркін сіңісіп, сюжетпен байланыста беріледі. Тіл көркемдігі, суреттеу шеберлігі әрбір жарқын көріністе анық бой тастап отырады.

Жартастың бір жағы шын, бір жағы су,

Тау іші қалың орман, жап - жасыл ну.

Орман да, тау да, көл де ертелі - кеш

Сыбырлап сыңқылдаған бәрі ду - ду.

Алтын күн күміс суға нұрын бүркіп,

Сағыммен көкке ұшады торғындай бу.

Сызылтып әдемі әнін сыңқылдатып

Ертеді балапанын көлде екі аққу.

Бұл — Жұмбақтас суреті. Осы бір шағын үзіндінің өзі оқушының кез алдына үлкен бір әсем өмір суретін жайып салады. Осындай суреттерде ақынның өзінің күй сезімі, ішкі жан дүниесі аса бір сезімталдықпен көрінеді.[3]

Жұмбақтас

Батырлар айнала тұр тас қасында,

Алғандай бір - бір сұлу бас - басына.

Бәйгеге бірі қалмай түспек дағы

Абылай бәсекенің бас қасында.

Жұмбақтас - Әулиекөл (Бурабай) көліндегі Көгілдір шығанақ суында орналасқан биіктігі 20 метр болатын керемет тас арал. Ол шашы желбіреген жас қыздың бейнесін елестетеді. Егер Көгілдір шығанақ жағалауымен жүре берсең, тас қыз біртіндеп қартайып, ақырында көз алдымызда данышпан қарияның кейпі елестейді.

Жұмбақтас - бұл әйел тағдырының, оның жай таппаған жанының символы. Жартас бізден қаншалықты алыс болса, жас қыздың бейнесі соншалықты жас, ал қаншалықты жақын болса, ол соншалықты кәрі. Біздің өміріміздің пәлсапасы да осында.

Аңызға айналған орын бұл. Ол туралы аңыздар бізді Абылай хан заманына сапар шектіреді. Бірде, ол қалмақтарды жеңіп, туған жеріне үлкен олжамен оралады. Тұтқындардың арасында жас сұлу қалмақ қызы болады. Жауынгерлер сұлу қыздың кімге бұйыратынына өзара бәстесіп жатты. Абылай хан оған күйеу жігітті өзі таңдауды ұсынды. Ол Оқжетпес жартасының үстіне шығып, ақ орамалды бекітті де, осы орамалға кім жебесін тигізсе, ол соған жар болатынын жариялады. Жігіттер көп күш сынасты, көп жебе атылғанымен, олардың бірде - бірі шың басына жете алмады. Ашуланған хан сұлуға «жерге түс» деп бұйырады, бірақ ол өздігінше шешім қабылдап, Көгілдір шығанақ суына құлады да, мәңгілік азат болды. Ал біраз уақыт өткен соң, көл ортасында беймәлім жұмбақ жартас - Жұмбақтас пайда болды.[6]

Әрине, ақынның қазақ әдебиетіне сыйлаған керемет дастандарынан талай әсемдік пен сұлулықты, керемет ажарлы сөз бояуын, таң қалдырар керемет образды, оқыс мінездерді кездестіреміз. Сәкен ақын поэмада рең, ажар әсемдігін танытатын сөздерді қолданып, «Еш адам оны барып қия алмаған» таудың тік екенін, оған көтерілу мүмкін еместігін әсерлі бейнелейді.

Көкшетаудан тарайтын тарих пен табиғат көрінісінің қазақ әдебиетіне, поэзиясына бергені де, дарытқаны да ерекше.

ІІІ. Қорытынды.

Н. Ә. Назарбаев: «Сәкен – біздің ұлттық мақтанышымыз, ел үшін еңіреген ер, қайтпас қайсар күрескер. Сәкен – өлеңнен өрнек өрген ақын, қара сөздің сиқырын игерген прозашы. Сәкен – тыңдаған жанның жүрегін тербемей қоймайтын сырлы да сазды әндер шығарған талантты композитор -, деген екен

Мен осы жобаны зерттеу барысында Сәкен Сейфуллиннің Көкшетау поэмасын оқыдым. Оқи отыра көптеген жаңа мәліметтермен таныстым. Ақынның шығармаларынан адам мен табиғаттың үлкен байланысын сездім. Сәкен Сейфуллин жазған Көкшетау поэмасының тәрбиелік мәні өте зор. Біз одан үлкен ғибрат аламыз. Әр сөзі терең ойға, өзіңді, ортаңды тануға, жақсы қасиеттерді бойыңа дарытуға, жаманнан аулақ болуға жетелейді.

Еліміздің өткен тарихы туған елдің әр тасына жазылғандай. Бұл нағыз табиғат лирикасы. Сәкен аңызды баяндағаны болмаса, әрбір қимыл, іс - әрекетке мән дарыта бермейді. Ол көз қуантар табиғат келбетін оқушыға сөз қасиетімен танытады, сүйсіндіреді. Автор тура бір «Көкшетау» деп пейзаждық галерея жасап қойған секілді.

Ақынның сұлулықты сезінуі және соны көзге анық елестейтін құбыла кұлпырған жанды суретке айналдыру шеберлігіне тәнті боламыз.

Сәкен поэмасының композициялық жағы шашыранды, жинақы емес екенін мойындау керек. Ол тұтас бір жүйелі сюжетпен дамымайды, бөлек - бөлек уақиғалар тізбегінен тұрады. Олар — Көкшетаудағы жер аттарына байланысты аңыздар. «Жеке батыр», «Бурабай», «Оқжетпес», «Жұмбақтас» туралы жоғарыда айтылған әңгімелер осыны дәлелдейді. Поэманы оқып отырғанда Сәкеннің негізгі ойы — Көкшенің көркем табиғатын жырлау болғандығын байқау қиын емес. Ол қандай уақиғаны әңгімелесе де Көкшетаудың табиғат байлығымен, көлінің, тауының әсем көріністерімен байланыстырып, соған меңзей отырады. Шынында да «Көкшетау» поэмасындағы Сәкеннің қолы жеткен ең басты табысы — табиғаттың сұлу көркін ерекше ақындық шабытпен әсерлі суреттеуінде. Және автор оны уақиғамен шебер байланыстырады.

Ал, орыс жазушысы Галина Серебрякова Сәкен ақын туралы былай деген: «Мен Сәкенді жақын білдім, дос тұттым, бұны өзіме мәртебе көремін... Алатаудай сымбатты заңғар тауды мен жер жаһанда көрген емеспін! Қазақстан – байтақ өлке, құнарлы жер, мыңғырған мал да сонда, қазыналы кен де, тасқындаған өзендер мен сұлу таулар да осында. Ең бастысы, онда табиғат артықша етіп жаратқан талапкер жұрт бар, мен таныған С. Сейфуллин Қазақстанның бір бөлшегі сияқты».[3]

Сонымен, шын ақындық қуатпен жазылған шығармалар, әсіресе поэма - дастандар қазақ поэзиясына Сәкеннің қосқан үлкен еңбегі еді. Сол туындылардың қадір - қасиеті уақыт озған сайын құрметтеле береді, жаңа ұрпақпен табыса береді. Өмірінде бұралаң жолы көп болған, бірақ ақындығымен жарқырай көрінген азаматтық тұлғасы, бізге айтқан ой - пікірі, таным - бірлігі мен көзқарасы кейбір кезеңде қарама - қарсы болғанымен шын дарынның тарихтағы ерекше орнын, халқым деп көп көңіл бөліп кеткен жүрегін біз ұмытпаймыз.

Табиғат туралы жырларының қазіргі өмірде өзектілігі сонда табиғатты сақтай, қорғай отырып, экологиялық мәселелерді шешуге болатындығын әрбір адам ескерсе, нұр үстіне нұр болар еді деп ойлаймын

Бұл дипломдық, курстық немесе ғылыми жұмысты өзіңіз жазуға көмек ретінде ғана пайдаланыңыз!!!



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Пікір жазу