Қазақстан географиялық атауларын зерттеу


Аннотация

Тойшыбек Бейбарыстың «Қазақстан географиялық атауларын зерттеу» деген тақырыптағы ғылыми-зерттеу жұмысында Қазақстанның жеріндегі жер-су аттарының зерттелу тарихына, оларды топтау, топонимдерінің қалыптасу кезеңдеріне шолу жасай отырып, республика аумағындағы бүгінгі күнге дейін өзгертілген жер-су, елді мекен атауларын жұртшылыққа кеңінен таныстару мақсатында қысқаша қызғылықты әңгімелер мен өзгертілу себебі туралы мағлұмат беріп отыр. Бұл игі іс болашақта да жалғасын таппақ.

Мазмұны

  • Кіріспе 2
  • Қазақстанның жер-су аттарының зерттелу тарихы 4

  • Географиялық атауларды топтау (классификациялау) 9
  • Қазақстан топонимдерінің қалыптасу кезеңдері 14
  • Атаулардың шығу тарихына қызғылықты әңгімелер келтіру 19
  • Қорытынды 22
  • Пайдаланған әдебиеттер 23

Кіріспе

Мектепте география, биология, тарих т.б. сабақтарда географиялық атаулар барлық тақырыптарында күнбе-күн кездесіп отыратыны белгілі. Географиялық атауларды білу-картаны оқып білудің негізі. Өкінішке орай, қазіргі таңда бұл мәселе дұрыс жолға қойылды деп айту қиын. Көпшілік жағдайда географиялық атауларды құрғақ жаттаумен шектеледі. Бұл жаттату білім бола алмайды. Осы жаттаған атауларды тез ұмытып немесе шатастырып аламыз.

Ал, Қазақстан топономикасы жөнінде бізді ғылыми зерттеу жұмысына баулу, олардың әрқайсысын өзі туған ауылы мен ауданның географиялық жер атауларының тарихымен, яғни о бастағы байырғы елді мекен атауларының әртүрлі кезеңдерде орын алған саяси-әлеуметтік жағдайларға байланысты басқа атаулармен ауыстырудың нақтылы себептерін танып біле алатындай, оларды өзінше талдап, пікір жүргізе алатын дәрежеге көтеру керек. Әуел бастан қалыптасқан тарихи елді мекен атауларының өзгеру, бөгде атпен өзгеру, мүлде жойылып өшіп кету немесе сырттан зорлықпенендірілген бөтен тілдегі атаулармен алмастыру процестеріндегі басты себептер, негізінен әр кезеңде жүргізілген отаршылдық саясатпен тікелей байланыста жататын әлеуметтік құбылыс екенін оқушыға шыншылдықпен, нақтылы деректі айғақтармен ашып көрсетудің танымдық мәні ерекше.

Географиялық атауларда халықтың тарихы және тарихи география жөнінде қыруар бай материал, құнды деректер сақталған. Олар жер астында тұнып жатқан қазба байлық немесе археологтарға сирек кездесетін құнды көне заттар іспеттес. Демек, оның қойнауында замандар бойы сақталған, талай ғасырдың куәсі болған сол-тарихи атаулар бар. Сондықтан да халықпен бірге өмір сүріп келе жатқан атаулар тіл арқылы өткен тарихымыз жайлы көп мәлімет аларымыз сөзсіз.

Бұл күнде әрбір тілдің сөздік қорындағы географиялық атауларды ғылыми жүйеде зерттеуге үлкен мән беріліп отыр. Кезінде қазақтың жер-су атауы жөнінде халқымыздың заңғар жазушысы М.О.Әуезов: «Біздің қазақ-жер аты, тау атын әманда сол ортаның сыр-сипатына қарай қоя білген жұрт. Қайда қандай бір өлкеге барсаңда жер-су жапан түзде кездескен кішкене бұлақ атының өзінде ханшама мән-мағына, шешілмеген құпия сыр жатады»-деп өте орынды айтқан.

2

Әрбір мекен-жай, халық, қала атаулары белгілі-бір халықтың тарихына қатысты болғанын ондағы жер-су атаулары мұра болып танылады. Осы жер-су атаулары арқылы сол жерде өмір сүрген халық, тайпа, ру туралы мағлұмат аламыз. Қазақ даласындағы елді-мекен атауларының ұзына-бойғы тұрқына назар аударсақ, біздің ата жұртымыздың өткендегі қанды тарихында, басқыншылық, отаршылдық жорықтардың, саяси-идеологиялық мақсаттағы саясаттардың түрлі қатпарлы іздері жатыр. Халқымызда «Жердің аты- тарихтың хаты» деген аталы сөз бар. Атамекен атаулары атадан балаға, ұрпақтан – ұрпаққа ауысып отыратын асыл қазына, тарихи жәдігер.

Ғылыми жұмысты жазу барысында А.Әбдірахманов, Е.Қойшыбаев, Ә.Мурзаев, Ә.Бірмағамбетов, Т.Жанұзақов, Е.Керімбаев, т.б. еңбектері басшылыққа алынды.

Алға қойған мақсатқа байланысты төмендегідей міндеттерді шешу:

а) Қазақстан жеріндегі топонимдердің шығу, пайда болу, даму жолдарын талдау;

ә) топонимдерді топтарға жіктеу;

б) Қазақстан жер-су аттарын шолу;

в) Қазақстанның жер-су атауларына қатысты қызғылықты әңгімелер қарастыру;

Ғылыми жұмыс кіріспе мен негізгі бөлімнен, қорытынды және пайдаланылған әдебиеттер тізімнен тұрады.

Ғылыми жұмысты жазу үшін монографиялық еңбектер, ғылыми мақалалар, мерзімді баспасөз бетінде жарияланған мақалалармен қатар Қазақстан Республикасының Ұлттық Академиясына жиналған «хабарлармен» қатар, Қазақстанның масштабы 1:2 500 000 болатын физикалық картасы, саяси- әкімшілік карталары, Қазақстан Республикасының 2 томдық атласы пайдаланылды.

3

Қазақстанның жер-су аттарының зерттелу тарихы

Жер бетінің бедеріне ат қою адамзат қоғамымен бірге туып, ежелден келе жатыр. Жер-су аттары немесе географиялық атаулар арнаулы ғылыми әдебиетке топонимдер деп аталатыны белгілі. Ал географиялық атаулардың шығу тегін, қалыптасу заңдылығын, мағынасын, грамматикалық құрылымын география мен тіл біліміне ортақ ғылым саласы- топонимика зерттейді. Топономика гректің «topos» - жер, орын, «онома»-атау, есім, ат деген сөздерінен алынған. Ол өзен, су, құдық, бұлақ, көл, теңіз аттарын (гидронимдер); тау, сай-сала, қарат, жоталар, асулар, орман, тоғай, жайлау (оронимдерді); елді-мекендердің аттарын (ойконимдерді) жан-жақты зерттейді.

Қазақстан жер көлемі жөнінен дүние жүзі мемлекеттерінің ішінде 9-шы орын алады, яғни ұлан-байтақ Қазақстан жерінде миллиондаған жер-су аттары бар. Сол жер-су аттары қашан және қалай пайда болған?

Мыңдаған өзендерге, көлдерге, тау-төбелерге, қалаларға, ауылдарға кімдер ат қойған? Географиялық атауларда қандай сыр жатыр?

Міне, осындай сұрақтар ғалымдарды ғана емес, өз халқының өткен тарихын білуге құштар ынтызар әрбір саналы азаматты толғандырмай қоймайды.

Географиялық атаулардың шығу төркіні, олардың аталу себебі адамдарды ерте заманнан-ақ қызықтырып келеді. Кейбір географиялық атаулардың аталу тарихы тым арғы дәуірге барып тіріледі.

Көне дәуірде адам өзінің сөз қорының аздығына байланысты географиялық объектілердің түр –түсіне, ерекшелігіне орай сипаттама бере алмаған, сол себептен орай ол өзенді де, көлді де, теңізді де жалпы түрде «су» деп, ал шоқы, қырат, сілемдерді бір сөзбен «тау» деп атаған деген пікір айтады ғалым Э.М.Мурзаев. Белгілі ғалым А.Гумбольдт «Орталық Азия» деген кітабында таулардың және өзендердің «су» деген мағына білдіреді-деп жазады.

Қазақстан территориясына қатысты жер-су аттары Герадот, Страбон, Птоломей, Плиний еңбектерінде, ежелгі саяхатшы, жиһанкездер мен елшілердің Марко Поло, Земарос Каликийдің жазбаларында кездеседі. Көне жер-су аттары орыс жылнамаларында, араб географтарының еңбектерінде, Қазақстан жерін басып өткен Батыс Еуропа

4

саяхатшыларының, елшілерінің (Плано Карпини, Андре Лонжюмо, Вилгельм де Рубрук) жазбаларында кездеседі.

Сол тарихи документтерде кездесетін жер-су аттарын жинап, реттеп, оларға ғылыми талдау өте күрделі де қызықты іс.

Орта Азия мен Қазақстан жеріндегі өмір сүріп, тіршілік еткен ертедегі тайпалар жайлы біздің заманымызға дейінгі грек, парсы, араб және басқа ел ғалымдарының еңбектерінде айтылады. Олардың өзі де әр түрлі бұрмаланып, адам ажыратып алмастай өзгеріске ұшыраған.

Македония ғалымдарының жазбаларында Қазақстан географиялық объектілері туралы деректер ұшырасады. Орта Азия мен Қазақстанның ұлы өзені Сырдарияны олар бірде Дон (грекше Танаид, Танаис), бірде Яксарт деген.

Рим ғалымдары Страбон және Птоломей де жазды. Мәселен, Птоломей Окс көлі (қазіргі Арал теңізі) туралы жазған. Көне грек және рим тарихшыларына, географтарына Қазақстан жерінің Каспий теңізінің төңірегі, Арал теңізінің маңы және Сырдария бойы жақсы мәлім болған.

Қазақ жері туралы құнды деректерді араб саяхатшылары да қалдырған. Солардың ішінде Ибн- Хордадбектің, Ибн-Хаукальдың, Ибн-Рустанның, Әл-Истархидің, Әл-Макдисидің, Әл-Масудидің, Әл-Идрисидің еңбектерін атап өткен жыл.

Ибн-Хардадбек «Кітаб ал-масамек ва-л-мамалик» жазасында Фараб (Отырар), Талас өңірі жөнінде әңгімелейді. Талас атырабы көшпелі өмірге ыңғайлы екенін айтады.

Монғол шапқыншылығы кезінде қазақ жеріне қатысты географиялық мәліметтер беретін еңбектер жоқтың қасы дерлік. Дегенмен Мухаммед Джувайни, Фазалаллах Рашид-ад-дин еңбектерінде қазақ жеріне қатысты географиялық атауларды кездестіруге болады.

Он үшінші ғасырдан бастап Еуропа елшілері мен саяхатшылары қазақ даласының үстінен өтіп бара жатып, жазған жазбаларында сол жерлер туралы кейінгі көптеген құнды, қызықты деректер қалдырған.

Монғолияға 1253 жылы сапар шеккен француз саяхатшысы Вилгельм де Рубрук Еділден өтіп, 12 күн жол жүріп, Ягар (Жайық) өзеніне жеткенін, бұл үлкен өзен Паскажир (Башқұрт) елінен ағатынын, Каспий теңізіне барып құятынын өзінің «Шығыс елдеріне саяхат» деген кітабында жазады.

5

Рубрук сапар шеге отырып, Жетісу еліне жетеді. Қайықпен Іледен өтіп, өзеннің арғы жағындағы егіне жайқалған тегістікке тап болады. Сол кең далада балшықтан соғылған көне қалалардың қалдықтарын көреді.

Қазақстан жеріндегі біраз атауларды он төртінші ғасырда жазылған Мухаммед Хайдар Дулатидың «Тарихи Рашиди» деген еңбегінде кездестіреміз. Мухаммед Хайдар қазіргі Балқаш көлін Көкшетеңіз деп атаған. Хайдар Мухаммед Хайдар өмір сүрген кезде, яғни он төртінші ғасырда, Тараз қаласы Яны деп аталған, ол сол қаланың тұрғындарын Янылық деп аталғанын, «Тарихи Рашиди» кітабынан білеміз.

Қазақстан топонимдері-құрамында басқа тілдерден енгендердің ішіндегі ең жаңа тобы-орыс топонимдері.

Он сегізінші- он тоғызыншы ғасырларда Қазақстанның көптеген жерлерінде, жаңа қоныстанушылардың келуімен байланысты ірі бекіністер салынып, селолар мен деревнялар саны көбейді. Оларға жаңаша ат қойылды. Мысалы: Қарқалы-1824, Ақмола-1832, Верный-1854, Атбасар-1848, Аягөз-1831, Баянауыл-1833, Қапал-1850 жылдары салынғанын тарихи деректер көрсетеді.

Бұл дәуірдегі қазақ жерінің топографиясы, тарихы мен этнографиясы орыс оқымыстыларының еңбектерінен ерекше орын алды. Әсіресе, Қазақстанның ұлан-байтақ жері, оның сан мыңдаған жер-су атаулары орыс мемлекетінің географиялық картасынан (17-18 ж.ж) тиісті көрініс тапты.

Орыс география қоғамының басшылығымен өткен ғасырларда Қазақстан жеріне жиі-жиі экспедиция жіберіліп отырды. Осы тұста еңбек еткен П.П.Семенов-Тянь-Шанский, Н.А.Северцов, И.В.Мушкетов, В.В.Радлов, Л.Мейер, М.Красовский, А.И.Добромыслов, А.Левшин, Н.Аристов сынды ғалымдардың географиялық, тарихи-этнографиялық зерттеулерінің маңызы аса ерекше.

Қазақстанның жер-су аттарын арнаулы зерттеу жұмыстары қазақтың тұңғыш ғалымы Шоқан Уәлихановтың еңбектерінен басталады. Оның есімі география тарихында қазақ даласын, Орта және Орталық Азияны тұңғыш зерттеушілердің бірі ретінде енді.

....Шоқанның ғылыми еңбектерінде Қазақстан топономикасы мәселелері де қарастырылады. Шоқан өзінің жазбаларында географиялық атаулардың шығу тегіне аса көңіл бөліп, оларға түсініктеме береді, ал атаулар туралы халық арасында тараған аңыз-әңгімелерді келтіреді.

6

Кейде географиялық атаулардың дұрыс жазылу формаларын табу үшін олардың әр түрлі транскрипцияларын қарастырады.

Шоқан – қазақ жерінде кездесетін монғол және қалмақ тілдеріндегі географиялық атауларға көңіл аударып, түсініктеме берген тұңғыш ғалым. Қазіргі кезде шығу тегі ұмытылған «Қоғам» атауы жайында Ш.Уәлиханов былай деді: «Қаратұрықтан Шелекке бара жатқанда сол қол жақта сулы сай бар, оны қазақтар Қорам деген батырдың моласына байланысты атаған».

Қазақстан топонимдері революциядан бұрын негізінен екі салада сөз болды.

  • Қазақстанда болған ғалымдар, саяхатшылар, географтар қазақ топонимдерін жазып алып, оларды картаға, ғылыми әдебиетке енгізді. Сол кезде кейбір адамдардың географиялық атауларды орыс тілінде транскрипциялауға мән бермей картаға, әдебиетке бұрмалап енгізуі салдарынан осы күнге дейін сол алалықтан арыла алмай келеміз. Бұған қарамастан, орыс тілінде дұрыс жазылып жүрген географиялық атаулар да аз емес.
  • Географиялық атаулар Орта Азияны және Қазақстанды зерттеуші үлкен ғалымдардың еңбектерінде сөз болды. Мысалы, профессор П.Мелиоранскийдің «Памятник в честь Кюль-Тегина» дейтін еңбегінде 6-7 ғасырдағы орхон – енисей жазуы, ондағы географиялық атаулар да сөз етілді.

 Қазан төңкерісінен кейін Қазақстан топонимикасының зерттелуі, негізінен 1939 жылдан басталады.

 Географиялық атаулар мүмкіндігінше картаға түсірілгенде, нақты қазақша түрде, ал мүмкіндігі болмаған күнде қазақ атауларына жақындатып берілуге тиісті.

 Қазақстан жер-су аттары әр түрлі тарихи кездерде пайда болғанын тілдік жағынан талдау жасаған фиолог ғалым А.Әбдірахманов Қазақстан жеріндегі атауларды мынадай топқа бөліп қарайды.

 а) Алтай дәуіріндегі атаулар

 (Алтай, Алтынемел, Жем, Ертіс, Сайрам, Сілеті т.б.)

 ә) Көне түркі дәуіріндегі атаулар

 (Алматы, Жамбыл, Ырғыз, Маңғыстау, Отырар, Орал, Іле т.б.)

 б) Көне қазақ тіліндегі атаулар

 (Бөген, Бұқтырма, Қарқаралы, Мұзарт, Қапал, Құйған т.б.)

 

  7

 

 в) Жаңа қазақ тіліндегі атаулар

 (Қаратау, Ақсу, Миялы, Жерсуат, Еңбекшілер, Көксу т.б.)

 д) Басқа тілден енген атаулар

 Иран тілдерінен: Бадам, Талғар, Ленгер, Шымкент, Ангрен, Фараб т.б.

 Араб тілінен: Қазалы, Суяб т.б.

 Монғол тілінен: Баянауыл, Дегерес, Нарын, Зайсан т.б.

 Угор тілінен: Мұғалжар, Өлкейек, Сургут т.б.

 Орыс тілінен: Кереку, Үйшік т.б.

 Атаулардың тарихи кезеңге қарай бөлінген топтарына қарасақ олардың әр дәуірде қойылғанын байқаймыз.

 Қазақстан топонимдері өздерінің құрамы, құрылымы, компоненттерінің тіркесу сипаты және тілдік бітімі жағынан Е.Қойшыбаев мынадай бес түрлі қабаттардан қалыптасқанын атап жазады:

 а) Ежелгі тілдер элементтерін сақтап келе жатқан тым көне қабаттар

 ә) Шартты түрдегі түркі-монғол тіл бірлестігі элементтерін сақтап келе жатқан көне қабаттар.

 б) Түркі тіл қабаттары немесе түркі тілдер семьясы құрамының ерекшеліктерін көрсететін қабаттар.

 в) Осы күнгі түркі тілдері ерекшеліктерін көрсететін қабаттар.

 г) Орыс тілі негізіндегі топономикалық қабаттамалар –деп бөледі.

 Географиялық атауларды зерттеу тарихында академик Қ.И.Сәтбаевтың деректерін айта кеткен жөн.

 «Мыңшұңқыр? Демек, бұл жерде байырғы кен қазба орындары болған». «Қаратас. Халық ұғымында бұлай деп темірдің барын меңзеді». «Көктас. Бұлай аталған жерде мыс бар деп топшалауға болады». «Алтынтапқан атауы-алтынның бар екенін аңғартады. Әрине тегін емес». «Жезқазған. Демек, жез өндірілген жер деген сөз. Дәл аталған» «Жыланды. Түсті металл рудасы бар өңір болу керек».

 Комплексті зерттеу нәтижесінде жер-су аттарының көне қабаттарын, тарихи құбылыстарды басқа тілден енген атауларды және этимологиясын анықтауға болады.

 Топонимика мәселелерімен көп уақыттан бері әр түрлі ғылым өкілдері шұғылданып келеді, сондықтан да оның барлық ғылымдар үшін бірыңғай және универсалды методы болған жоқ. Топонимдерді географтар, тарихшылар, тіл мамандары т.б. өз қажетіне қарай зерттеді, өз

8

мақсатына пайдаланды.

Жер-су аттары-халық қазынасы, халықтық өткен өмірінің айнасы. Оны қалай болса солай өзгертуга болмайды. Сондықтан жер-су аттары үкімет тарапынан қамқорлыққа алынып, оның зерттелуі мәселелеріне бағыт-бағдар беріліп отыру қажет екендігі туралы қорытынды жасалды.

Географиялық атауларды топтау

 (классификациялау)

 Қазақстандағы ірі объектілік топонимдердің аталуында да жалпы топонимдердің аталуындағы сияқты белгілі заңдылық бар. Өйткені, топонимдер кейде кісі, я ру атына, немесе өсімдік, жануарлар дүниесіне, объектінің түр-түсіне, қасиетіне немесе сол объектіні басқа бір затқа ұқсатуға, теңеуге байланысты аталған. Осындай заңдылықты дәлелдей отырып, А.Әбдірахманов географиялық атаулардың мағыналарына қарай бірнеше түрге бөлінеді.

 

  • Өсімдік атына байланысты атаулар.

 Қазақстан- ертеден мал шаруашылығымен шұғылданған ел. Ондай елдердің топонимдері өсімдіктердің, жануарлардың аттарымен аталуы заңды құбылыс. Өйткені, малдың негізгі қорегі-шөп. Мысалы: Қаулы, Қаудантал, Миялы, Өлеңті, Жантақты, Құрайлы, Жуалы, Қоғалы сияқты ұсақ объектілі топонимдердің аты сол жерлерде аты аталған өсімдіктердің өсетінін білдіреді. Мұндай атаулар ірі объектілік топонимдерде де кездеседі. Мысалы: Жуалы (аудан Оңтүстік Қазақстан облысында), Жыңғылды (станция, Алматы облысында) т.б.

 

  • Жануарларға байланысты атаулар

 Топонимдер құрамындағы аң, жануар, құс атаулары Қазақстанда аңдардың кейбір түрлері кең тарағандығын және солардың аңшылық маңызы болғандығын аңғартады.

 Ғ.Қ.Қонқашбаевтың пікірінше, көшпелілердің күн көрісіне жер бедері (рельеф), ауа райы (климат), су (гидрография), өсі мдіктер және аңдар үлкен септігін тигізген.

 Аң аулау, құс салу халықтың мергенділік, төзімділік, алғырлық қасиеттерін шыңдаумен қатар көңіл құмарын қандыратын қызығы мол демалысы да болған.

9

Халық өмірінің айнасы іспеттес топонимияда аң, құс, жан-жануарлар да өз іздерін қалдырып отырған. Қазақстан жерінде бүгінде сирек кездесетін құлан, көне заманда үйір-үйір болып жүрген. Құландардың ұзақ мекендеген жері Сарыарқа, Бетпақдала аймағы. Оған дәлел Көкшетау жеріндегі Құлансу, Ақмола облысындағы Құланөтпес өзені, Құланкетпес аңғары, Орталық Қазақстан облысында Басқұлан, Жамбыл облысында Құланши көлі т.б.

Кезінде Құлан Қазақстанның көптеген аймақтарында болған көрінеді. Педагог ғалым Р.Сәтімбеков Қазақстан территориясында құланға қатысты 54 жер-су аттарын анықтап отыр.

Қазақстан жерінде ертеде болған ірі аңдардың бірі-бұлан. Бұланға байланысты Қазақстанда біраз жер-су атаулары бар. Мысалы: Орталық Қазақстан облысында жазда суы тартылып қалатын Бұланды өзені, Макин станциясының маңында Бұланды деген қарағайлы орман, Алтай тауының оңтүстігінде Бұланды, Бетпақдалада Бұланты деген қарағайлы орман, Алтай тауының оңтүстігінде Бұланды Бетпақдалада Бұланты атты тау және өзендер бар.

Қазақстан топонимиясында құс атауларына байланысты жер аттары да бар. Мысалы: Қаршығалы-өзен, Қулы-тау, Бүркітті-тау, Лебяжье-село т.б.

  •  Қазақстанның географиялық объектілерінің түр-түсіне, санына байланысты атаулар.

 Қазақстан картасының құрамында «ақ», «қара», «көк», «қоңыр», «боз», «сары», «қызыл» т.б. түсті білдіретін сөздер бар жер-су, елді-мекен аттарын көруге болады. Мысалы: Қарасу, Ақсу, Сарысу, Көксу атты өзендер, Ақбұлақ, Қарабұлақ, Сарыбұлақ т.б атты бұлақтар; Ақтау, Қаратау, Ақшатау, Көктау, Көкшетау, Қоңыртау, Сарытау, Қызылтау, Қызылтас атты тау шоқылар; Ақсай, Қызылсай, Бозсай, Көксай т.б. атты сай-салалар; Ақтөбе, Қаратөбе, Бозтөбе, Қоңыртөбе атты төбелер Қазақстанның барлық аймақтарында бар десек қателеспейміз. Тіпті, бір ауданның өзінде түске байланысты бірнеше географиялық атаулар ұшырасып отырады. Мысалы Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданында Ақсу, Қарасу, Қызылсу атты өзендер бар. Қызылтас, Қызылтау, Қызылсеңгір, Қызылмойнақ, Қызылқия, Қоңырат шоқысы т.б. географиялық объектілердің тасы, жері қызыл, қоңыр, сары түсті болғандықтансолай аталған.

 

 

  10

  • Объектінің санына байланысты қойылған атаулар.

Қазақстан картасында «бір», «екі», «үш», «бес», «жүз», «мың» т.б. сияқты сандар, «сегіз» «қос», «көп» деген сияқты сөздерге географиялық жалпы атау қосылу арқылы жасалған топонимдер көп. Мысалы: Жаңғызқұдық-елді-мекен, Жалғызтас-шатқал, Бірайық-өзен, Екібастұз- қала, Жүзағаш-станция (Семей), Мыңадыр-станция (Қарағанды), Үшарал-қала (Талдықорған), Жалғызағашталдық-өзен т.б.

  • Адам, ру, халық атына қойылған топонимдер.

Қазақстан картасында көп таралған атаулардың бірі- адам атына қойылған географиялық атаулар. Мұндай атаулар өте ертеден бері келеді. Және көбінесе сол жерді жаз жайлап, қыс қыстаған, иемденген адамдардың атына байланысты туған. Мысалы: Абралы-тау, Амантоғай-тоғай, елді- мекен, Шерубайнұра-өзен, Жәнібек-елді- мекен, Мырғалымсай, Байжансай-сай, елді-мекен, Медеу-жер аты т.б.

Ру аттарына қойылған топонимдер-Айдабол-жұмысшы поселкасы (Көкшетау), Жанысбай-станция (Қостанай), Қоңырат-қала (Қарағанды), Ырғыз-аудан (Ақтөбе облысы), Қарабас-станция (Қарағанды), Малайсары-санция (Талдықорған).

  • Белгілі оқиғаға байланысты атаулар.

Қазақстан картасында кездесетін географиялық атаулардың ішінде әлеуметтік және басқа да халық өміріндегі, күнделікті тіршілігіндегі әртүрлі оқиғамен байланысты атаулар да көрнекті орын алады. Қырық қыз оқиғасына байланысты ел арасында сан түрлі аңыз-әңгімелер сақталған. Ауданның белгілі ардақты азаматтарының бір болған Әбдіхалық Байдаулетов «Басында Қазығұрттың» атты жыр кітабында Өгемдегі таңғажайып табиғат көрінісін тамылжыта суреттей келіп, ондағы қолдан соққандай қырық қыздың тас боп қатқан ғажап мүсінін келтіреді. Аңыз бойынша, ханның қыз ұзату тойының салтанаты өтіп жатса керек, тосынан жау әскері шабуыл жасап, ер азаматтың бәрін жайратып, мал-мүлікті талап, таңдаулы деген қырық қызды ұстап елдеріне әкеткелі жатқанда қыздар қолдарын көкке жайып, Құдіретке «жатқа қор қылғанша сүйегіміз өз елімізде, өз жерімізде қалсын, бізді тас қыл» деп жалбарынған екен. Ақыры қыздардың ниеттері қабыл болып, бәрі бірге тас болып қатып қалған деседі. 40 қыз оқиғасына байланысты аңыз-ертегілер қырғыз

11

фольклорында да көптеп кездеседі.

1730 жылы көктемде Балқаш көлінің маңында қазақ пен қалмақтардың арасында тағы бір қатты қырғын соғыс боолды. Бөгенбай, Қабанбай, Шапырашты Наурызбай, Жәнібек, Малайсары сияқты атақты батырлар бастаған қазақ қолдарын мен жасақтары қалмақ әскеріне қаза тапты. Көбі қырылып, жаралы болып жаны шықпай жатқан жау әскерінің аңыраған даусы бірнеше күн даланы басына көтерді. Бұл жер кейін «Аңырақай» деп аталып кетті. Сарыарқадағы Қалмақемел, Қалмақжатқан, Қарашат атаулары да осы жаугершілік замандағы оқиғамен байланысты.

Халықтың күнделікті су аттары да жиі оқиғаларға байланысты су аттары да жиі кездеседі. Мысалы: Қойсалған бұлағы (Қостанай), Қойгелді өзені мен Қозықырған көлі (Жезқазған), Нарөлген бұлағы (Ақмола) т.б., Абайбазар-аудан орталығы (Оңтүстік Қазақстан), Диірментөбе-станция (Қарағанды), Қазақлы-аудан орталығы (Атырау).

  • Бір нәрсеге ұқсатудан, теңеуден туған атаулар да аз емес.

Мысалы: Айғыржыл станциясы, Аягөз станциясы, Қазашұңқыр-ауыл (Семей), Айнабұлақ станциясы, Керегетас станциясы, Мойынқұм станциясы (Талдықорған), Айрық станциясы, Босаға станциясы, Шүмек станциясы (Қарағанды), Жалтыр аудан орталығы, Құлақшын станциясы, Маймақ станциясы, Шоқпар станциясы (Жамбыл облысы) т.б.

  • Географиялық және басқа да терминдерден жасалған атаулар.

Мысалы: Адыр, Айрық станциялары, Балқаш қаласы, Бұрма станциясы, Дария станциясы (Қарағанды), Арыс станциясы (Оңтүстік Қазақстан облысы), Қайнар –аудан орталығы, Ауыл станциясы, Жарма-жұмысшы ауылы (Семей) т.б.

  • Географиялық объектінің сапасына, қасиетіне, көлеміне

байланысты атаулар. Мысалы: Ащысай-жұмысшы ауылы, Сазтөбе станциясы (Оңтүстік Қазақстан), Белқұдық станциясы, Жаңаарқа-аудан, Ұлытау-аудан (Қарағанды), Жалпақтөбе-аудан орталығы (Жамбыл), Сұлутөбе станциясы, Жаңақорған-аудан, станция (Қызылорда), Суықбұлақ станциясы (Семей)т.б.

12

  • Қазба байлықтарға байланысты қойылған атаулар.

 Жезді «Мұнайлы, Теміртау, Қорғасын сияқты» атаулар қандай кен орны екенін айтпай-ақ білдіріп тұр. Бұрын қазақ тілінде қазба байлықтармен байланысты атаулар бірен-саран ғана кездесетін. Мұның себебі- революцияға дейін Қазақстан кен байлығының белгісіз жатуынан. Қазан төңкерісінен кейін республиканың жер қойнауынан пайдалы қазбалардың шын мәніндегі сарқылмас қорының барлануы географиялық атаулардың да көбеюіне себеп болды.

 

  • Түрлі әлеуметтік оқиғаларға байланысты атаулар.

Қазан төңкерісінен кейін социалистік құрылыстың орнауы нәтижесінде жаңа объектілер пайда болды. Республика аумағында облыс, аудан, ауылдық совет, селолық совет, колхоз, совхоз, жұмысшы поселкалары, кәсіпшіліктері т.б. ұйымдастырылды. Осы объектілердің, атаулардың біразы сол жерлердің ескі атымен аталса, олардың басым көпшілігі Ұлы Қазан төңкерісі тудырған қоғамдық құрылыстағы, оқиғаларға, халық сүйген ардагерлер аттары мен фамилияларына, елді коллективтендіруге, тың игеруге, космосқа т.б. сан алуан өзгерістерге тікелей байланысты болды. Мысалы: Азат станциясы (Көкшетау), Алға-аудан орталығы (Ақтөбе), Алғабас станциясы (Шығыс Қазақстан облысы), Еңбекшіқазақ-аудан (Алматы облысы), Еркіншілік-аудан (Ақмола облысы), Қызылту-аудан (Көкшетау), Совет-аудан (Солтүстік Қазақстан облысы) т.б.

  • Басқа тілдерден енген атаулар.

Қазақстанда монғол, қалмақ, араб, иран, орыс тілдерінен енген топонимдер де баршылық. Мұның ішіндегі ең көбі-орыс тілінен енген атаулар. Бір қызығы-орыс тілінде қойылған бірқатар атаулар қазақ тілінің үндестік заңына сәйкес бейімделіп, қазақша атауларға ұқсас болып қалыптасып кеткен. Мәселен, Семей, Өскемен, Кереку, Бурабай т.б.

Монғол тілінен енген жер-су атаулары: Зеренді, Сілеті, Зайсан, Қорғалжын, Долан, Сүмбе, Тарбағатай, Кеген, Нарынқол, Дегерес, Дағанды, Борғустай, Баянауыл, Нарын, Шаған, Арасан, Шар т.б.

Араб тілінен енген жер-су атаулары: Талғар, Бетпақдала, Қобда, Бадам, Шолақдара, Шалдуар, Фараб, Айдарлы т.б.

Қалмақ тілінен енген жер-су аттары: Мақаншы, Текес т.б.

13

Қазақстан топонимдерінің қалыптасу кезеңдері

Қазақстанға қатысты бар топонимдер біздің заманымыздың І ғасырынан бастап кездеседі. Сол дәуірден бері қарай Орта Азияда, Қазақстанда кездесетін топонимдердің де көпшілігі- түрік атаулары. Қытай жазу нұсқаларынан да кейбір қазіргі топонимдерге ұқсас атаулар кездеседі. Мәселен, б.з.І-ғасырындағы Қытай жазу нұсқаларында Ярканд деген жердің болғандығы айтылды. Яркандтың (Яркент) қазіргі Жаркент типтес түрік атауы екендігіне ешбір дау жоқ. Қазақстан территориясында сол кезде жергілікті иран тілінен көптеген географиялық атаулармен атауларда енді. Мысалы «Кент» деген сөздің көршілес иран халықтарынан келгендігін айтуға болады. Мәселен, Жаркент, Шымкент, Манкент. Кентдеген сөз шығыс иран халықтарымен қарым-қатынастардың нәтижесінде төртінші ғасырға еніп, Қазақстан жеріндегі кейбір қала аттарын жасауға негіз болды.

Қазақстан жерінде сегізінші ғасырдың бас кезінен басталған монғол тілінен көптеген топонимдер енді. Олардың көпшілігі осы күнге дейін сақталған. География ғалымдарының кандидаты Ғ.Қоңқашбаев Қазақстан территориясындағы қазір кездесетін монғол топонимдерінен 217 атау жинап, оған талдау жасады. Ғ.Қоңқашбаевтың айтуы бойынша, бұлардың ішінен Қазақстанның географиялық өзіне тән ерекшелігін көрсететін 173 топоним бар.

ХV-XVI ғасырларда қазақтар өз тілімен мемлекеттік және этногрфиялық біртұтас халық ретінде қалыптасқандықтан сол кездердегі топонимдерді қазақ топонимдері дейміз. Қазақ топонимдерді тек XV-XVI ғасырларда ғана қазақ халқының шығуымен бірге пайда болған жоқ, оның негізгі бұрынғы ғасырларға да Қазақстан жерінде болған түрік әлеуеті тілдегі, кейін қазақтың этникалық құрамына енген тайпалармен байланысты жасалды.

XVI ғасырдың басынан бастап қазақ тілінің негізінде дамыған Қазақстан топонимдерінің құрамына орыс халқымен қарым-қатынастың нәтижесінде орыс топонимдері де ене бастады. Орыс географиялық атауларының бұдан кейін кездерде молая беруі Қазақстан мен Ресей арасындағы әртүрлі тариха қарым-қатынастарға тікелей байланыс болып отырды.

14

Алғашқы орыс мекендері шекара аймақтардың бойындағы яғни Ресей мен қазақ жерлерінің шекараларында орын теуіп, қазіргі Қазақстан картасындағы көптеген орыс топонимдерінің дамуын негіз болды. Қазан төңкерісінен бұрын пайда болған Қазақстандағы орыс топонимдерінің көпшілігі Қазақстан Республикасының Ресеймен шекаралас облыстарында орналасқан еді. Орыс географиялық атаулары Қазақстан жерінің әрбір өлкесінде кездеседі. Э.М.Мурзаев славян географиялық атауларының Орта Азия және Қазақстан топонимиясының құрамына ену жолдарын былайша көрсетеді:

  •  Отаршылдық саясаттың ықпалымен әкімшілік түрде қойылған атаулар темір жол станцияларына, қалаларына берілген.
  •  Ресей және Украина жерлерінен шаруалардың келуіне байланысты атаулар.
  •  Табиғат пен географиялық объектілерді зерттеу кезінде қойылған атаулар.

Жаңа жерге қоныстану, елді мекендерді салу Ресей мемлекетінің саясаты мен экономика мүдделеріне тікелей байланысты болған еді. XIX ғасырдың ІІ-жартысынан бастап емін-еркін жүзеге асырыла бастаған патшалы Ресейдің отарлау саясаты негізінде Ресейдің ішкі губернияларының Қазақстанға көшірілген орыстың миллиондаған жерсіз, күйсіз мұжық шаруалары қазақтың ең шұрайлы жерлерін иемденіп қана қоймай, ол жердегі өздерінің де атауларын ала келген еді. Ол атаулар ежелден келе жатқан тарихи атауларды шетқақпай қылып, ығыстырып, нәтижесінде жүздеген атаулар көзден ғайып болды. Қазақтың зиялы азаматы Міржақып Дулатов өзінің «Қазақ жерлері» деген өлеңінде:

......Қазағым, жерін қайда ата мекен,

Қазақ, қазақ болғалы мекен еткен.

Қазірде бәріңізді қуып шығып,

Орнына қала салып «хахол» жеткен.

......Ащы су, бізге қалды шөл далалар,

Жақсы жер қалдырмады егін салар.

.....Мінекей қояр емес жерін құртпай-деп жырлапты. Қазақстан жеріне орыстардың келуімен байланысты алғашқы салынған қала- қазіргі Орал қаласы болды. Орал 1613 жылы салынды. Бұл қала

15

патша үкіметінің Қазақстанды бағындыру саясатына байланысты салынды. Орал қаласы өзінің атын Орал өзені мен Орал тауына байланысты алды. Бұл қаланың аты түркі сөз болғанымен оның салуына байланысты маңындағы объектілерге орыс топонимдері ене бастады. Орыс тілінен топонимдер ену процесі XVIII ғасырда жандана түсті. Бұл әсіресе Ертіс өзенінің бойындағы «Иртышская линия» деп аталатын бекіністердің салуына байланысты болды. Қазақстандағы қаланың көпшілігі ХІХ ғасырда салынды. Бұл қалалардың салынуы орыстардың келуіне тікелей байланысты болды. Орыс топонимдері жалғыз қалалардың атына ғана енбей ауылдардың, елді-мекендердің атына да енді.

ХІХ ғасырда қазіргі облыс орталықтары мынадай қалалар салынды: Алматы (1854), Ақмола (1862), Жамбыл (1894), Ақтөбе (1869), Қостанай (1883) т.б. Олардың көпшілігі орыс мәдениетінің, шеруашлығының және топонимдерінің енуіне тірек болды. Мысалы, Алматы қаласы өзінің салынған күнінен бастап, бірінші, орыстар, қазақтарды қоқандықтардың шабуылынан қорғады, екіншіден, Өзбекстан сияқты Орта Азия елдерінің Ресейге қосылуына тірек болды. Алматы маңында орыстардың қоныстануына байланысты орыс топонимдері де молынан ене бастады. Алматының 1854 жылдан 1921 жылға дейінгі Верный деген аты да орыс сөзі екені белгілі.

Бұл айтылған дәуірде қазақ тілінің негізінде қазақ топонимдері де дами берді. Ірі объектілік топонимдердің қойылуында әртүрлі себептер болды. Ірі объектілік топонимдер ұсақ объектілік топонимдерге қарағанда, халық арасына кеңінен белгілі болғандықтан, оның қойылуы жөнінде аңыздар да белгілі. Мысалы, Ақмола қаласының шығу тарихына тоқталып өтейік. Ақмола қаласы ХІХ ғасырда ірі сауда орталығы болды. Ақмолаға Түркістаннан, Сібірден, Ресейден, Еуропа бөлігінен де Ақмола жәрменкесіне ірі саудагерлер келеді. Ақмола жәрменкесіне малын ақшаға, тауарға айналдыру үшін қазақтарда келетін. Ақмолада Есіл өзенінің жағасы болып табылатын Нұра дейтін өзен бар. Нұра тегінде жіңішке және терең өзен. Бірақ Нұраның Ақмоладан өтетін жері жалпақ және тайыз. Қорғалжын, Қарсақпай жақтағы қазақтар күздік жәрменкеге мал сатуға келгенде, малды Нұраның осы

16

Ақмола тұсынан аяқтатып өткізетін болған. Өйткені, күзге қарай

өзен суы бұрынғыдан да тайызданып, мал өтуга жарап қалған. Осы жерден үнемі мал өткізетін болғандықтан, ол жер әманда қап-қара тақыр болып жататын. Тарихи мәліметтерде Ақмола қаласының басында осындай табиғи қара өткел болғандығын айтады. Ендеше Ақмоланың Қараөткел деген атын өзгертіп, Ақмола атануы жөнінде жергілікті тұрғындарда мынадай аңыз бар. Бір жылы Қараөткелде бір адам өлген. Өлген адамға қор қазғанда, астынан ақ балшық шығады. Өлген адамға орнатылған моланы сол ақ балшықпен сылайды. Орнатылған мол бұдан кейін ағарып, алыстан көзге түсетін болады. Жәрмеңкеге мал айдап келе жетқан, не қалаға келе жатқан адамдар ағарып көзге түскен ақ моланы көретін болған. Сол себептен Қараөткел деген атау Ақмола болып өзгереді.

Қазақстанда ХІХ ғсырда және ХХ ғасырдың басында болған саудаға байланысты жалғыз Қараөткел ғана емес, бұдан басқа да Атбасар, Тайша, Қоянды жәрмеңкелері, Бақты жәрмеңкесі, Қатонқарағай жәрмеңкесі деп аталатын топонимдер енді.

Сөйтіп, біз Қазақстан топонимдерінің жасалуынан негізгі кезеңдеріне шолу жасадық. Жоғарыда айтылғандарды қорыта келіп, қысқаша мынадай қорытынды айтуға болады. Қазақстан топонимдерінің құрылымындағы қазірде бар немесе жазба нұсқаларындағы басқа тілден енген топонимдер Қазақстан территориясына енуі кездейсоқ құбылыс емес. Араб, монғол, орыс тілдерінен енген топонимдер белгілі бір тарихи жағдайларға, кезеңдерге байланысты ене отырып, сол халықтармен қарым-қатынастың көрсеткіштері бар. Бұл топонимдер Қазақстан топонимдерінің құрамын кеңейтті.

Қазақстандағы қазақ тілінің негізінде жасалған топонимдер туралы мынаны айтуға болады. Қазақстандағы топонимдердің саны жағынан алғанда, қазақ тілінің негізінде жасалған топонимдер жалпы топонимдердің басым көпшілігі, жоғарыдағы тілдерден (араб, монғол, орыс) енген топонимдер Қазақстан топонимдерінің көп болса оннан бірінде ғана.

