Қызғалдақ гүлі


Тараз қаласы әкімдігінің білім бөлімі

№51 орта мектебі КММ

4 сынып

Зерттеу бағыты: Қоршаған әлем – экология, жан-жануар, өсімдік

Зерттеу жұмысы

Тақырыбы: «Қызғалдақ гүлі»

Авторы: Ниязбаева Мерей Аликқызы

Жетекшісі: Чалбасова Жанар Мырзатайқызы

Мазмұны

І. Кіріспе

ІІ.Негізгі бөлім

1. Қызғалдақ гүліне сипаттама

2. Қызғалдақтың гүлдеу мерзімі

3. Күтімі

4. Көбейту жолдары

5.Қазақ өнеріндегі қызғалдақтар

6. Қызғалдақтың шығу тарихы

7. Қызғалдақтың жаны бола ма?

8. Қызғалдақ гүлінің шипасы

9. Қара қызғалдақ хақында

10. Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген қызғалдақтар

ІІІ. Қорытынды

ІҮ.Пайдаланған әдебиеттер

Ү.Ұсыныс

І.Кіріспе

Кең байтақ қазақ даласының қойнауы табиғи байлықтарға, алуан түрлі өсімдік түрлеріне аса бай. Соның бірі – көктем шыға көздің жауын алып, қырларда құлпырып, жайнайтын қызғалдақ гүлі. Тамаша қызғалдақ гүлінің біздің жерімізде 32 түрі кездеседі. Оның 12-сі эндемикалық, яғни, тек қазақ жерінде ғана өсетін түр болып саналады. Осыдан болар, Қазақстанның «Қызғалдақтың отаны» аталуы. Шындығында, аталмыш гүлдің қазақ даласынан бүкіл жер жүзіне таралғандығына бүгінде көзіқарақты ғалымдар нақты дәлелдер келтіруде. Осылай әлем мойындап отырған ғажайып өсімдігімізді өзгелерге насихаттап, қазақстанның бренді ретінде мақтаныш етуге біздің толық қақымыз бар. Оны тек мақтаныш етіп қана қоймай, көбейтіп өсіруді, қорғауды қолға алуымыз керек. Оған себеп, жерімізде өсетін қызғалдақтардың 18 түрінің «Қызыл кітапқа» енгендігі. Қызғалдақты қорғау, насихаттау жұмыстары тек сөз жүзінде емес, нақты іс, түрлі шаралар арқылы жүзеге асса игі.

Осы мақсатта жуырда Алматы қаласында «Қызғалдақтың отаны – Қазақстан» республикалық байқауы өтті.

Қызғалдақ атауы қайдан, қалай шыққан? Ол жөнінде болжам көп. Оның кеңінен тараған атауы – «тюльпан». Бұл парсы сөзі: «толибан» немесе «долбент». Оның мағынасы: басқа тартатын орамал, «тюрбан». Тюльпан осы сөзден шыққан, қызғалдақ қауызы шығыстың баскиіміне ұқсас болғандықтан, осылай аталған. Мұның бәрі тіл мамандарының пайымдаулары. Әйтеуір, қызғалдақ ежелден-ақ, ақындарды да, ғалымдарды да, патшаларды да таң-тамаша қалдырып, өзіне ынтықтырып келеді. Содан да болар, Шығыстың тағы бір атақты шайыры. Ғафиз қызғалдақтың қыздай нәзіктігіне, әдемілігіне, кипаристей сымбаттылығына тіпті раушан гүлі де тең келмейді деп жырлайды.Кең байтақ қазақ даласының қойнауы табиғи байлықтарға, алуан түрлі өсімдік түрлеріне аса бай. Соның бірі – көктем шыға көздің жауын алып, қырларда құлпырып, жайнайтын қызғалдақ гүлі.

ІІ.Негізгі бөлім

Қызғалдақ гүліне сипаттама

Қызғалдақ – лалагүлдер тұқымдасына жататын көп жылдық шөптесін пиязшықты өсімдік. Қазақстанның далалық аймақтарында жиі кездеседі. Бұлардың биіктігі 3 – 50 см. Сабағы жұмыр, тік өседі. Тамырымен жалғасқан буынында пиязшығы болады. Гүл қоршауы ақ, қызыл не сары. Жемісі – қауашақ. Қызғалдақтың пиязшығын күзде гүлі түскеннен кейін жинап алып, оны құрғақ, салқын жерде сақтап, көктемде егеді. Қызғалдақ әсемдік және гүлінен хош иісті зат алу үшін өсіріледі. Қызғалдақтың өте сирек кездесетін 18 түрі (Альберт қызғалдағы, Борщов қызғалдағы, Грейг қызғалдағы, Кауфман қызғалдағы, Шренк қызғалдағы, т.б.) қорғауға алынып, Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген.Қызғалдақ – пиязшықтардың ішіндегі табиғатта да кең таралған, көгалдандыруда да жиі пайдаланылатын өсімдік. Ерекше әсем көркімен дараланатын гүл болғандықтан, оны білмейтін адам кемде-кем. Осы себепті де Қазақстан – қызғалдақтың отаны болып саналады.

Қызғалдақтың гүлдеу мерзімі

Сұрпы мен түріне қарай қызғалдақтың гүлдеу мерзімдері де әртүрлі. Наурыз-мамыр айларында гүл ашады. Оның биіктігі 10 см-ден аспайтын аласа бойлы түрлері ерте көктемде гүлдейтін болса, “Рембрант қызғалдағы” сияқты биік өсетін түрі маусым айының ортасына таман гүлдейді. Барлық түрі 20-25 күн аралығында әдемі гүл жарып тұрады. Қызғалдақ гүлінің түсі ақтан қараға дейінгі аралықта алуан түрлі болып келеді. Көп жағдайда сабақ басына бір тал ғана гүл жарады. Гүлзарларға бірыңғай түсті қызғалдақтарды топтап отырғызған жақсы көрінеді. Ал, жеке ыдыстарға бойы аласа түрлерін отырғызған дұрыс. Бойы аласа қызғалдақтар Альпі шоқысының да көркін асыра түседі.

Күтімі

Гүлдеп бітіп, жапырағы мен сабағы қураған соң пиязшығын қазып алып, кептіріп, құрғақ орында сақтап қою керек. Күзде қайтадан қолайлы орынға егеді. Ашық күн көзін, құнарлы, жеңіл топырақты ұнатады.

Көбейту жолдары

Пиязшықтан бөліп алынған балапандарын отырғызу арқылы көбейтіледі. Суық түскенше тамырланып үлгеруі үшін, күздің алғашқы айларында егу керек. Отырғызу тереңдігі пиязшық көлемінен екі-үш есе терең болуы тиіс (пиязшықтың ұзындығы 4 см болса 8-12 см тереңдікте егу керек). Пиязшықтардың арақашықтығы биіктігіне қарай 10-20 см-ден кем болмағаны жөн.

Қазақ өнеріндегі қызғалдақтар

Мұсылмандар қызғалдақты жұмақ гүліне балайды. Қазақ жерінде жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде «Теңдік» қорғанынан (Жетісу) біздің заманымызға дейінгі ІІІ-ІІ ғасырлардағы сақ патшалары мен көсемдерінің киімдерінен қызғалдақ тәрізді оюмен әшекейленген жалпақ алтын тіліктер табылды. Орта Азия аймағынан табылған Х-ХІІІ ғасырлық қыш бұйымдарда да қызғалдақ суреттері салынған болып шықты. Орта ғасырларда мемориалдық архитектура мен пластикалық өнер түрінде де өсімдіктектес оюлардың пайдаланылғаны мәлім. Қожа Ахмет Иасауи кесенесіндегі жұқа кірпіштерде, Отырар жазирасындағы ортағасырлық қыштарда гүлдердің әшекейлеу үшін қолданылғаны соның нақты айғағы. Құлпытастарда да қызғалдақ суреттері салынып, ол адам өмірінің өтпелі екендігін бейнеледі. Қазақ қолөнерінде де қызғалдақ бейнесі көп бұйымдарда бедерленген. Олар: ер-тұрман жабдықтары, тері белдік тоғалары, сақина, білезік, қамзол қапсырмалары, ағаштан жасалған жиһаздар. Өсімдік пен гүл пішіндері кестелерде де, сырмақ, текемет, кілем, алашаларда да бар. Шеберлер алтын жіппен ұлттық киімдерге, киіз үй жабдықтарына, қоржын-дорбаларға да қызғалдақтың бейнесін салып әшекейлеп, кестеледі.

Қызғалдақтың шығу тарихы

Жер шарының қай түкпірінде болмасын алуан түсті қызғалдақтар өседі. Үлбіреген нәзік гүлге әрдайым сүйсіне қарағанмен, оның шығу тарихы мен табиғаты жөнінде көп ойлана бермейді екенбіз. Ғалым Анна Иващенконың “Қазақстан қызғалдақтары және жуа тұқымдас өзге өсімдіктер” кітабында қызғалдақтың отаны – Қазақстан екендігін анық жазылған. Қызғалдақтың тұқымы Ұлы Жібек жолы арқылы Түркияға, кейіннен Голландияға жеткен көрінеді. Қазақ жерінде өскен гүлдің алыс шетелдерде жаңа түрлері өсірілді. Қазақ халқы ежелгі дәуірден бері дала гүлі болып есептелінетін қызғалдақты құрметтейді және оның көркіне қызығып қана қоймайды. Шипалы қасиеті бар өсімдік елдің, әсіресе оңтүстік аудандарында емдік мақсаттарға кеңінен пайдаланылады, – дейді ғалым Анна Андреевна. Қазіргі кезде отыздан астам түрі өсіп-өнетін дала гүлін зерттеу жұмыстары ХVІІІ ғасырдың соңында басталған. Академик Питер Симон Паллас жетекшілік еткен экспедиция 1771 жылы Солтүстік Қазақстан аймағында алғаш рет қызғалдақты зерттеп, баспа бетінде жариялапты.Қазақ жеріндегі қызғалдақтарды зерттеу ісі – көптеген атақты адамдардың есімімен тығыз байланысты. Мәселен, кейбір зерттеушілердің бірнеше жылға созылған экспедициялары мен саяхаттары өте қиын жағдайда өтіп, қайғымен аяқталған. Мәселен, жасы ең болмаса отызға жетпеген зерттеушілер – Александр Леман мен Иван Кирилов Ресейге экспедициядан қайтып келе жатып, ұзын жолда ауырып қайтыс болған. Олардың және өзге де ғалымдардың аттары Алматы, Санкт-Петербург және көптеген батысеуропалық мемлекеттердегі ірі академиялық коллекцияларда, гербарийлік жапырақтар этикеткасында сақталған. Лемон, Шренк және Борщов қызғалдақтары ғылыми әлемге жақсы таныс.Алматы қаласындағы Ботаника институтында Қазақстан аймағынан А.Шреж, Г.Карелин, И.Кирилов 1840-1842 жылдары жинаған қызғалдақтардың ең ескі гербарийлік жапырақтары сақталған. Бір қызығы, дала қызғалдақтары республиканың барлық облыстары мен аудандарында мол. Республиканың батыс және солтүстік облыстарында гүлдің үш-төрт, Шығыс Қазақстанда – алты түрі болса, ал Оңтүстік Қазақстанда оның отызға жуық түрі таралыпты.

Қызғалдақтың жаны бола ма?

