Өлеңдер ✍️

  10.07.2022
  88


Автор: Ғафу Қайырбеков

Братислава, бер қолыңды...

Братислава, бер қолыңды,
Қызығың көп орасан.
Сенде аяқтап мен жолымды,
Ертең ерте əрі асам.
Сəн сарайлар – тамаша ойлар,
Салып маған, қалды артта.
Бір күніңе жараса айлар,
Сонша əсерін жанға артқа!
Жаңа дəуір жолы жайнап,
Жатқан мынау, бейбіт күн.
Сен куəсі тұрған сайрап,
Ерлік пенен елдіктің.
Осынау елдің ер ағасы –
Еркін күнге ту ұстатқан.
Бізден сəлем жолдағайсың,
Жолдас Гусак Густавқа.
Ал, ақ кеме, желкеніңді аш!
Ал қызыл ту, желбіре!
Туған Отан күйіне бас,
Тостым кеуде мен міне!
Алда Вена, Австрия,
Заула кеме желкені.
Ол да бізге таныс бір ұя,
Бетховеннің мекені.
Онда Моцарт, Штраус бар,
Шуберт күй мен əн тұтқан.
Заманында күшті дауыстар,
Еуропаны жаңғыртқан!
Братислава, Братислава, –
Дария Дунай, зулап ақ.
Мақсаты зор, мұраты жаңа,
Чех пен туыс словак.
Братислава Киевпенен,
Туыс қала атанған.
Мен де сосын – сүйіп, сенен
Рахат кешіп аттанам.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу