Өлеңдер ✍️

  29.06.2022
  138


Автор: Марфуға Айтқожина

«ЖАС ҚАЗАҚ»

1
Дүние-ай!
Қандай зарлы, «Жас қазағың»,
Соғыстың елестетер ащы азабын.
Бұл менің –
Жазылмаған мұңлы жырым,
Бұл менің –
Көкірекке басқан əнім,
Ғаламат, қандай зарлы, «Жас қазағың!..»
Пенде жоқ соғыс десе, əлсіз менен,
Жүрек тоқтап қалғандай,
Жансыз денем...
Келеді көз алдыма, қырғын майдан,
Қалайша, сол бір елес,
Қалсын менен?!.
Япыр-ау, неге жалғыз, досы жоқ па,
Неге қарай береді осы жаққа.
Қансырап қар үстінде –
Жатыр ұлан,
Отан үшін –
Кеудесін тосып оққа!..
Кім көп бүгін,
Қазақта Төлеген көп,
Бірақ та,
Бірін сендей елегем жоқ.
Өшпейді, атың қазақ тірі тұрса,
Жаңғырып,
Ерлік болып келеді өрлеп!
Кіршіксіз таза қарға тамып қаның,
Жүрегің жатқан шақта,
Жанып жаның.
Кетті ме елес беріп сүйген ару,
Кезеді,
Кең даланы зарыққан үн...
Біз үшін өлмейтұғын мəңгі жассың,
«Жас қазақ» боп атанып,
Əнге ұластың!
Атыңды оюлаған құлыптасты,
Сипайды қанатымен –
Қарлығаш түн!..
2
Өлмейсің,
Өлген жоқсың,
Мəңгі жассың,
Атыңды алып кетті, таңғы тасқын!
Барасың құйындатып кең далада,
Жалында желдей зулап арғымақтың!..
Жазылып алтынменен атың жатыр,
Бітірген сол тас тұлға,
Ақынға тіл.
Сенің атың қырау боп
Шашқа қонып,
Көзімнің мөлдіреген жасында тұр...
Неге жалғыз,
Жанашыр досы жоқ па,
Неге қарай береді осы жаққа?!.
Қар үстінде қансырап –
Жатыр ұлан,
Отан үшін –
Денесін тосып оққа!
Беу, жас қазақ!
Əн салып күңіренем,
Сені айтқанда төгілер,
Тұнық өлең!
Сені айтқанда –
Ер қазақ елестейді,
Əйтпесе, бұл өмірден түңілер ем!..
Беу, жас қазақ!
Үйленбей қыршын кеткен,
Ойлай-ойлай,
Күрсініп жүрсін деп пе ең?!.
Сен секілді семсердей ер болмаса,
Жыр жазам ба,
Жүрегім дүрсілдеп мен?!.
3
Өлмейсің,
Өлген жоқсың,
Мəңгі жассың,
Атыңды алып кетті,
Таңғы тасқын!
Барасың құйындатып кең далада,
Жалында желдей есіп арғымақтың!.
Қалдың сен, бүршігінде –
Сол көктемнің,
Қалдың сен,
Арманы боп бойжеткеннің!..
Бұлбұлдар жыр төккенде,
«Жас қазақ» – деп,
Жанымды елжірете,
Тербеткен мұң!..
Аяулы не бар,
Ана сезіміндей,
Тербеген ұзақ таңға көзін ілмей!..
Боздаған, боз інгендей,
Боздағым деп,
Не өлі, не тірісін өзі білмей...
Жазылып алтынменен атың жатыр,
Сол тас тұлға,
Бітірген ақынға тіл.
Сенің атың –
Қырау боп шашқа қонып,
Мөлдіреген көзімнің жасында тұр!..
Келіп тұрмын басыңа гүлімді алып,
Айтпасам да сезесің,
Сырымды анық.
Тірілерден түңіліп, өзіңе айтам,
Неге күліп,
Неліктен жүрмін налып?!.
Дүние-ай!
Қандай зарлы, «Жас қазағың»,
Соғыстың елестетер ащы азабын.
Бұл менің –
Жазылмаған мұңлы жырым,
Бұл менің –
Көкірекке басқан əнім!
Ғаламат, қандай зарлы, «Жас қазағың!..»




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу