Өлеңдер ✍️

  10.08.2022
  206


Автор: Рза Оңғарбай

ӨЛЕҢ ТУРАЛЫ ӨЛЕҢ

- Өлең деген қалған іс талайлардан,
Данышпаны даланың Абайлардан.
Одан кейін не тауып айта аларсың,
Тәуекелге жүрегің қалай барған?
- Бес асылға Абайдың жеттік пе екен?
Бес пәледен қашықтап кеттік пе екен?
Туған елдің тағдырын жырламасам
Туған жерді біз не үшін еттік мекен?
Біз құтылдық құлдықтың құрығынан,
Азаттықтың шырқадық тұғырынан.
Ата-бабам, Абайым жазып кеткен,
Нәрем алсам деп едім тұнығынан.
- Бұл бәйгеге қосылсаң қалыс қалма,
Жанарыңды қадағын алыстарға.
Олжасша жаз көндіріп табиғатты,
Отты жырың өрлесін ғарыштарға.
- Олай, досым, құрдасың қағынбайды,
Әрбір бұлбұл өзінің бағында әйгі...
Алламыздың жаратқан табиғаты –
Адамдарға ешқашан бағынбайды.
- Дәмең бар ма сенің де құнан қойдан,
Пайда табар ма екенсің мұнан, қайдам?..
Лүпілдеген жүректің ғашық жырын,
Жаза алмассың асырып Тұманбайдан.
- Серт бермедім, құшамын бар қызды деп,
Жастық өтті, көңілден қар-мұз күреп.
Тұмекеңнің жүрегі – өзінікі,
Мен де бар мәңгі арзу – жалғыз жүрек...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу