Әңгімелер ✍️
ҚАБІРСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНАНБЫЗ!
Қалғып отырған хатшы қыз кенет есіктен ентелей кірген скелетті көргенде, шашының арасында шайтан жүргендей шыңғырып салды да, басы сылқ етіп талып қалды. Қарсы бөлмеден әкімнің көмекшісі атып шығып:
--Сіз... сіз кімсіз?—деп сұрады. Жүрегі жыртыла жаздады...
--Қабірстан Республикасынанбыз!—деген скелет басымен оның басын соғып қалғанда, анау есінен танып, шалқасынан түсті. Кабинетке сықырлай кіріп келгенде, әкімнің де зәресі бозторғайдай ұшты... Сасқанынан:
--Сіз... сіз қатты азып кетіпсіз... Сықырлап, қу сүйегіңіз қалыпты...—деді жаны ашыған сыңай танытып. Скелет орындыққа келіп отырды. Қабырғаларының арасына қыстыра салған сигаретін алып, асықпай тұтатты. Түтіні қабырғаларының, жақ сүйектерінің арасынан шығып жатты...
--Апай...
--Қандай апай?
--Кешіріңіз ажырата алмай тұрғаным...
--Сендер нені ажырата аласыңдар өзі? Еркек скелетпін... Кенет ақ жайма жамылған әйел кіріп келді.
--Біз Қабірстан республикасынанбыз!—деді әйел бұрын кірген скелеттің қасына отырып жатып,--кешіріңіз, мен кеше өлген әйелмін. Қазақстанда ақшасы жоқ сырқаттар «оптом» өліп жатыр... қала ауруханаларында ажал кезегінде тұрғандар көп.
--Хош ке-келдіңіздер... Ш-шаруаларыңызды айтыңыздар,--деді әкім алдындағы графиннен су ішіп жатып. Көздері шығып барады.
--Мен мына скелеттің әйелімін. Атым-- Қатипаш. Свежи өлікпін. Күйеуімнің өлгеніне он жыл. Сіздер, өлгендерге маза бересіздер ме осы?
--Не болып қалды, әруақ апай?
--Жер бетінен естіп жатырмыз, осыдан бір ай бұрын қайтыс болған атақты әншінің қабірін бір тірілер даулап жүр дейді ме? Ол жер келесіде өлетін туысыма тиесілі дейді ме...
--А... ия. Сондай бір арыз түскен...
--Тірілерге кеңсайдан жер учаскесі алдын-ала беріле ме не?—деп қалды скелет. Сосын сықырлай орнынан тұрып, әкімнің иығына сүйекті қолын салды. Әкімнің үстінен тер сел болып ақты.
--Ж-жоқ. Орынбасарым оңдырмай жүр...
--Не, проблема керек пе сендерге? Біз жаққа ертерек көшіп келгілерің келе ме?
--О, не дегеніңіз, --деген әкім есін жиып алды,-- скелет көке, коньяк ішесіз бе? Әлде кофе?
--Немене, мені алқаш өлік деп ойлайсыз ба? Кофеңді көзіңнің ішіне құй! Бізге шәй болса да жетеді...
Әкім столының бүйіріндегі түймені басты. Ішке төбе шаштары қақиып қалған көмекшісі кірді.
--Шашыңызға не болған?
--«Прическам» ғой,--дей салды көмекшісі қалтырап. --Мен хатшы қызды шақырдым...
--Ол басына шелек төңкеріп алып отыр. --Кірсін...
Көмекші жігіт хатшы қыздың қолынан сүйреп, әрең кіргізді. Сонда да, басындағы пластмасса шелекті алар емес.
--Басыңыздағы шелекті алыңыз,—деді әкім.
--Қойыңызшы, қорқам...
--Қонақтарға шәй әкеліңіз...
Хатшы қыз кетісімен « свежи» өлік:
--Өкпеміз қысылып, Кеңсай зираты күннен күнге тарылып барады. Демек, халық арасында өлім-жітім көп. Шенеуніктер аз өледі. Жағдайлары жақсы,--деді.
--О не дегеніңіз, құдай қаласа өлеміз... Қайтыс боламыз...
--Сонда сіз жерленген қабірді ертеңіне біреу «менің жерім» деп даулап жатса ше? Ол ол ма, Кеңсайдан қабір сатып, ақша табатын сұмырайлар да бар дейді,—деді скелет ашуланып. Тіпті, орнынан тұрып кетті. Ашуланғаны соншалық, сүйек басы жерге домалап түсті. Ішке қалтырай шәй әкеле жатқан хатшы қыздың алдына қу бас домалай барғанда, ана қыздың тілі байланып қалды. Сосын кабинеттен тұра қашты.
--Қайда барасыз? Қонақтардан ұят болды-ау!—деген әкім де кабинеттен қаша жөнелген, қарсы келе жатқан тағы бір скелетке соқтығысып қалды.
--Кешіріңіз...
--Оқасы жоқ, әкім мырза. Мен-- Менмін ғой. Бес жыл бұрын мені тапсырыспен атып кеткен. Озық ойларымды ашық айтқаным үшін...
--Кабинетке кіре беріңіз, мен қазір...—деген әкім зуылдай қашып, ғимараттан шыға берген... Есік алдында бір қора скелеттер тұр екен. Шеруге шыққан сыңайлы... Қолдарында плакаттар, ұрандар. «Жасасын, жарық дүние!» «Біз де сіздердей болғанбыз, сіздер де біздей боласыздар!», «Мұнайлы ел, мұңаймаңдар!» «Қабіріміздің басындағы көк тастарды қиратпаңдар!» деген жазуларды іштей оқыған әкімнің көздері қарауытып, құлап бара жатты... Бір кезде бір көзін сығырайта ашып: «Өлгім келмейді..» деді. Құдай сақтасын, өлмей-ақ қойсыншы...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