Көктемнің екінші айы – сәуірде Оңтүстік өңірлерде қызғалдақтар жаппай гүлдеп, даланы сұлулыққа бөлейді. Осындай кезде көп адамдар қызғалдақ теруге асығады. Ал көнекөз қариялар қызғалдақты жұлуға болмайтынын айтады. Неге? Бағзы замандарда ата-бабаларымыз қызғалдақ гүлін жұлмаған. Себебі, оларда қызғалдақты дұшпанға қарсы соғысқан ата-бабалардың жерге тамған қанынан пайда болған гүл деген түсінік болған. Расында, ол гүлдің түсі қып-қызыл әрі жапырағы мен қаузында қара дақтар бар. Сондай-ақ, «қызғалдақ» – қызыл+қан+дақ деген үш сөзден құралған атау. Уақыт өте бұл бұл атау қысқарып қызғалдақ деп аталып кеткен деседі.

Жапон ға¬лымдары арнайы микротолқынды қабылдайтын аппаратпен барлық өсімдікті зерттей отырып, өсімдік атаулының жаны, рухы бар деген ғылыми тұжырым жасайды. Олар қызғалдақты зерттеу барысында ерекше жайтқа куә болады. Құтыда өсіп тұрған бір қызғалдақты қайшымен қыр¬қып тастамақ болғанда, әлгі аппаратқа: «Маған қауіп төніп келеді! Қауіп жақындады! Төнді! Өлдім!» деген жазу басылып қалған. Ғалымдар осы кезде гүлдің діріл қаққанын аңғарған.Қасиетті Құранда барлық нәрсенің жаны бар екендігі туралы айтылғанын оқығанда, ата-бабаларымыз бен жапон ғалымдарының айтқандары ақиқат па деп қаласың.

Қызғалдақ гүлінің шипасы

Биологтардың айтуынша, қызғалдақтың лас ауаны тазартатын қасиеті бар. Расында, адам қызғалдақ арасында бірнеше сағат жүрсе, бойында ерекше қуат пайда болып, бір сергіп қала¬тынын сезеді.Қазақта «қызғалдақты жұлсаң, өмірің қысқарады» деген наным бекерге айтылмаса керек.

Қара қызғалдақ хақында

Қызғалдаққа талай атақты адамдар, патшалар айрықша құмартқан. Олардың ішінде Ришелье, Вольтер, австралиялық император ІІ Франц, француз королі ХҮІІІ Людовик те бар. Александр Дюма болса, «Қара қызғалдақ» («La Tulipe noire») атты атақты роман да жазған. Біз Қазақстанда қара қызғалдақты Торғай даласынан ғана көре аламыз. Қара қызғалдаққа байланысты 1673 жылғы 15 мамырда Гарлемде мынадай қызық бір оқиға болыпты: таңертең барлық бағбандар қоғамы, барлық гүл өсірушілер, бүкіл тұрғындар Ратуша алаңына жиналады. Халықты бағбандар қоғамның президенті М.Ван-Синтес бастап келеді. Бұл мерекенің алтын діңгегі қара қызғалдақтың өмірге келуі еді. Принц Оранский жиналғандар алдында сөз сөйлеп, қара қызғалдақтың өмірге келуі – адам айтса сенгісіз ғажайып оқиға екенін баяндап, ол М.Ван-Синтеске 100 мың гульден алтынды сыйға тартады. Сөйтіп, қалада «Қызғалдақ күні» тойланады.

Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген қызғалдақтар

1. Альберт қызғалдағы. Өсетін жері, аймағы: аласа таудың шағыс тасты баурайы, Шығыста – Балқаш – Алакөл флористикалық аумағында, Шу – Іле тауларында, оңтүстікте – Бетпақдала, Қаратау тауы мен шоқылары.

2. Биберштейн қызғалдағы. Сырт сілемінде, Тобыл – Есіл, Ақтөбе, Торғай, Мұғалжар, Батыс шоқырларында өседі.

3. Қосгүлді қызғалдақ. Тобыл – Есіл, Ертіс, Каспий маңында, Торғай флористикалық аймағында.

4. Борщов қызғалдағы. Торғай, Арал маңында, Қызылорда мен Қызылқұм флористикалық аймағында.

5. Қысқа аталық қызғалдақ. Жоңғар Алатауы мен оның сілемдерінде.

6. Грейг қызғалдағы. Қызылорда, Түркістан флористикалық ауданында, Іледе, Күнгей Алатауының батыс сілемдерінде, Қырғыз Алатауында, Шу – Іле тауларында, Қаратауда.

7. Алакүлте қызғалдағы. Алтай мен Торбағатай флористикалық аудандарында.

8. Кауфман қызғалдағы. Қаратауда, Батыс Тянь-Шань мен Қырғыз Алатауының батыс бөлігінде.

9. Колпаковский қызғалдағы. Жоңғар Алатауында, Іледе, Күнгей Алатауында, Шу – Іле тауларында, Қаратаудың шығыс тау етегінде, Қордай асуында.

10. Корольков қызғалдағы. Аласа тауларда, олардың етегіндегі құмды, сазды беткейде, Түркістан флористикалық ауданында.

11. Леман қызғалдағы. Құмда, түрлі-түсті тау жыныстарының жиынтығы бар жерде, Қызылқұм мен Түркістанда.

12. Островский қызғалдағы. Сазды шағыл тау беткейлерінде, сары топырақты тау етегінде, Іле, Күнгей Алатауы мен Меркі сайында, Шу-Іле тауларында (Қордай асуы).

13. Жатаған қызғалдақ. Тобыл – Ертіс, Көкшетау, Торғай, Қарқаралы, Зайсан, Арал маңында, Қызылорда, Батыс, Шығыс шоқыларында, Алтайда.

14. Регель қызғалдағы. Қызыл түсті сазда, шағыл тасты беткейде, Шу-Іле тауларында.

15. Шренк қызғалдағы. Сырт сілемінде, Тобыл – Есіл, Каспий маңында, Ақтөбе, Жем, Торғай флористикалық аймағында, Мұғалжар, Батыс Сарыарқада, Шығыс Сарыарқада, Ұлытауда.

16. Кеш қызғалдақ. Таудың шағыл тасты беткейінде, Іледе, Күнгей Алатауында.

17. Дарагүл қызғалдақ. Ашық жерлерде, тасты беткейлерде, Зайсан, Алтай мен Тарбағатайда.

18. Зинайда қызғалдағы. Таудың төменгі белдеуіндегі ұсақ топырақты, шағыл тасты беткейлерінде, шөптесінді – бетегелі далада, бұталар арасында, Қырғыз жотасында.

ІІІ.Қорытынды

Қазақстанда тың игергенге дейін, одан кейінгі 20-30 жылдың ішінде де дархан дала төсі қырмызы қызғалдақтармен құлпырып тұратын-ды. Көктем келіп, мамыр айы туысымен-ақ, ауылдың қыз-жігіттері қырға шығып, сан алуан түсті қызғалдақтарды тамашалап, гүл теріп қайтатын. Сол кезде қай үйге кірсең де қырмызы қызғалдақтың жұпар иісі аңқып, бөлме іші ерекше арайлы нұрға малынып тұратыны қандай ғажап. Тек кейде қариялар «Гүлдерді көп жұлмаңдар, тұқымы құрып кетеді», – деп ескерту жасайтын еді. Өткен ғасырдың сексенінші, тоқсаныншы жылдары автокөлік жолдарына жақын жердің бәрі егіске жыртылып тасталатын болғандықтан, қыз-жігіттер термек түгілі, қызықтайтын да қызғалдақтар қалмай, көп өңірлерде гүл өспейтін болды…

Шығыс ғұламасы Омар Хайям айтқан екен: «Қызғалдақ – раушан гүлге тең», – деп. Иә, сәні жағынан өсімдіктер арасында түрлі-түсті бояуы мен нәзік пішіні жағынан қырмызы қызғалдаққа тең келетіні жоқ. Қызғалдақ пен бәйшешек – көктем хабаршысы, сұлулық символы, махаббат белгісі. ХІІІ ғасыр ақыны Мушариддин Садидың өзі: «Қызғалдақтың сипатына салқын бұлақ сыбдыры, құстың сайрауы мен уылжып піскен жеміс бейнесі тән», – деген ғой. Тіпті, кезінде шығыста, Кіші Азияда, әсіресе Еуропада қызғалдақ гүл патшасы болып та есептелді.

Қазақстан – біліп ал,

Қызғалдақтың отаны.

Қызғалдақпен шықты ғой,

Біздің елдің атағы.

ІҮ.Пайдаланылған әдебиеттер:

1.«Маңғыстау» энциклопедиясы, Алматы, 1997 жыл;

2. Батыс Қазақстан облысы. Энциклопедия. — Алматы: «Арыс» баспасы, 2002 жыл.

3. Балалар Энциклопедиясы, 6 том.

4.Ғаламтор.

Ү.Ұсыныс:

1.Қызғалдақ гүлі өсетін жерлерде мал шаруашылығын алыстан жайса.

2.Қызғалдақ гүлі өсетін жерге күз мезгілінде тыңайтқыштар себілсе.

3. «Қызыл кітапқа» енген қызғалдақтар туралы баспаларда арнайы кітапшалар шығарылса.

4.Қызғалдақ өсетін жерлердің арам шөптерін үнемі тазалап тұрса.

Зерттеу жұмысының мақсаты:

Қазақстанда кеңінен тараған қызғалдақ гүлі туралы толық мағлұматтар ала отырып, қызғалдақтың пайдасын,«Қызыл кітапқа» енген түрлерін, шипасын, гүлдеу мерзімін, күтімін, көбейту жолдарын анықтау.

Міндеті:

Түрлі анықталған мәліметтерге талдау жасау.

Зерттеу жұмысының кезеңдері:

2012-2013 жылдар: таңдаған тақырып бойынша бар деректермен танысу.

2013-2014 жылдар: жинақталған мәліметтерді бір жүйеге келтіру.

2014-2015 жылдар: жан-жақты ғылыми зерттеу жұмысын жазып, жариялау.

Зерттеу жұмысының болжамы:

Қызғалдақтың ерекше қасиеттерін бойына сіңірген, оның адам өміріне шипасын, оның сұлулығын бағалай білетін тұлға қалыптасады.

Зерттеу жұмысының әдісі:

● Тақырып бойынша деректермен танысу

● Талдау жасау

● Қорытындылау

№ 51 орта мектебінің

4 «Д» сынып оқушысы

Ниязбаева Мерей Аликқызының

«Қызғалдақ гүлі» атты

зерттеу жұмысына

Пікір

Жоғарыда жазылған зерттеу жұмысының экологиялық маңызы өте зор. Зерттеу жұмысында қызғалдақ гүлінің басқа гүлдерден ерекшелігін, өсу процесін, қоршаған орта үшін маңызын, қазіргі таңдағы жағдайын дұрыс қарастырған. Бұл гүлдің болашақтағы тағдырына алаңдаушылық автор жұмысында анық байқалады.

Мерей зерттеу жұмысын жазу барысында көптеген көркем әдебиеттерді, газет-журналдарды, ғаламтор әдебиетін пайдаланған.Жұмыс жоспар бойынша жазылып, толық орындалған.Сонымен қатар Мерей жұмысын өз жас ерекшелігіне сай орындай білген.Алға қойған мақсатына жеткен.

Болашақта автордың ұсынысы қолға алынып, қызғалдақ гүліне қамқорлық жасау, оны қорғау, көбейту жолдары жолға қойылады деп сенемін.

Ғылыми жетекшісі: Чалбасова Жанар Мырзатайқызы

Бұл дипломдық, курстық немесе ғылыми жұмысты өзіңіз жазуға көмек ретінде ғана пайдаланыңыз!!!



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Пікір жазу