Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  150


Автор: Мұрат Шаймаран

Студент сағынышы

Қысқы кеште, пеш түбінде
Ұршығыңды иіріп,
Отырсың ба, жаным Апа,
Көздеріңе мұң ұйып?!
Мазасыз бір түн үңіліп,
Боран əнге сала ма?
Кештеу қайтқан тентегіңдей
Терезеңді қаға ма?!
Отырсың ба секем алып,
Əлде неден алаңдай.
«Ер төстік» пен «Нан батырды»
Тыңдайтын жан таба алмай?!
Қиялшылдау жым-жырт бөлме,
Үмітіңді сабақтай,
Қуандың ба менен барған
Əр хаттарды парақтай?!
Терең сенің əжіміңде,
Аналардың бар мұңы.
Бір аллаға тапсырдың ба,
Жалғызыңның саулығын?!
Қысқы кеште, пеш түбінде,
Ұршығыңды иіріп.
Отырсың ба, жаным Апа,
Көздеріңе мұң ұйып...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу