Міржақып Дулатұлы (Сөз ақыры)

 Міржақып Дулатұлы (Сөз ақыры)

Жақындап келді сөзім тамамына,
Ұсындым сынаушының назарына.
Орынсыз хатам болса көрсетіңіз,
Ғибрат еске түсіп аларыма.
Бұл сөзді жазғаным жоқ ақын болып,
Халық тентек, жалғыз өзім мақұл болып.
Қайғы мен хәл мүшкілін білдіргенім,
Ұйқыда жұрт жатқан соң ғафыл болып.
Қазақтың өзім дағы баласымын,
Білемін сол себепті рәсімін.
Хәйламен қақпан құрған жауды көріп
Теріс пе сізге келіп сыр ашуым?
Мүсанниф* әр халықтан өткен сайрап,
Заманның кемшілігін айтқан зарлап.
Үзілмей данышпандар шығып жатыр
Мәлләтке жаны ашып, ғамын ойлап.
Орыста Пушкин, Гоголь, Лермонтов,
Крылов, Тургеневтер кеткен өтіп.
Қартайып бұл уақытта Толстой тұр
Өзіне мәсіләктес ерлерді ертіп.
Казақта бұлар теңдес бар ғой шешен
Халықтан мойны озып болған көсем.
Семейден шықты Ыбырай Құнанбаев,
Сөзінде хате бар ма сынап көрсең.
Ақын аз Байтұрсынов Ахметтей,
Сөзі алтын, мағынасы меруерттей.
Оқыған ғибрат алып жас жігіттер
Әммесі өз халқына хызмет еткей.
Оралдан Әбубәкір молла шықты,
Омбыдан Қыпшақбайдай жорға шықты.
Торғайда Ақмолла мен Нұржан жатыр,
Шөже, Орынбай, Мәшөр Жөсіп о да шықты.
Бұлардың хәрбір сөзі файдаға асқан,
өнерін хатқа жазып халыққа шашқан.
Мақтап өлең айтпаған нәрсе алуға
Ғажайып хикметтің* кілтін ашқан.
Бұлардан басқа ақын көп сөз бұлдаған,
Бергенді мақтап, сараңды жамандаған.
Есімін оның үшін жазбаймын мен
Болған сон, хадемлардан саналмаған.
һәр баптан білгенімді жаздым сорттап,
Барыма қанағат ет деме жоқтап!
Артуын абыройдың хақтан тілеп,
Етілді сөз мұхтасар* қалам тоқтап.

*мұсанниф -автор, құрастырушы
*хикмет -даналық
*мұхтасар -қысқартылған

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі
» қазақ тілі тестілеуде_келген_сұрақтар_зерттеуші
» Наурыз мейрамы Қазақстанда жаңа форматта тойланады