Өлеңдер ✍️

  25.07.2021
  187


Автор: Сәкен Иманасов

Жау шықты ма, біле алмадым, іргеден

Жау шықты ма, біле алмадым, іргеден,
біле алмадым, қайда барып күн көрем,
жан-жағымды қарманумен қарашы
келе жатқан сияқтанам түнде мен.
Қайда қалып қойдым әлгі дүрмектен,
тас қараңғы меңіреу түн бүл неткен!
Ақыл-есім ауысқан ба, құдай-ау,
баяғы бір дауыстан да құн кеткен.
Көптен бері ірімей де шірімей,
көкірегіме алды ұялап бір үрей,
әлденелер тап-тап беріп тұс-тұстан
әне-міне жұтқалы тұр тірідей?!
Тоз-тоз болып кетті қайда түс-теңім.
Құзғындар-ай, біле қойған күш кемін!
Әзірейіл сияқтанып әлдене
әудем жерден ақситады тістерін.
Құрып бара жатқандай ма дәрменім,
қолдан келер қандай айлам бар менің?
Қараңғыны қарманғаныңна болайын-ай,
бақыра ма,.. шақыра ма әлдекім?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу