» » » Өлең: Шәкәрім Құдайбердіұлы (Иесіз қорада)

Өлең: Шәкәрім Құдайбердіұлы (Иесіз қорада)

Өлең: Шәкәрім Құдайбердіұлы (Иесіз қорада) казакша Өлең: Шәкәрім Құдайбердіұлы (Иесіз қорада) на казахском языке
Жапанда жалғыз жаттым елден жырақ,
Көп іші болмаған соң маған тұрақ,
Жасымнан сүйген өмірім – оңашалық,
Қартайып, алжып тұр ғой деме, шырақ!

Ешкімге тезегімді тер демеймін,
Ет асып, шай қайнатып бер демеймін,
Жұмысты әлім келген біреуге артып,
Құлданбақ азаттарды жөн демеймін.

Қалса да халқым білмей өлгенімді,
Дағдырға байқадың ба көнгенімді,
Кез болып кезіп жүріп өз басыма,
Айтайын бір азғана көргенімді.

Мен биыл жалғыз жаттым, елден қалып,
Жүргем жоқ ит жүгіртіп, бүркіт салып.
Аулақта ойға келген өлең жазып,
Қонушы ем еріккенде елге барып.

Кетуші ем құлып салып елге кетсем,
Барушы ем отын алып, қайта жетсем.
Жатушы ем бірнеше күн жапа-жалғыз,
Өлең мен жыр жазуды талап етсем.

Бір күні барып едім иесіз тамға,
Келіпті екі кісі осы маңға.
Тамақ қып ұн, майымды жеп кетіпті,
«Аңшы ма, әлде кім?» деп қалдым таңға.

Жүр едім сол екеудің ізін шалып,
Гепеудің солдаттары келіп қалып:
«Қашқынмен хабарласып жүрсің ғой»,– деп,
Әкетті Байқошқарға ұстап алып.

Ар қарай Байқошқардан бара жатып,
Арқар деп, қараңғыда бір қойды атып,
Тимеді еш бір оғы тоқтысына,
Солдаттар төрт атса да тарсылдатып.

Қойы екен Миғраждың иесіз кеткен,
Оқ тиіп саулығына қаза жеткен,
Қой менен екеумізде түк жазық жоқ.
Күнәміз – еркін өмір талап еткен.

Мені олар Бақанасқа алып барды,
Бастыққа жайымды айтып хабар салды:
«Аламын ертең жауап шайдан кейін,
Бір үйге қондыр,– депті,– кәрі шалды».

Айтмырза солдаттармен келген бірге:
«Тамақтан,– деді маған,– үйге кір де».
Әріннің үйіне әкеп қонақ қылды,
Деді де: «Ертең жолық командирге».

Сол үйде әбден тойып тамақтандым,
Жайланып жылы тамда жатып қалдым.
Таң атып, шайға қанып алғаннан соң,
Командир шақырған соң, соған бардым.

Ол менен жауап алды кідірмей-ақ:
«Жансың,– деп,– нағып жүрген жеке саяқ?»
Босатты, біраз жауап алды-дағы,
Ұққан соң өмірімді бастан-аяқ.

Қой өлді, төрт атса да тоқтысы сау,
Немене шын кездейсоқ емей мынау?
Толық ерік шын адамда жоқ екенін
Ойласаң, осы сөзден байқарсың-ау.

Қайтер ем сонда мені қойса жауып,
Жалғанмен құтылған жоқ айла тауып,
Шынды айттым, шынға нанды, шын – сүйенішім,
Жұғар деп аққа пәле қылман қауып!

Қорама анау келген екі кісі,
О да екен гепеулердің шолғыншысы,
Таба алмай жаман тамды, түнде аш жатып,
Кез келіп, тамақтанып кеткен ісі.

Дүниенің кезі билер көп жұмысын,
Мінеки, кездейсоқтан көрген ісім,
Дағдырдың толқынымен ағып жүріп,
Айтайын көргенімнің екіншісін!


Иесіз қораға екінші барғанда

Қораға сенбі күні тағы бардым,
От жағып, шай қайнатып, отын жардым.
Ұдайы күні-түні боран болып,
Елсізде екі күндей жатып қалдым.

Күрсініп, күрілдеп тұр мұңлы боран,
Дегендей «сорлы шалым, кебінге оран».
Қақпаға сирек шарбақ пана болмай,
Қар болды шошала мен тамам қорам.

Ақ қырау үсті-басы қоңыр аттың,
Қар басты аққан көзін тас бұлақтың.
Атымды суғара алмай, қарлатамын,
Тапжылмай сол қорада үш күн жаттым.

Шарбақты қара жіппен тартып байлап,
Ішінен пішен тығып, қойдым жайлап,
Атымның үстін сүртіп, пішен салсам,
Оқыранып, су сұрайды «ағатайлап».

Сөйлестім сол атпенен біраз ғана,
Бар ғой деп айуанда да ақыл-сана.
«Шыдай тұр біраз күнге, жануарым,
Барармыз, күн ашылып, елге жаңа».

Ол айтты: «Мен шыдармын қарласам да,
Неше күн Байқошқарға бармасаң да.
Ішетін ыстық қылып отының жоқ.
Боранда таба алмассың қармасаң да».

«Әкелгем әнеу күні жіпке тағып,
Жартысын шолғыншылар кеткен жағып,
Қалдырдым күнге сенбей, біраз отын,
Сақтанбай, көп жағайын оны нағып».

«Ей, ием! Елсіздегі сен бір кәріп,
Тағы боп, жапан дүзде жүрсің арып.
Қуарып қу далада жатқаныңша,
Боранда жылынсаңшы елге барып».

«Бұл боран кетірді ғой елдің күйін,
Киіп ап, малын жайлап, жыртық киім.
Қысылып жүрген шығар әбігер боп,
Барудан пайда шықпас жалғыз тиын.

Оларға осы боран – ауыр қонақ,
Бармаған күн ашылмай болар жөн-ақ,
Қыспенен «мені күт» деп бірге қыспай.
Жатамын өлсем-дағы, сөзім – сол-ақ!»

Автор: nurgul95 | 99 |


Комментарии для сайта Cackle


Загрузка...

KZ / Өлеңдер жинағы, шәкәрім құдайбердіұлы Иесіз қорада өлең стихи на казахском шакарим кудайбердиулы олен казакша, шәкәрім құдайбердіұлы өлеңдері, шакарим кудайбердиулы олендери, шакарим кудайбердиулы стихи на казахском, Иесіз қорада, шәкәрім құдайбердіұлы Иесіз қорада өлең стихи на казахском шакарим кудайбердиулы олен казакша шәкәрім құдайбердіұлы өлеңдері шакарим кудайбердиулы олендери шакарим кудайбердиулы стихи на казахском Иесіз қорада, Өлең: Шәкәрім Құдайбердіұлы (Иесіз қорада) қазақша өлеңдер жинағы скачать бесплатно олен казакша махаббат туралы стихи на казахском языке стихи на казахском языке стихи с днем рождения на казахском языке