«Киіз үй – көптеген көшпелі халықтардың негізгі баспанасы»


Кіріспе бөлім

«Киіз үй – көптеген көшпелі халықтардың негізгі баспанасы»

Негізгі бөлім

  • «Киіз үйдің түрлері мен құрылысы»
  •  «Қазақтың киіз үй жабдықтары және киіз үй бұйымдары»

Қорытынды

Пайдаланылған әдебиеттер

І. Жұмыстың сипаттамасы

Ғылыми жұмыстың мақсаты: киіз үйдің тарихы мен бүгінінің байланысын сезіну, оларды зерделеу, толық баяндау, жәдігер ретінде сақтап қалудың шешімін қарастыру және деректермен бекіту.

Ғылыми жұмыстың міндеттері:

  • Киіз үй түсінігін ашып көрсету;
  • Тарихи қолданысын дәлелдеу;
  • Жәдігер ретінде қолдану аясын кеңейту:
  • Болмысты, табиғат пен қоғамды тануға қажет деректерді мазмұндай білу.
  • Алдына қойылған сұраққа немесе мәселені шешуде оптимальды (жылдам, сенімді және дұрыс) жауап беруге дағдылану, ұмтылу.
  • Осы мақсатты ескере отырып, дүниетанымдық қызығушылығымды арттыру барысында ойлау қабілетімді дамыту үшін әртүрлі деректерге қатысты мәліметтерді жинақтауды жүзеге асыруды жөн көрдім.

Жұмыстың өзектілігі

Халыққа білім беру жүйесінің барлық буындарына соның ішінде бастауыш және орта буынға, зор жауапкершілік жүктейді. Өйткені білім мен тәлім тәрбиенің негізі бастауыш мектепте қаланады.

Қандай да болсын пәнді, соның ішінде бастауыш және орта мектептегі гуманитарлық пәндерді оқытып-үйрету арнайы мақсат көздейді.

Халықтың бүкіл мәдени - шаруашылық - тұрмыстық болмысы оның этнографиясында көрініс табады. Ұлттық этнографиясын білмей оны тану қиын. Сондықтан бүгінде ұлттық құндылықтарға бет бұру жағдайында халықтың дәстүрлі мәдениетіне үлкен мән беру.

Жұмыстың ғылыми жаңалығы

Қазіргі таңда жылма жыл тариха жәдігерлер азайып бара жатыр. Көненің көзі болған асыл мұрамыз Киіз үйді ұлықтай отырып, қолданыс аясын кеңейту.

Зерттеу әдісі

Бұл жұмысты жазу барысында ғылыми әдебиеттермен жұмыс, жинақтау, жүйелеу, түсіндірмелі әдістер, зерттеулер қолданылады.

Кіріспе бөлім

«Киіз үй – көптеген көшпелі халықтардың негізгі баспанасы»

Киіз үй – көптеген көшпелі халықтардың негізгі баспанасы болған. Арғы Сақ, Ғұн заманынан бері қазақ халқы да киіз үйді сан мыңдаған жылдар бойы өзінің төл баспанасы етіп келді. Мыңдаған жылдар бойы жинақталған тәжірибе негізінде қалыптасқан киіз үйдің құрылысы бірнеше бөліктерден тұрады.

Киіз үй қазақтың өз өміріндегі ұстанар салты мен дәстүрінің де таңбасы, белгісі. Оның дүниетанымының, сан ғасырлық мәдениетінің жарқын айғағы. Өйткені қазақ халқының салт-дәстүрінің көпшілігі осы киіз үйге байланысты. Киіз үй, ең алдымен, оның иесінің байлығын, тұрмыс жайын білдіреді. Оның екі, үш қанаттан бастап он екі, он сегіз, отыз қанатқа дейін жететін түрлері болған. Ал киіз үйдің керегесінің басы 70-тен 360-қа дейін барады. Ауқатты қазақтардың киіз үйлері, әлгіде айтқандай, үлкен және өте бай жиһазды өрнектермен безендіріледі.Оларды ақ орда, алтын орда, алтын үзік деп атаған. Одан басқа киіз үйлердің алты қанат ақ боз, қоңыр үй, қара лашық, күрке отау, итарқа т.б. атаулары бар. Киіз үйлер өзінің мәдени-тұрмыстық, шаруашылық жағдайына байланысты да үш түрге: 1) жаздыгүні тұруға арналған, 2) мереке-жиын кезінде қонақ күтіп алатын және 3) жорық кезінде тігілетін киіз үй болып бөлінеді. Жолаушылар мен жорықшылардың тігетін үйлерін абылайша, ақ қос, қос, қаңқа, (арбаның үстіне тідгілетін үй), жарық үй деп атаған. Сондай-ақ құрым киізден, қамыстан, шиден киіз үй тектес үйшіктер мен күркелер салынатын болған. Бұлар, көбіне, қақыранемесе қалқа деп аталған да, жаугершілікте, майдан шебінде далада, жауын-шашыннан қорғану үшін тігілетін болған.

Киіз үйдің негізгі қаңқасы – кереге, уық, сықырлауық, шаңырақ – киіз үйдің сүйегі деп аталады. Олар бір-бірімен бау-басқұрлармен біріктіріліп таңылады. Оның сыртынан ши тұтылады да, киіз әбзелдер (туырлық, үзік, түндік, киіз есік) жабылады. Бұлардың әрқайсысының өз орны бар: туырлық керегеден уықтың ортасына дейін, үзік кереге басынан шаңыраққа дейін, түндік шаңырақты, ал киіз есік сықырлауықты жауып тұрады. Бау-басқұрлар  киіз үйдің сүйегін ұстастырып қана қоймай, сыртқы киіздерін де бастырып тұру мақсатында қолданылады.

Киіз үйдің сыртқы әбзелдері күн сәулесі мен тамшы өткізбеген, жылу сақтаған.

Оларды жасау қазақтың киіз басу, өрнек жасау өнерін тереңдете түскен. Бұл әбзелдерді ақ тоқтының жүнінен басылып, пісірілген шаңқан ақ киізден пішкен, тіпті кейде киіздің түсін ағарта түсу үшін бор да қосатын болған. Оюлап пішілген ақ киізді өрнекті жіппен жиектеген немесе мақпал мен шұғадан ою бастырған. Ал киіз үйдің бау-басқұрлары әшекей өрнекпен көмкеріліп, түрлі-түсті жіппен тоқылатын болған.

Соңғы ғасырдың аяқ шенінде қазақ мемлекетінің тәуелсіздік алуына орай,  ұлт мәдениетінің де жанданғанын жақсы білесіздер. Қазақтың қасиетті киіз үйі де ұлт

мәдениетінің бір көрінісі ретінде  қайта дәріптелді. Жер-жерде ата-бабаларымызға арналып беріліп жатқан астар мен өткізіліп жатқан ұлан-асыр тойлардың сәні қазақтың сән-салтанаты мен ұлттық дәулетін көрсететін осы киіз үйлер болуда. Әсіресе алғаш рет 1991 жылы Абылай ханның асында тігілген Торғай ордасы деп аталған киіз үйдің даңқы айрықша болды.  Кейіннен оның көлемі 12 қанаттан 18 қанатқа дейін ұлғайтылып, Есет батырдың, Шақшақ Жәнібек батырдың, ұлы Абайдың тойларында  қайта тігілді. Бұл киіз үйдің биіктігі 8 м, ішіне жүздеген адам еркін сияды. Осындай сән-салтанатты қазақтың киіз үйлері – ұлтымыздың мақтанышы.

Негізгі бөлім

  • «Киіз үйдің түрлері мен құрылысы»

Киіз үйдің қазақы және қалмақы деп аталатын екі түрі бар.

Қазақы үйлер дөңгелек, толық күмбезді болады да, қалмақы түрінің төбесі шошақтау келеді.

Қазақы үйлер пайдаланылуына, сән-салтанатына қарай бірнеше түрлерге бөлінеді. Мысалы, қара үй (үш қанат), қоңыр үй (4 қанат), боз үй (5 қанат), ақ үй (6 қанат), ақ ала орда (8 қанат), ақ орда (12 қанат), ақ шаңқан (18 қанат), алтын үзік (24 қанат), алтын орда (30 қанат) деп аталатын түрлері бар. Сол сияқты көшіп-қонуға, уақытша паналауға немесе шаруашылық, жұмыс ретінде бейімделген үй түрлері болады. Олар қос, абылайша, күрке, кепе, итарқа, жаппа, жолым үй, ас үй, қалқа деп аталады. Жаңа үй болған жас шаңырақты «отау» дейді.

Киіз үйдің іші 4 бөлімге бөлінеді:

1. Төр. Мұнда жүк жиналады, қонақтар орналасады. Бұл – киіз үйдің жоғары әрі сыйлы орны. Жас келіндер бұл жерде отырмайды.

2. Сол жақ (кіргенде оң жақ) – үй иесінің отыратын және жататын орны. Босаға жақта азық-түлік, ыдыс-аяқтар тұрады. Оны шимен жауып қояды.

3. Оң жақта (кіргенде сол жақ) балалар орналасады. Босаға жаққа қарай ер-тұрмандар, киімдер ілінеді.

4. От орны қасиетті орын болып саналады. Мұнда от жағылады, қазан асылады.

Киіз үй негізгі 3 бөліктен құралады:

1. Үйдің сүйектері (ағаштан тұратын бөліктері).

2. Киіздері (ши де осыған кіреді)

3. Бау-шулары (баулары мен басқұр, арқандары).

Киіз үйдің қазақ өмірі мен әлеуметтік жағдайына үйлесімдігі сондай, оны үлкейтіп, кішірейтіп, тіпті бір-біріне қосып, екі-үш бөлмелі етіп тігуге де болады. Туырлықтан жазда ыстық, қыста суық, жауында су өтпейді. Кейде қыстан киіз үймен шығатын қазақтар туырлықты екі қабат етіп жабады. Үй іргесін шөппен бітеп, айналасын қамыспен шалылап қоралайды. Көбінесе қопалы, қамысты жерді паналайтындықтан, жел де көп болмайды.

Міне, осындай үйде ел даңқын асырып, намысты қолдан бермеген данышпандарымыз бен батырларымыз туып, өскендігін мақтанышпен айтуға болады. Әсіресе Керей, Әз Жәнібек, Тәуке хан, хан Абылай, Кенесары, ұлы Абай,

ғұламалар Ахмет Байтұрсынов, Қаныш Сәтпаев, Мұхтар Әуезовтердің кіндігі осы киіз үй ішінде кесілген. Әрқашан қоныс аударғанда таза жерге тігілген үйдің саф ауасы аспан, жер, сумен астасып, қасиетті қара шаңырақтың киесі, мүмкін, осындай ұлылардың көкірегіне нұрлы сәулесін құйған болар.

Қазақ өмірі мен мәдениетінің, әлеуметтік жайының бір түйіні киіз үй мен төрт түлікке байланысып жатады. Сәлемі, киімі, ыдысы, салт-дәстүрі де осыған келіп саяды. Сондықтан да олар бұған лайық қанатты сөздер, ырымдар, әдеттер, тыйымдар, аңыздар да шығарған.

Киіз үй берік ағаштан (қайыңнан, талдан) жасалады. Оларға құрт түспейді, басқа ағаштар сияқты тез шірімейді. Талдың керегеге қажетті жуан, жіңішкесін таңдап алуға да болады.

Үйдің сүйегін үйшілер жасайды, оны «үй басу» дейді. Қажетті ағаштар 6 ай, кейде бір жылдай көлеңкеде кептіріледі. Мезгілі жеткен кезде үйшілер бұл ағаштарды қажетінше жонып, морға, қозға (ыстық қоламтаға) салып балқытып, тезге  салып түзетіп алады. Олар үй сүйегіне лайықталған ағаштарды жонып, түзетіп шауып, қырнап болғаннан кейін, оны тағы морға салып, кереге, уыққа, күлдіреуішке лайықтап ырғаққа (қалыпқа) салып, белгілі бір үлгі, жобаға келтіреді де, оны құрастыра бастайды.

Кереге киіз үйдің негізін құрайды. «Керегең кең болсын» деген тілек осыдан шыққан. Өйткені үйдің берік болуы, кеңдігі осы керегеге  байланысты. Кереге құрайтын ағаштарды желі, оның ұзынын ерісі, қысқаларын сағанақ, балашық деп атайды. Желілердің басы мен аяғына әдемілік үшін ойып, сызықтар (ыру) жүргізеді. Желілерді тесіп, түйенің мойын терісі немесе өгіздің бас терісінің сірісі (қайыстары) арқылы көктейді. Керегенің басы мен аяқ жағы сәл шалқайтыла, ал ортасы дөңестеу жасалады. Дайын керегені қанат деп атайды, яғни 18 қанат үйде 18 кереге болады.

Кереге көзінің үлкен-кішісіне қарап торкөз, жел көз деп бөледі. Торкөзді кереге әдемі әрі берік болады.

Киіз үйде есік екеу болады: ішкі есік – сықылауық-ағаштан жасалады, екіншісі – киіз есік – киізден жасалады, ол сықырлауықтың сыртынан жабылады. Киіз есік ашық күндері маңдайшаға дейін шиыршықталып жиналып қойылады, жай күндері күн түспес үшін, оның бір жағы бақан арқылы ашық тұрады.

Ағаш есік маңдайша, екі босаға, табалдырық және екі жарма есіктен құралып, керегеге бекітіледі. Керегелер бір-біріне таңғыш құр арқылы жалғасады. Кереге бастары арқылы тартылатын бас арқан маңдйшаның екі жағына мықтап байланады. Үйдің барлық ауырлығын ұстайтын, беріктігін сақтайтын бас арқан. Сәндік үшін бас арқан тұсынан және кереге басы туырлықты қажамас үшін басқұр жүргізіледі.

Уық – кереге мен шаңырақ ортасын қосатын негізгі бөліктің бірі. Уық алақан, иіні, қары және қаламы деген атаулардан тұрады. Ол иінінен ішке иіле жасалады, яғни үйдің  күмбезді үлгісі осы уықтан басталады. Уық алақандағы уық бау арқылы кереге басына байланып, қаламы шаңырақтың қаламдығына сұғылады. Қалам мен қаламдық төртбұрышты қырланып, ойылады. Мұндай уық берік болады, әрі ауып, қисайып кетпейді. Қанат санына қарай уықтың саны да, ұзындығы да өсе береді. Әр үйде көлеміне қарай 60-160-тай уық болады.

Шаңырақ – киіз үйдің қасиетті, киелі мүлкі. Қазақтың көптеген жақсы сөздері осыған байланысты айтылады. Шаңырақ «үй, отбасы» деген мағынаны да білдіреді. «Шаңырағың биік болсын» деген тілек бар. Киіз үй шаңырағы тоғын, күлдіреуіш, кепілдік деген бөліктерден тұрады. Тоғынды, яғни шеңберді, қайыңнан оюлап, өрнектеп жасайды, жиілеп қаламдық ояды. Күлдіреуіш шаңырақ күмбезін жасайды. Кепілдік күлдіреуіштің орнынан қозғалып кетпеуі үшін қызмет етеді.

Үйші үй сүйегін толық жасап болғаннан кейін, оны қызыл түсті жосамен немесе қызыл, көк бояулармен бояйды. Егер үй қайыңнан жасалса, оны өсімдік майымен майлайды. Ол ағашқа піл сүйегі түстес өң береді, әрі оған су сіңбейді.

«Қазақтың киіз үй жабдықтары және киіз үй бұйымдары»

Салтанатты ордалардың шаңырағын, уығын, кереге басын, маңдайшасын оюлайды, өрнектейді. Ауқаттылар күміспен, сүйекпен, мүйізбен әшекейлейді.

Үй сүйегі әзір болған соң, оның киіздері жасалады. Киіздері кереге бойына туырлық, шаңыраққа дейін үзік, шаңырақты жабатыны түндік және киіз есік деп аталады. Олар қойдың ақ күзем жүнінен басылады. Ертеректе қазақта қой көп, сондықтан киіз үйге қажетті материал жеткілікті болған. Міне, осы жүннен үй киіздері дайындалады. Қазақ даласында жүннің көптігі сондай, 25 мың қойы бар қызылжарлық Қосшұғыл деген бай қойдың жабағысымен құрт қайнатады екен. Оның әзірлеу, дайындау, пішу жолдары ұзақ бір ғылыми этнографиялық шығармаға лайық. Киіздер құр, баулар арқылы тұтылады. Олар туырлық бау, түндік бау, үзік бау, жел бау деп аталады. Туырлық пен үзіктердің өзара айқасатын жерін жабық дейді.  Туырлық пен үзік баулары кестелі, оюлы жалпақ құрдан жасалып, үйге көрік беріп тұрады. Киіз сыртынан жел көтермес үшін екі белдеу арқан тартылады. Үйге қолданылатын арқан түрлері де көп.

Шаңырақта желбау деп аталатын ою-өрнекті, 4 шашақты бау болады. Ол желді күні шаңырақты  бастыруға, көшкенде байлауға аса қажет. Жай күндері үйге әсемдік, көрік беріп тұрады.

Үй киіздерін әзірлеп болғаннан кейін, оны ақ  бормен немесе күйген сүйекпен борлайды. Бұл әдемі ақ түс береді, әрі киіздердің берік болуына, су, жылу, суық өтпеуіне едәуір әсер етеді.

Киіз үйдің бір бөлшегі – кәдімгі ши. Оны жүнмен орап, кілем, текемет түсіндей оюлармен безендіріп тоқиды. Оны шым ши дейді, ораусыз шиді ақ ши дейді.  Ши кереге мен туырлықтың екі ортасына келеді. Оның әсемдікке әрі жылылыққа әсері мол. Сондай-ақ ши тұрғанда  сырттан құрт-құмырсқа, кесіртке, жылан тағы басқа жәндіктер кіре алмайды.

Қазақтың киiз бұйымдары   Киiз басып, одан алуан түрлi дүние-бұйымдар жасау қазақтың ең ежелден келе жатқан қолөнерi. Киiзбен үйдi жапқан, жерге төсеген, керегеге керген. Сол киiзден кебеже, сандық қаптайтын әбдiреқаптар, ыдыс-аяқ салатын аяқ-қаптар жасаған. Одан кебенек, киiз қалпақтар мен киiз байпақ тiккен. Ер тұрманның терлiгi мен тоқымы, тебiнгiсi киiзден болған. Тағы басқа да тұрмысқа қажеттi бұйымдарының көбiне киiздi қолданған. Киiзден жасалған дүниелердiң көбi негiзiнен киiз үйдiң iшiн

безендiруге арналған. Қазақтың қолданбалы әсемдiк қолөнерiнiң үлгiсi болатыны да осы заттар. Олардың арасындағы неғұрлым кең тарағандары:Киiз – ақ немесе басқа түстерден басылған, киiз үйдiң жабуына қажеттi туырлықтар, түндiктер және шаруашылыққа қажеттi бұйымдар жасайтын жұмсақ жүн;Текемет – киiз үйдiң iшiне төселетiн жайма киiз;Сырмақ – басылған киiздiң бетiне екi түрлi өрнек, бояумен жиектелiп, жұқа жүннiң үстiне матамен сырылып жасалатын төсенiш кiлем;Сырдақ – киiздiң үстiне алуан түстi жүн жiптермен кестеленiп тiгiлген төсенiш кiлем;Тұс киiз – киiздiң үстiне барқыт қиындыларымен жапсырыла тiгiлiп, өрнектелген қабырғаға iлетiн кiлем. Киiзден киiм тiгу үшiн арнайы әппақ жүн таңдалып алынады. Оны мұқият тазалап, жуып, сабаумен түтедi, содан соң одан жұқа киiз басады. Кейде оның кiшiксiз әппақ болуы үшiн, бор қосып, қайнататын болған. Жүндi бояу үшiн қазақтар ХІХ ғасырдың ортасына дейiн әр алуан өсiмдiктердiң тамырларынан қайнатылған тұнбаларды және минералды тұздарды пайдаланған. ХІХ ғасырдың екiншi жартысынан бастап Қазақстанға анилин бояулары әкелiне бастады да, ол бiрте-бiрте табиғи боямаларды ығыстырып шығарды. Киiз үйдiң бүкiл iшiн алып жататындай аса үлкен, ауыр текеметтердiң бетiне ақ, қызыл немесе көкке боялған, iрi өрнектермен иректелiп басылған жұқа жүн тартылады. Оның дайындалуы, киiздiң үстiне басылу техникасы сырмаққа қарағанда неғұрлым жеңiлдеу болғандықтан да ою өрнектерi кейде басылған киiздiң түсiмен астасып, графикалық кескiндерi шашыраңқы келедi. Осының өзi оған ою өрнектiң жалпы түспен үйлескен жеңiлдiгiн бередi. Оюдың бiр желiсiн жүргiзушi шебер неғұрлым алуан түстi етiп көрсету үшiн кезек-кезегiмен түрлi түстi жүндердi жиi қосып отырған. Оны қай түстi бояуының басымдылығына қарай әр түрлi атайды, мысалы сарала текемет, қарала текемет, қызылала текемет т. с. с.Сырмақ – мозаика техникасымен жасалған киiз кiлемнiң бiр түрi. Сырмақ жасау өнерiнiң терең тамыры халық шеберлерiнiң ұрпақтан ұрпаққа жеткiзiп отырған, ежелден қалыптасқан дәстүрiнде жатыр.Мұнда бәрi бiртұтас келiсiм тапқан. Мозаикалық техниканы пайдаланудың өзi, яғни, жүннiң бiр түсiнiң екiншi түспен қабыстыра жиектелiп сырылуы кiлемнiң төсенiш ретiнде қолданылуына сай келедi. Мұндағы ою өрнек киiздiң бетiне бiркелкi сырылып, оны мезiлсiз тозудан сақтайтын болғандықтан, бұл жерде жапсырудың да, кестелеудiң де қажетi жоқ. Сырмақтар тозбайтын мықтылығымен ерекшеленедi. Жақсы сырылған сырмақтар 50 жылдан астам уақытқа дейiн шыдас бередi. Оған қоса, сырмақ сыруға жүн өте аз мөлшерде пайдаланылады. Сiмер оюшы бiр түстi жүндi екiншiсiнiң үстiне салады да, өзiнiң ойына алған өрнегiн жасайды. Және сол өрнектiң екi жақ шетiн бiрдей жиектей келiп, ортасын сырады. Одан соң ақ жүнге қара, не қоңыр, я болмаса керiсiнше қоңыр түске ақ жүн қапсырылады. Сонда

сырмақтың өрнектелген бетiнде екi түрлi үйлесiмдi түс пайда болады. Бiрiнiң үстiне бiрi салынған жүндердi қабыстыра келiп, астындағы киiздiң бетiне салады да, оны жиiлеп сырады. Және ол салынған ою өрнекпен жиектелiп, бiрге сырылады. Түрлi түстi жүндердiң қосылған тұсындағы тұйық желiсiне бояулы жiп тiгiледi. Жалпы сырмақтар ұстамды, сабырлы сұңғаттылығымен ерекшеленедi. Егер текеметтерде көбiнесе жануардың болмысын ойға салатындай оюлар қолданылса, сырмақтарда өсiмдiк нышандарын бейнелеу басым. Сырмақтың орталық алаңы бар, ол өрнектермен бөлiнедi де, көбiнесе ешкi жүнiмен шашақталып, әдiптеледi. Әдетте оларды шашақты сырмақ деп атайды. Қазақтың қабырғаға iлетiн кiлемдерi – түскиiздерi, тiк бұрышты жалпақ киiз бетiне қызыл және қара барқыт немесе шұғамен күрделi өрнектелiп, кестеленген әдемi өнер туындысы. Түскиiздi қазақтар әдетте керегеге керiп, төсектiң тұсына iлген. Оның «түскиiз» аталуы да «тұс» деген түбiрден шыққан. Ол киiз үйдiң iшiне сән берiп, әрi суықтан қорғаған. Оны жасауға мозаика, өрнектеп жапсыру және кестелеп тiгу тәсiлдерi қолданылған. Алғашқы екi тәсiлмен жасалған түскиiздер iшкi түзу бұрышты жиектеген П әрпi тәрiздi кескiнмен көмкерiлген. Оның өрнектелуiне зооморфтық, яғни хайуанаттар болмысы және өсiмдiктердi бейнелейтiн нышандар бiрдей пайдаланылған. Кестеленген түскиiздер өзiндiк өрнектерiмен және композициялық шешiмдерiмен ерекшеленедi – орталық алаң қашанда жиектелген өрнек арқылы тұйықталған және онда алуан түрлi өсiмдiктер нышаны басым. Ал, кестеленген түскиiздердiң ең басты ерекшелiгi өрнектер алдымен матаның (барқыт, шұға, мақта-мата кездемелерi) бетiне кестеленiп безендiрiледi де, содан соң барып, киiздiң бетiне тiгiледi. Мозаикалық және өрнектеп жапсырылған түскиiздер Шығыс, Оңтүстiк шығыс, Орталық және Оңтүстiк Қазақстан аудандарында, сондай-ақ, Батыс Қазақстанның кейбiр аймақтарында кездеседi.Киiз қапшықтар, ыдыс-аяқ салатын аяқ қап, кебеже, сандық салатын әбдiрақаптардың тұрмысқа пайдалы болғандығынан да киiз үйдiң iшiн әдемiлеп, көркем безендiруде алатын орыны ерекше маңызды болды. Бұл жиһаздар көркемдiгiмен көз тартады.Жұқа ақ киiздiң бетiне еркiн орналасқан ою өрнек үлкен киiз кiлемдердегi қатаң тәртiппен жүйелi салынған күрделi кестелеулерге қарағанда жеңiлдiк, әдемiлiк және талғампаздықты сездiредi. Қазақтың киiзден жасалған бұйымдарының көптеген түрлерiн, олардың дайындау техникасын, ою өрнек сырларын және бояу түсiнiң шешiмдерiн сараптай келгенде,

киiз басу және өңдеу өнерi ұрпақтан ұрпаққа барған сайын жетiлдiрiле отырып, қазақтың халық шеберлерiнiң қазiргi жоғары дәрежедегi ұлттық өнерiн қалыптастырды деп қортынды жасауға болады.

Киіз үйдің ішкі баулары:  Киіз үйдің сүйегін бір-бірімен ұластыру мақсатында бау-құрлар қолданылады.  Таңғыш – екі керегенің сағанағын (жігін) кіріктіріп таңатын өрнекті жіңішке құр.  Бас арқан – керегенің басын сыртынан бастыра орап таңатын қыл – арқан.  Шалма – уықтарды ығып кетпеуі үшін шалмалап байлайтын құр. 

Желбау – өрнекті, төгілме шашақты құр, шаңыраққа үш жерден байланып, керегеге асылады, киіз үйге сәндік жиһаздық сипат береді.Оның негізгі міндеті – дауыл кезінде шаңырақты салмамен басып тұру.   Басқұр – киіз үйдің ішін безендіру үшін, әр туырлықтың кереге басына үйкелмеу үшін уық пен керегенің түйіскен жерін сыртынан бастырып тағатын, өрнекті жалпақ құр.  Үзік бау – үзіктің екі жиегінен екі немесе үш жерден айқастыра тартып керегеге байлайтын жалпақ терме бау.  Бел- бау – туырлықтың керегеге тығыз жатуы және жел көтеріп кетпеуі үшін сыртынан бастырып буатын қыл арқан. Киіз үйдің шилері.  Кереге мен туырлық арасынан айналдыра тұтылатын шилер туырлықты кереге көгінің жылуынан қорғап, киіз үйдің сырт пішінін жұмырлай түседі. Қой жүнін бояп, әшекейлеп орау арқылы тоқылған шиді шым ши деп атайды. Ши кейде тамақ қоятын сол жақ босағаға да тұтылады. Киіз үйдің сыртқы жабдықтары – күн сәулесін және тамшы өткізбеу, жылу сақтау қызметін атқарады. Оларды пісірген ақ шаңқан киізден пішіп, ою - өрнектермен безендіреді.  Туырлық – керегенің іргесінен уықтың ортасына дейінгі жерді, үзік кереге басынан шаңырақ шеңберіне дейінгі аралықты жауып тұрады.  Киіз есік – сықырлауықты жауып, шаңырақ арқылы өткізіп байланады. Киіз есіктің сыртқы киіз, ортасы ши, астары жарғақ теріден жасалады.  Түндік – шаңырақты, киіз есікті туырлық шетін бастыра жабылады. Түндіктің төрт бұрышына түндік бау байланады. Түндікті ық жақтан қайырып ашады, әйтпесе жел көтеріп, желпіп кетуі мүмкін. 

Үй жиһаздары.  Абажа – тамақ пен ыдыс-аяқ сақталатын кебеженің үлкен түрі. Ағаштан жасалып, киізбен, былғарымен қапталған.  Кебеже – сүр ет, құрт, шай салып сақтау үшін ағаштан жасап, өрнектеген үй жиһазы.  Әбдіре – зат сақтайтын үлкен сандық. Сырты қаңылтырмен әшекейленіп қапталады.  Ағаш төсек – жату үшін пайдаланатын үй жиһазы.  Асадал- тамақ пен ыдыс-аяқ сақталатын кебеже.  Жастықағаш – ерте кезде жастықтың астына салынатын ағаш тиянақ.  Адалбақан – киім ілуге арналған үй жиһазы.  Жүкаяқ – үйде жүк астына қоятын ағаш зат.  Сандық – киім-кешек т.б. зат салуға арналған үй жиһазы. Төсеніштер: Алаша – әр түрлі түске боялған жүннен тоқылған төсеніш. Көп мәнерлі өрнектер түсіріп тоқиды.  Бөстек – малдың не аңның жұмсақ терісіне киізден астар салып жасалынады.  Киіз – қой жүнінен, еденге төсейтін төсеніш.  Сырмақ – киізден сырып, оюлап жасалған төсеніш. Ақ-қара киіздер бөлек-бөлек даярланып бір-біріне беттестіріп, қиюластырып тігеді.  Түскиіз – сәндік үшін төсектің тұсына тұтатын үй бұйымы. Киіз үстіне барқыт, шұға, жібектерден ою-өрнектер тігіледі.  Қоржын – екі жағын тең етіп тоқыған, не құрап тіккен зат салатын дорба.  Аяққап – ыдыс-аяқ салатын қапшық. Екі бетін киізден тігіп, бетін ою-өрнек салып не кестелеп әшекейлейді.  Көрпе – матаның арасына мақта немесе жүн салып тіккен жамылғы. Көрпенің астары жай матадан, тысы асыл матадан тігіледі. Егер көрпе тысын мата қиындыларынан құрап тіксе «құрақ көрпе» делінеді.  Ақ дастархан – ас қоюға арналған мата төсеніш. Дастарханды кейде «ақ жаулық» деп те атайды. Дастарханның шетін сырып тігеді, не шашақ тағады.  Қазақтың ұлттық киімдері, қолөнері көне заман тарихымен бірге дамып, біте қайнасып келе атқан бай қазына.   Айыр қалпақ – аса қымбат матамен тысталып, ішіне жұқа киіз немесе қалың мата салынып сырылып тігілетін ер адамдардың бас киімі. Сыртында өсімдік тектес өрнек салынып, алтын жіппен зерленеді. Оны ертеде, негізінен, хан – сұлтандар салтанатқа киетін болған.   Оқалы немесе зерлі шапан – қымбат матадан жағасы мен өңіріне зер салынып, арқасы мен етек жеңі оқалы жіппен өрнектеліп тігілетін сырт киім. Арқасына күн тәріздес дөңгелек өрнек, өн бойына өсімдік тектес оюлар салынады. Ертеректе мұндай шапандарды хан – сұлтандар, ауқатты адамдар киетін болған.   Жарғақ шалбар. Иленіп, әбден өңделген жұқа теріні қазақтар «жарғақ» дейді. Қызғылт түске боялып, түрлі – түсті өрнек салынған жарғақ теріден тігілген шалбарды «жарғақ шалбар» деп атаған. Бұл сәнді киімді кезінде батырлар, бектер мен билер, сал – серілер салтанатқа киген.   Кимешек – жасамыс (егде) әйелдер киетін бас киім. Ол өн бойы көкіректі жауып тұратын тұтас матадан тігіледі. Ақ матадан бет жағы ойылады. Жағы, өңірі оқаланып кестеленеді. Төбесіне сәндік үшін шылауыш немесе күндік сияқты ақ мата оралады.   Камзол – шапанға қарағанда ықшам, қысқа, көбінесе жеңсіз немесе қысқа жеңді болып келетін әйелдің сырт киімі. Салтанаттарға киілетін камзолдар аса қымбат маталардан белі қыналып, өңірі мен етегі түрлі өрнектермен кестеленіп өрнектеледі. Зергерлік, бұйымдарды атап шығайын. Алтын, күмістен жасалған білезік, сақина, тұмар, шолпы, алқа, сырға, белдік т.б. Күміс бұйым тағу тазалық, адалдық символы болған, сол себепті әрі әсемдік үшін таққан. 

Киіз үй атаулары :

Абылайша: Керегесіз, уықтан тігілген шағын киіз үй.

Ақ шаңқан үй: Сүттей ақ, аппақ киіз үй.

Ақтағыр: Екі қанатты, екі үзікпен жабылатын шағын киіз үй.

Жаппа: Керегесіз, киізбен жабылған баспана.

Жолым үй:  Уыққа киіз жауып, уақытша тігілген шошақ үй.

Қара құрым үй:  Киізінің тозығы жеткен, ескі үй.

Қара үй:  Киіз үйді кейбір жерде қара үй деп атайды.

Қараша үй: Қоңыр түсті, жыртық, тесік, ескі үй.

Орда: Еңселі, салтанатты киіз үй.

Отау: Ұлға енші беріп, бөлек шығарған киіз үй.

Төңқайма: Бірнеше уықпен ғана көтерген киіз үй.

Ұраңқай:  Уық тәрізді сидам ағаштардан басын түйістіріп тігілген киіз үй.

Қорытынды:

Ілияс Жансүгіровтің «Қазақ үйдің тұрмысы» атты шығармасы бүгінгі біздің зерттеу жұмысымыздың қорытынды бөлімі болмақ:

Ақ үйге алты қанат келсем кіріп,

Босаға, маңдайша мен табалдырық,

Кереге алты жапсар, алпыс уық,

Шаңырақ, күлдіреуіш оған жуық.

Құр, таңғыш, басқұр, арқан екі аяқ бау,

Төрт ірге, есік жабық, ши, туырлық,

Он бес бау, ішкі - сыртқы белдеу, желбау,

Түс киіз, көрпе, шай шымылдық,

Текемет, жастық, шапан, кілем, сырмақ,

Алаша, бешпент, көйлек, шәлі, берік,

Самаурын, үстел, кесе, шәйнек, шәугім,

Кәдеге, сандық, кебеже, ақ түндік,

Патнос, шелек, мосы, адалбақан,

Ұстара, қайрақ, тарақ, бақан, сырық,

Шылапшын, аяқ, қасық, қазан, ошақ,

Жүкаяқ, шкаф, пышақ, айна, орындық.

Тәрелке, ожау, шөміш, саба, торсық,

Ұршық, біз, балға, көсеу, қап, ине, жіп,

Сым, шалбар, жейде, дамбал, кебіс, байпақ,

Дастарқан, тақия, ішік, белбеу, белдік,

Ер - тоқым, жүген, тартпа, айыл, қамшы,

Құйысқан, үзеңгі, ішпек, өмілдірік,

Аяққап, тұз баспағы, сабын, сақар,

Ірімшік, жәшік, қоспа, май, қымыз, құрт,

Айран, ұйтқы, ашытқы, көже, саумал,

Ұн, тары, бидай, сұлы, сұр мен шұжық,

Жүн - жұбыр, қыбыр мен тері-терсек,

Келі, келсап, пышақ,аша, күрек,

Ат, қалта ноқта, бұйда, үскі, кілт,

Сыпыртқы, сүлгі орамал, қырғы көнек,

Жайнамаз, қалам, қағаз, дорба, сауыт,

Домбыра, тұтқыш, гармонь, шаппашот, тұлып

Машина, кергіш, қайшы, ілгек, шамдал,

Кепсер, қақпақ, саптыаяқ, тәспі, құлып,

Асыл тас, ақық, меруерт, маржан, үкі,

Бастырма, ілгек, жүзік, сақина, шоқ,

Кимешек, шүберек, сағат, құран кітап,

Темекі, қант, қағаз шай, шелек,

Асық, шақпа, шалғы, орақ, бұрғы, қашау,

Желі арқан, көген, тоқпақ, жылқы құрық.

Басқа түрлі жабдығын санай алмай,

Сыртқы үзігін көрмекке кеттім шығып.

Халықтың бүкіл мәдени - шаруашылық - тұрмыстық болмысы оның этнографиясында көрініс табады. Ұлттық этнографиясын білмей оны тану қиын. Сондықтан бүгінде ұлттық құндылықтарға бет бұру жағдайында халықтың дәстүрлі мәдениетіне үлкен мән беріліп отыр.

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

  • Кенжеахметұлы С. К – 30 Қазақ халқының салт – дәстүрлері. – Алматы: «Алматыкітап баспасы» ЖШС, 2010. – 312 бет, суретті. ISBN 978 – 601 – 01 – 0374 – 0
  • «Ол кім ? Бұл не ?» энциклопедиясы
  • «Жас ғалым» журналының топтамасы 2015-2017 ж
Бұл дипломдық, курстық немесе ғылыми жұмысты өзіңіз жазуға көмек ретінде ғана пайдаланыңыз!!!



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Пікір жазу