Қазақ тілінің негізінде жасалған Қазақстан топонимдері бір ғасырдың ғана жемісі емес. Қазақстан топонимдерінің негізгі ертеден-

17

ақ жасалған. Бұл топонимдер Қазақстан жерінде болған, кейіннен қазақ халқының этникалық құрамына енген рулардың, тайпалардың тілдерінің негізінде жасалынған. Қазақтар өз тілінен мемлекеттік және этнографиялық жағынан біртұтас халық ретінде он бесінші ғасырда ғана шыққандықтан, оған дейінгі топонимдерінің түрік системалы тілдері тайпаларға, халықтарға ортақтас деп қараймыз. Он бесінші ғасырға дейінгі жасалған топонимдер осы түрік системалы тілдері тайпалардың тілдерінің негізінде жасалып, он бесінші ғасырдан былай қарай заңды жалғас ретінде қазақ тілінің негізінде дами берді. Біз бүгін осы жер-су атауларының шығу тарихына тереңірек үңілсек, онда үлкен сыр жатқанын білеміз. Ендеше, ескі атауларды қалпына келтіру, ол тарихи әділеттілікті орнату деген сөз. Тәуелсіздігімізге тәубе дей отырып, республика аумағындағы отаршылдық пен тоталитарлық дәуірлерден қалған атаулардан арылып келеміз. Республика бойынша бүгінгі таңда бір мыңнан астам елді мекендердің атаулары өзгертіліпті, соның 403-і Оңтүстік Қазақстан облысына тиесілі. Мұндай көрсеткішке жергілікті ономастика комиссиялары тарапынан ұзақ жылдар бойы тынымсыз жүргізілген жұмыс пен табан тірескен саяси-идеологиялық тартыстың нәтижесінде қол жеткіздік.

Елбасымыздың жарлығымен 1998 жылды «Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы» деп жариялануына байланысты республикамыздағы елді мекендердің, тағы басқа да объектілердің тарихи атауларын қайта қалпына келтіру бағытында жергілікті ономастика комиссиялары тарапынан нәтижелі жұмыстар жүргізіліп, көптеген елді мекеннің атаулары өзгертілді.

Ұлттық атаулар тәуелсіз мемлекетіміздің бет-бейнесі болса, ал шекара маңындағы елді мекен атаулары Қазақстанның бет-пердесі іспетті. Сондықтан өзіміз түгілі өзгелерде қазақтың жері мен суын, қаласы мен даласын, тілі мен тарихын танытатын тарихи – географиялық атауларымызды қайтару және сақтау жолында көп істер атқарылуда. Қазіргі кезде ұлттық ономастика жай тарихи – мәдени мұра ғана емес, сонымен қатар қоғамдық – саяси мәселеге айналғанын ескеріп, Қазақстан шекарасы төңірегіндегі әрбір елді мекеннің атынан ұлттық болмыс пен ұлттық тарихтың иісі сезіліп тұратындай, атына заты сай қазақи атаулармен алмастырылды.

Атаулардың шығу тарихына байланысты қызғылықты әңгімелер келтіру

Топонимика- географиялық жер атаулары жайындағы ғылым саласы. Қай жер, қай елді алып қарасақ та ондағы жер атауларын сол жердің халқы қалыптастырып отыруы белгілі. Бұрынғы- соңғы тарихта жер дауын шешуде, яғни белгілі бір жердің қай халыққа тән екендігін анықтауда да ең сенімді тарих куәгері ретінде алдымен сол жердің топонимикалық атаулардың көлденең қояды. Өйткені қандай жаңа зат жасалсын немесе өз иелігіндегі жер болсын оның атын халық қояды. Қызығушылықты арттыру үшін жер-су аттарының шығу тарихы жайында қызықты әңгімелер келтіру тиімді. Мысалы Екібастұз, Қоңырат атаулары қайдан шыққан?

Сонау бір өткен заманда көшіп-қонып жүрген жолаушылардың бірі осы жерге түнеген екен деседі. Шаршап, шалдыққан жолаушы қазақ жаққан отына қурай сындырып салуды да ұмытып кетіпті. Бір мезгілде шошығандай ояна келсе, таң атып келеді екен, бірақ кешке жаққан оты әлі сөнбепті. Жолаушы бұл жердің қасиеттілігіне қайран қалады, әрі ойланып, бері ойланып, осы өңірді белгілеп кетпек болады. Іздестіріп жүріп, екі бас тұз тауып алады. Осыларды жиыстырып үйіп кетеді. Кейіннен әлгі жолаушы бұл кереметті әңгімелеп белгіліген жерін аралаған елінің бәріне жаяды. Белгісі екі бас тұз екенінде айта жүреді. Содан бері бұл жер «Екібастұз» деп аталып кетеді.

Енді «Қоңырат шоқысы» атауының шығу тарихына тоқталайық. Бұл сонау қараңғы түнек, ескі заманда болған. Сонан бері екі жүз жыл өткен болу керек. Мүмкін онан көбірек уақыт өткен шығар. Бірақ ел, ер жігітпен оның жан досы қоңыр ат туралы әңгімені ұмытқан жоқ. Өте ертеде байлар мен бектер ел қамын сүліктей сорған кезде Арқада Қайсар жігіт өтіпті. Бай жылқысының соңында жүрген Қайсардың жастайынан көргені қорлық пен зорлық. Жылқыны тастап кетіп, қалайын десе, қолында жанына балаған жалғыз қоңыр аттан басқа күн көрерлік малы жоқ. Қоңыр ат сол маңайда алдына жылқы салмаған, өрен жүйрік екен. Талай жиын-тойда Қайсар балуандарды қирата жығып, қоңыр ат бәйгеден жеке-дере өзып келген. Екеуі де сан жүлде алған. Бір күні байдың тепкісіне шыдамаған Қайсар онан өш алу үшін үйірлі жылқысын айдап қашады. Байдың еңбексіз тапқан малын аяқ жетер жердегі сіңірі шыққан

кедейлерге таратып жібереді. Жылқысынан айырылған бай қарап жатсын

19

ба?! «Аттан» салып, жігітті қуып береді. Бірақ жүйрік қоңыр ат соңына түскен қуғыншылардың біріне де шалдырмайды. Иесін талай қысылтаяннан аман алып шығады. Бай ақыры ұстатпай қойған соң, жігіттің алды-артын қамап, нелер сәйгүліктермен қос аттап қуғызады. Қуғын бұл жолы бірнеше күнге созылады. Талайдың аты зорығып, азынаған шөлде қалып жатады. Қайсар сол шалдырмаған бетімен Балқаш көліне шығып кетеді. Әне, қашаннан таныс жалғыз шоқы да көрінді. Оның ар жағында Балқаш та алыс емес. Көл бойында ат шалдырып, тынығып алса, ар жағын көре жатар еді. Бірақ амал не, бірнеше күн үдере шапқан қоңыр ат шоқыға жеткенде, сеңделіп барып омақаса құлайды. Әбден сорыққан жануар аяғын бірақ серпіп, жан тапсырады. Өмірде көзіне жас алып көрмеген ер жігіт еңіреп қоя береді. Содан бері сол шоқы «Қоңырат» деп аталып кеткен.

Қай халық болса соның тіліндегі топонимикалық атаулардың сол халыққа тән халық ауыз әдебиетімен көне жазба ескерткіштерінде орын табуы жай нәрсе емес. Халық ауыз әдебиетінің қай жанрында болмасын осы құбылыс жиі ұшырасады. Ғасырлар бойы халық санасында бірге жасасып келе жатқан елді мекен атаулары тарих куәсі ретінде әдебиет бетінде көрініс беруі кезіне білген жанға рухани жылылық лебіне бөлейтіні бар. Иісі қазаққа танымалы-«Қобыланды батыр» жырындағы:

Біздің ауыл Арыста,

Қисабы жоқ алыста......

Қараспан тауын жайлаған

Қалың қыпшақ елдері....

Немесе өте көне заман төрінен бері жырланып келе жатқан «Алпамыс батыр» қиссасындағы:

Қоңырат деген елінде,

Жиделі Байсын жерінде....

Деген өлең жолдарындағы географиялық жер атаулары мен этнонимдер қазақ эпосында жырланып отырған оқиғаның болып өткен жерлеріне меңзейді.

Адам тұтынатын заттардың ішінде түрлі тағамдармен байланысты шыққан топонимдік сөздер жиі кездеседі. Мысалы әркім-ақ тамаққа дәм қайдан келген? Жерорта теңізіндегі Белсар архипелагына кіретін Менорка

20

аралының бас қаласы Маон деп аталады. Әуелде осы қаладан тараған дәм беретін қоспаның аты испан тілінен сәл өзгеріп, бізге «Майонез» тілінде жеткен.

Үстімізге киетін киім түрлерімен маталардың аттарының шығуында да топонимдердің үлесі аз емес. Кубанка, панама бас киімдері, әйелдердің сәнді етігі-Алясканың сөз төркінінің түсіндіріп қажеті бола қоймас.

Жоңғар Алатауының шығысында Жоңғар қақпасы арқылы сұрапыл дауыл түріндегі Ебі желі соғады. Бұл желдің аты – Ебі-нұр көлімен байланысты. Осы сияқты Байкал көлінде Баргузин аңғар жағынан Баргузин, жоғары Ангара өзені жағынан Ангара, Орта Азияның оңтүстігінде Ауғанстан жағынан ыстық, құрғақ ауған желі соғады.

Біз шығу тегі географиялық атаулармен байланысты кейбір сөздерге ғана тоқталып өттік. Шынында олар біз ойлағаннан әлдеқайда көп, әрі күнделікті өмірде өз қорымызға ұдай қосылып жатады. Мұндай сөздердің мағынасын зерттеп білу әр адамның тіл байлығын да, жалпы ой-өрісін де кеңейте түсетіндігіне күмән жоқ.

21

Қорытынды

Қазақстан жер-су аттарын зерттеу он тоғызыншы ғасырдан бастап жүргізіліп келеді. Оған Қазан төңкерісіне дейін П.П.Семенов Тянь-Шанский, Н.А.Северцов, И.В.Мушкетов, В.В.Радлов, А.Левшин, Л.Аристов сынды ғалымдар, кеңес үкіметі жылдарында А.Әбдірахманов, Т.Жанұзақов, Э.М.Мурзаев, Ғ.Қоңқашбаев, Е.Керімбаев, Ә.Бірмағамбетов сияқты ғалымдар көп еңбек сіңірді. Осы ғалымдардың нәтижесінде жер-су аттарының шығу тегі, талдау жолдары, түрлері, жазылу ережесі тағайындалды. Осыларды негізгі ала отырып, жер-су аттарының зерттелу тарихына мынадай топтарға бөлдім:

  • Өсімдік атына байланысты атаулар
  • Жануар атына байланысты атаулар
  • Түске байланысты атаулар
  • Санға байланысты атаулар
  • Адам, ру, халық атына байланысты атаулар
  • Оқиғаға байланысты атаулар
  • Бір нәрсеге ұқсатудан, теңеуден туған атаулар
  • Географиялықиижәне басқа да терминдерден жасалған атаулар
  • Географиялық объектінің сапасына, қасиетіне, көлеміне байланысты атаулар
  • Қазба байлықтарға байланысты атаулар
  • Түрлі әлеуметтік оқиғаға байланысты атаулар
  • Басқа тілдерден енген атаулар.

Қазақстанның физикалық және экономикалық географиясын оқу барысында жер-су аттарының біздің аса зор білімдік және практикалық маңызы бар екендігін көреміз. Жергілікті жер-су аттарын бұрмаламай дұрыс қолдану елдің егемендігінің басты белгісі болып табылады.

22

Пайдаланған әдебиеттер

  • Ә.Бірмағамбетов «Бұлай деп неге атаймыз?» Алматы . 1971
  • Д.Жүнісов «Өзен-көл атаулары» Алматы 1990
  • «Қазақстан географиялық атауларының сөздігі» Т.Жанұзақов Алматы . 1990
  • Т.Өтегенов «Есімді қалай ескеріп жүрміз» Қазақ әдебиеті. 1988. 16 желтоқсан
  • Е.Керімбаев «Атаулар сыры» Алматы 1984
  • А.Әбдірахманов «Қазақстанның жер-су аттары» Алматы 1959
  • С.Қасенов «Жер тарихы-ел тарихы» Қазақстан мектебі 1993
  • Ә.Бірмағамбетов «Толғауы тоқсан топонимдер» Білім және еңбек 1985 №4
  • Е.Қойшыбаев «Қазақстанның жер-су аттары сөздігі» Алматы 1985
  • Е.Қойшыбаев «Қазақстан географиялық атауларының сөздігі» Алматы
  • Сейдімбеков «Күңгір-күңгір күмбездер» Алматы, 1968
  • М.Жақыпов «Жерге атты ел берген» қазақ әдебиеті
  • Х.Маданов. Ч.Мусин «Ұлы дала тарихы» Алматы, 1994
  • М.Мырзахметов «Әдебиет және топонимика» Қазақ тілі мен әдебиеті, 1991 №1
  • Т.Иманбаев Сөзтізбек «Көлдер» ойлан-тап. Алматы, 1992

23

Annotation

In scientifically – on a theme “Studying of place names of Kazakhstan” the author`s position on questions of history of studying of place names in territory of Kazakhstan, gathering and processing of available materials in the field of toponymics , and also a periodization of occurrence toponymics is offered to research work of Toishybek Beibarys . For the purpose of acquaintance of readers with history and the reasons of renaming of some place names in territory of Kazakhstan the interesting and informative information is given. Work in the given direction will be continued.

Аннотация

В научно-исследовательской работе Тойшыбек Бейбарыса на тему «Изучение географических названий Казахстана» предлагается авторская позиция по вопросам истории изучения географических названий на территории Казахстана6 сбора и обработки имеющихся материалов в области топонимики, а также периодизации появления топонимов. С целью ознакомления читателей с историей и причинами переименования некоторых географических названий на территории Казахстана дается интересная и познавательная информация. Работа в данном направлении будет продолжена.

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ

БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

Сәду Шәкіров атындағы орта мектеп

Ғылыми-зерттеу жұмысы

Секциясы: Өлкетану

Тақырыбы:

Қазақстан географиялық атауларын зерттеу

Орындаған: Тойшыбек Бейбарыс

8 «Ә» сынып оқушысы

Пән мұғалімі: Ниязбекова Айнур Болатбековна

География пәні мұғалімі

Бұл дипломдық, курстық немесе ғылыми жұмысты өзіңіз жазуға көмек ретінде ғана пайдаланыңыз!!!



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Пікір жазу