Өлеңдер ✍️

  11.06.2026
  46


Автор: Оралбек Бек

Төрттағандар 3

 


Шығармаған ешқандай бір бүлікті,
Бұл ағашты содыр дауыл жұлыпты.
Жанға сая, кетті қанша көлеңке,
Қушеке жел неге мұнша желікті.


***
Міз бақпастан аспан төрін айналып,
Тазқара жүр бір сойқанды ойға алып.
Құшақ жетпес қос қанаты қалғандай,
Көк аспанның кіндігіне байланып.


***
Болар іске үлкені еткен төрелік,
Өз алдына дәстүрі бар ел едік.
Өзге салтпен қайда кетіп барамыз,
Алтын топшы* қалды ма, шын көнеріп.


***
Құрт шығады неге шырын алмадан,
Дүниеде қанша ойсыз бар надан.
Ақылдының шатасқаны түк те емес,
Ақымақтар ақыл айтса - сол жаман!


***
Тау сілкініп кейде бойын жазады,
Жабылардан заты айғыр да озады.
Домбырамның қос ішегі долданса,
Шабыс тілеп менің де арқам қозады.


***
Иір-шиыр жолмен жеке жортады аң,
Қас батыр бар топты жалғыз жайпаған.
Қағаз, қалам емес жаугер мақсаты,
Оқымысты, кетші шығып ортадан.


***
Толқын атып асып-тасқан арнадан,
Теңіз мұңы шамшырақ қой жанбаған.
Жүрегіңнің қобалжуын басады,
Жалғыз шумақ ерлік жайын толғаған.


***
Көңілдің де наласы бар жұптайтын,
Өзек те бар сыбағасын ұрттайтын.
Біле білсең күнің де бар батпайтын,
Таңың да бар күрсіністен атпайтын...


***
Жарлық бердің түсінбейтін еш адам,
Бейбіт елге оқ атқызып тасадан.
Ортаға шық түзу болса бір сөзің,
Шыға алмасаң мұндай істің несі адал?!.


***
Қарусызға атой салу не керек,
Ойламаңыз іс еттім деп керемет.
Ережеге сай келмейді ол ешқашан,
Миға қағып алсаң дағы шегелеп.


***
Қашты кенет таудың басы бұлаңдап,
Тұрушы еді аспан жақтан сыр аңдап.
Әр бұрыштан шықты өсекші жұлдыздар,
Кірпіктерін ашып-жұмып сылаңдап...


***
Құм түтейді, жердің беті қып-қызыл,
Ыстық желдің тілі бүгін тіпті ұзын...
Төрт бүктелген түйелердің шудасын,
Шоқ жалатып, түтіп жатыр отты жын...


***
Қазақ жері қасқыр түкті қайда да,
Аспаны ашық, күн де жаңа, ай жаңа..
Қазақ жері кейбір нойыс айтқандай,
Болған емес ешқашанда айдала...


***
Қараңғылық түсті міне, күн батып,
Сапарласым мұң да жетті түн қатып.
Ыстық жел жүр бағаналар сымдарын,
Тұмсығымен түртіп қалып жырлатып.


***
Алар ма екен жүрек, бауыр, жан демін,
Әлде, бәрін, бұзар ма екен әлдекім...
Үміт, сенім, жұбататын сезімді,
Қиялдағы кездесуім бар менің.


***
Сезім-сезім, болмаған еш олжалы,
Көріпкелдің келді айтқан болжамы.
Бәдәуидің тонын киген қу көңіл,
Сапарынан қайтар ма екен бұл жолы...


***
Бөлме үнсіз, сезім де өлді, тыныштық...
Дем жетпейді, ауа қайнап тым ыстық.
Үміт үркіп терезеден ол кетті,
Бұл жайында жақ ашпауға тырыстық.


***
Ессіз тағдыр түк қалдырмай жалмады,
Иықта да, баста да түк қалмады
Сұлбама бір қарады да таң қалып,
Қу тәңірдің шошайды бас бармағы...


***
Қиқар тағдыр ғашықтарды қосқан ба,
Өзек болсын бұл жыр да бір дастанға.
Еріп кетіп таңғы арайдай сәулеңе,
Ауадай боп қалдым қалқып аспанда.


***
Табиғатта белгіленген жотасы,
Сезімнің бар шырқау шегі нотасы...
Білесің бе, бәрінен де ең күшті,
Жүрек екен махаббаттың атасы?


***
Оралбек 'Бек




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу