Шәкәрім Құдайбердіұлы (Қатты ауырғанда)

 Шәкәрім Құдайбердіұлы (Қатты ауырғанда)

Жасымда аңда жүрген жақта,
Азаттық өмір сүрген шақта,
Шаттанып жүрдім шалықтай,
Оңаша өмір сүргенім-ай!
Елсізде еркін жүргенім-ай!
Қайғырмай, қажып қамықпай.

Жиырма жетінші февральда
Ентелеп келдім иесіз тамға,
Жатуға жалғыз жалықпай.
Іш ауру болып науқастанып,
Үш сөтке ұдай ішім жанып,
Құр терім қалды қабықтай.

Тілімде – тәубә, жүректе – иман,
Тілекті тілеп ойға сыйған,
Жалындым хаққа жабықпай.
Иманымды үзбей жаттадым-ай,
Тыпыршып тыным таппадым-ай!
Қайраңда қалған балықтай.

Жапанда жалғыз жатқаным-ай!
Аурудан азап тартқаным-ай!
Тәңіріме жайым мәлім-ай!
Дәрменім қалмай тұруға да,
От жағып, денем жылуға да,
Мұздай боп қатты-ау тәнім-ай!

Ішімді бұрап, өртеткені-ай,
Жанымды көзге көрсеткені-ай,
Азайып кетті-ау әлім-ай!
Қырынды менен қан өткені-ай,
Әлісін әлі және өткені-ай,
Таусылып тамыр қаным-ай!

Ішегім шаншып тұрғанын-ай,
Тым қатты шөлдеп тұрғаным-ай,
Сусынға тағы жарымай!
Төсекте жатып қалғаным-ай,
Тұрайын десем, талғаным-ай,
Бастырмай екі саным-ай!

Ұстауға қолдан әл кеткені-ай,
Аяқ пен белден жан кеткені-ай,
Қалмады қуат дәнім-ай!
Өлімді арман көрмедім-ай,
Қиналмай бірақ өлмедім-ай,
Қайтейін, қайран жаным-ай!

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?