Күләш Ахметова (Әке сөзі)

 Күләш Ахметова (Әке сөзі)

— Жанарынан жау жүзі жасқанатын,
Қадамынан жақсылық басталатын,
Кірлетпейтін замандас жастар атын,
Қуантатын ата-ана — қос қанатын
Ұл болу үшін, әке, не істеу керек?
— Зер сал, балам, мынадай ұлағатқа.
Ұяны атпа! Арам ой ұялатпа!
Адамдарға күдіксіз сене біл де,
Сенгендерді итерме қиянатқа.
Мазаласын Ел деген бір ой ғана,
Әуес болма қулыққа,
Мың айлаға
Құлағанды деме де,
Бақытты қыл,
Бақыттының тұнығын лайлама!
Адал жүрсең, адамға тиеді үлгің,
Достарыңды сенімге ие қылғын.
Сый білмейтін жаманды сыйлай біл де,
Сыйлағанды қылаусыз сүйе білгін!
Жас шағыңда
Малшынып күміс терге,
Үлесіңді қоса біл ұлы істерге.
"Не берейін?" — деп Тәңір сұрар болса,
Алдыменен ақыл мен жұмыс бер де!
Жалқаулықты жаныңнан лақтырып,
Жақсылықты өс, балам, мұрат қылып.
Аруларға керегі —
Нәзіктік те,
Бозбалаға керегі —
Тұрақтылық.
Жасытпай жүр жастықтың көк алмасын,
Өткір алмас мұқалса — саған да сын.
Пұлың мен танысың жоғалса да,
Тілің менен намысың жоғалмасын.
Естіртпегін жаман сөз,
Жат атыңды.
Жасқанбай айт
Жаныңа бататынды.
Масқара қыл,
Аяма, әшкере қыл
Атағы үшін
Атасын сататынды.
Көгермейсің достарсыз жүріп дара,
Бола алмайсың оларсыз ұлық, дана.
Өмір — бәйге,
Замандас озып кетсе,
Күбірлемей,
Күндемей,
Күліп қара!
Өн бойынан мөлдір бір сезім өріп,
Жан бола алсаң
Жат мұңын сезінерлік,
Бақытына басқаның
Қызғанышсыз
Қол соғып қуанудың өзі де ерлік.
Жасық болма,
Дүрмектен қалып қойма,
Бабалардың өрлігін дарыт бойға.
Қиын-қыстау күнде де,
Қуансаң да
Алдыменен
Отанды, халықты ойла.
Жанарынан жау жүзі жасқанатын,
Қадамынан жақсылық басталатын,
Кірлетпейтін замандас жастар атын,
Қуантатын ата-ана — қос қанатын
Ұл боларсың сонда сен!

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Су тасқынынан зардап шеккендерге қосымша тағы 553 мың теңге төленеді
» Елімізде TikTok желісі бұғатталуы мүмкін бе?
» Елімізде су тасқынынан зардап шеккендердің қандай мүліктеріне өтемақы төленеді?