Өлеңдер ✍️

  26.05.2025
  178


Автор: Самрат Құскенов

Еркінмін


Өзім білем, жатам, тұрам, шабамын,
Өз орнымды жаңылсам да, табамын.
Өз ойы бар мықтыларға сыйлымын,
Өз ойы жоқ "құлдарға" тек табамын.



Өйткені, мен ЕРКІНМІН ҒОЙ, ЕРКІНМІН,
Істің бәрі қалауы өз еркімнің
Адал жолмен ғұмыр кешкен өзінше,
Несібесін тартып алған ер кімнің?



Шыншылдық пен турашылдық - дертім де,
Тура жолда жүру - берген сертім де.
Тәуелді боп қалмау үшін біреуге,
Қыран құсқа керек екен ЕРКІН ДЕМ.



Қарап сөйлей алмаймын еш көңілге,
Содан сыймай жүрмін мына өңірге.
"Еркінұлы", "Еркінқызы" көп шығар,
Еркін ойлы адамдар аз өмірде.



Еркін айтам, жасырмаймын ойымды,
Азығымды алам, созып мойынды.
Тірлік етем, кетпеу үшін еркінсіп,
Бос мақтаудан аулақ ұстап бойымды.



Тәуелсізбін, осы менің атағым,
Арсыз, құнсыз сыйлықта жоқ шатағым.
Еркіндіктің қасиетін білген соң,
Еріксізден жұмыс істеу - жат ағым.



Мен - Еркінмін, басым сыймас ноқтаға,
Мінезімді "классиктер" боқтаған.
Шаршамаймын қарсы жүзіп ағысқа,
Жан емеспін күресуден тоқтаған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу