Өлеңдер ✍️

  09.05.2022
  153


Автор: Сабыр Адай

Тойлы ауыл

Той болды тоғыстырған ақ арманды,
Ақ жаны алты алаштың жаңарған-ды.
Домбырам төрден орын босатайын,
Сөз сөйлеу бұл алқада саған қалды.
Алты қыр, жеті белес, аспаным нұр,
Таусылмас атамекен дастаным бұл.
Басына əр жүректің ту қадаған,
Бек сауыт, берен қылыш жастарым жүр.
Өңкей бір қарлығаштар қара қанат,
Сайрайды сары белді аралап ап.
Ескінің аман болсын дəстүр-салты,
Жасарып жарқырай бер, жаңа қазақ!
* * *
Бір жүрген пəкті қолда, ақты ұмытпа,
Елді ойлап, ерте оянған жасты жықпа.
Қасында ер жігіттің періштесі,
Періште семіреді жақсылыққа.
Елді сүй, ер екенің мəлім болсын,
Іздеген іздегіге тəлім болсын.
Жас болсын жанып күйген Отаным деп,
Баталы бағыт берер кəрің болсын.
* * *
Жүрегіңді сазбен тербеп шайқадым,
Əлдиімді əнге қосып айтамын.
Жел боп сені құшқан жаңа мен едім,
Байқадың ба?!..Енді, əрине, байқадың.
Күліп қойдың,
Біліп қойдың, бəле қыз,
Сұлулардан бар ендеше дəмеміз.
Тілек бірге,
Жүрек бірге, əн егіз.
* * *
Жер сырына жел жеңешем қанық-ты,
Боз төбеден боздау əнге салыпты.
Кеше ғана бірге жүрген ағаның
Кесенесін құс мекендеп алыпты.
Міне жаным, біздің көңіл көктемгі,
Өксіп айтып қайтем енді өткенді.
Қызғалдаққа қызыл көз бұлт бұршақтап,
Оны да сол отап кетті, көп көрді.
Құз басынан жалғыз марқа маңырап,
Таңғы бұлттар бара жатты жамырап.
Түсінбейсің, түк бітіре алмайсың,
Қайран өмір əрі сор да, əрі бақ.
Күн күліп тұр
Көктен қарап бəріне,
Көктем-қыздың көз жасына қанып ап.
* * *
Менің жұртым,
Менің ұлтым тым асқақ,
Шыңдары тұр, растап.
Болашаққа бел шешіп,
Ұлы көшке ұласпақ.
Менің халқым,
Менің сертім айқын-ды,
Қанағатшыл, қайтым-ды.
Көңілінде көктем тұр,
Жанарына ай тұнды.
Менің халқым,
Бар халыққа бақ тілер.
Жақын білер, жат білер.
Босағасы періштелі елімнің,
Қара кетіп, есігінен ақ кірер!
* * *
Ақ қағазға өлең қонды аппақ боп,
Сарымайдай жүрген сырым сақтап көп.
Ерінімнен ерке қыздар гүл терді,
Жыр кəусарын татпақ боп.
Айдын көрсең біздің көңіл шалқыған.
(Тағдырымыз шықты талай талқыдан.)
Біздің мұңның жаратылған демінен,
Қыр астында бар тұман.
Бірде күліп, бірде үнсіз телмірген,
Егеуліге найзасы сай ермін мен.
Батар күн боп жырым аунап барады,
Қырық азу сеңгірден.
Жайлауында арман жатыр ақ күннің,
Бұрымыңды неге серпіп лақтырдың?
Саған алғыс сардар құмның белесі,
Перизатқа тап қылдың.
Өліп-өшіп сүйдім оны лапылдап,
Уыз емген қошақандай тақымдап.
Қара өлеңге жайдақ мініп жөнелдім,
Əр төбеде атым қап.
Өлең ұқты, саз тербеді, əн ұқты,
Нұрмен шылап жүрек деген қалыпты.
Қара өлеңнің жағып өткен шырағын,
Қара бала сүйеді сол халықты.
* * *
Қарлығаш бауыр ақ тілек,
Тұмарын маған тақты кеп.
Дидарын көзбен аймалап,
Жөнелдім: «Жаным, жақсы!» – деп.
Еселеп жылап еңкілдеп,
Тағдырды жатты жел тілдеп.
Қол бұлғап тұрды түндігі,
Қоңырша үйдің желпілдеп.
* * *
Жүректің тіліп таңдайын,
Жырлайын, жырсыз қалмайын.
Хан-Тəңірі өлең жүр,
Халықтың сұрап хал-жайын.
Жағаластым жандастым,
Батпақ та кешіп, шаң бастым.
Алла бір ілсе мойынға,
Аманатты алмас кім?!
Аманат-жырдың құрбаны,
Кеуденің қалды құр жаны.
Тəңір сүйіп жүк артса,
Бақыт қой енді бұл-дағы.
* * *
Сары да жібек салқам қыр,
Сері де болсаң əн сал жүр.
Алладан тілеп
Ақ сөйлеп,
Аяғын басты алшаң құл.
Шартабақтай күміс күн,
Күн сүйген көктен ұлыспын.
Сайғақты сайға дұға ғып,
Сүйегім сыздап құрыстым.
Шешілген күміс белдігі,
Тағдыры күмəн ендігі.
Ерлердің ары қаншалық,
Дəл солай болмақ, Ел құны!..
* * *
Бейбіт күн деген балапан,
Қазекең біздің қаз сынды.
Бауыры суық ала таң,
Қазақ пен қазға жаз сынды.
Бағзының сапар-намасын,
Баянын тауып жеткіздім.
Қазақ Атамның баласын,
Ақындай сүйер шексіз кім!?
Сағымға мініп ен далам,
Үндемей қашты мыстан құм.
Не демексің, Сен, маған?!..
Мен деген – Қазақстанмын!
* * *
Сыңғырайды əз жанымның сарайы,
Жүрегімнің аша көрме қақпасын,
Сығалаған сұқты көздің талайы.
Кір жұғады қарашықтан қараса,
Жүрегімнің аша көрме қақпасын,
Ниетіңнің уы қайттім тараса.
Өлең сүйген, өмір сүйген байқар жан,
Жүрегімнің аша көрме қақпасын,
Көз тиеді көркем жырға жайқалған.
* * *
Жүрегімнің қара бұлау жанары,
Жыр боп міне тамады.
Елжіредім, мөлдіредім, тозындым,
Көгендегі көп байланған қозыңмын.
Естисің бе, күңіренген үнімді,
Жасырмашы алақанмен күнімді.
Жыр боп ұшып кеттім тағы дүркіреп,
Тілегімді отыр менің кім тілеп?..
Көресің бе
Мені айналып қалқып жүр,
Ақша бұлттар өлең болып сіркіреп.
* * *
Жаз өтті деп жаны қалмай безілдеп,
Торғай біткен бір сұмдықты сезінбек.
Қанатының қауырсыны дірілдеп,
Тұмсығымен тарап жатыр біріндеп.
Білмедім мен түсінбедім мұң-зарын,
Тор ішінде менің де сол тұр жаным.
Қайда кетпек, неден қашып құтылмақ,
Өткен күннен өмір солай ұтылмақ.
Секем алып, өз-өзінен үркініп,
Сосын байғұс жем іздеді түртініп.
Мен де кеттім тұрмыс қамы желкелеп,
Кешегіден тұрып сəл-пəл ертерек.
Көңілімнің босатайын күбісін,
Жаратылған жан едім ғой жыр үшін.
Жыр-жапырақ сарғайдыма сарқынып,
Өмір деген бүтін қайғы, жарты құт.
Бейкүнə жан, адал шырыл ақ торғай,
Келіп жүргін сорлы ақыннан жат болмай.
Тереземнен қара да тұр үңіліп,
Сені көрсем қуанамын жүгіріп.
* * *
Көрген түстей көңілімнің елесі,
Көп тағдырдың көрінбейді кемесі.
Батар тұсым анау дейді құба таң,
Қорымдардан қолын бұлғап тұр атам.
Мырза күннің дастарқаны тарылды,
Қонақ қылсам деп едім бір бəріңді.
Аяныштың ақ кірпігі жаңбырлы,
...Көңілімді қалдырды.
* * *
Саған тілеп сəттіліктің сапарын,
Көңілімнің көзін сүртіп жатамын.
Менің жаным сыр сандықтай құлыпты,
Жырдан басқа ол байғұсты кім ұқты.
Жүрегімнің алақанын жайылған,
Қандай сұмдық ақ құсынан айырған.
Неде болса аяқтадық ғұмырды,
Ару қайда ағалаған бұрымды.
Лебізінде көктем бар-ды гүл еді,
Қандай күйде екен оның жүрегі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу