Мұхтар Шаханов (Қыран тағдыры)

 Мұхтар Шаханов (Қыран тағдыры)

Баяғыда,
Бабамыздың бабасының бабасы
Жүрген кезде сүйенбей таяғына
Көңіліне пәктіктен өсірген гүл,
Жомарт әрі мейірбан жесір кемпір
Ұстап апты ауласына келіп қонған бүркітті.
(Одан мұндай батылдықты кім күтті?)
Ал Бүркіттің көріп имек тұмсығын
Кемпір қатты үркіпті.
Оны өзінше "майысқан" деп ойлапты
Сөзге келмей пышағын тез қайрапты.
Имек жерін кесіп, жонып, тегістеп
Сорлы құсқа бір жақсылық жасауға бел байлапты.
Гүжім аспан әлеміне айбатты,
Қайратына тамсандырған аймақты,
Қайсар қыран тағдыры
Ақылсыздау, бірақ адал кемпірдің,
Пышағында ойнапты.
Кемпір байғұс сыртқа жайып шын сырын,
"Басы қайтты, - деп қуанды, - қауіптің".
Жона-жона имек бүркіт тұмсығын
Тұмсығына ұқсатыпты ол тауықтың.
Енді бірде бүркіттің
Өткір, ұзын тырнақтарын аңғарып,
Басын шайқап тұрып қапты таңданып:
- Мүшкіл екен,
Мүшкіл екен бұл халің,
Сорлы құсым, егер де мен жолықпасам бағыңа,
Жетіпсің-ау жүдеп өлер шағыңа, -
Деп отап ап тастады бар тырнағын.
Патша жұртқа жар салды:
- Талмас қанат,
Алмас қылыш иықты,
Маған ылғи аңсататын биікті,
Тіпті жалғыз інім өлген кезде де
Ұмыттырған кеудемдегі күйікті
Бүркітімді жоғалттым ең сүйікті.
Қыран еді ол бастан бағы ұшпаған,
Менмін деген арланды
Менмін деген киікті,
Тырнағы мен тұмсығында ұстаған.
Қайырымдылық ерлікке тән әманда,
Бүркітімді тауып берген адамға
Ат басындай алтын сыйлау
Түк қиындық туғызбайды маған да.
Ойға, қырға шабармандар ағылды,
Жұрттың бәрі бүркітті іздеп сабылды.
Үміт оты сан тараптан жағылды
Бірақ бүркіт қиындықсыз табылды.
Мазасыздық бұлты сондай серпілді
Алас-күлес шаттық күйі шертілді.

Шадыман жұрт хан көтере мадақтап,
Патша алдына алып келді кемпірді.
Патша лезде құсын танып, түнеріп
Үнсіз қалды зілман ойға тіреліп.
Көңліндегі апас-қапас тасқынды
Айғақкерлеп жанарына жас тұнды.
Енді бір сәт оймен шолып қиырды,
Қабағын тас жиырды.
Нөкерін тез шақырды да бүркітті
Өлтіруге бұйырды.
- Тағдырыңды қасіретке байланған
Ап шыға алман, бұл тұйықтан, қайраннан.
Хош бол, құсым, - деді патша қыранға, -
Өлген жақсы қасиетін жойғаннан.
Сонан кейін:
- Иә, кемпірім, аман ба?!
Деп жадырап шыға келді ол табанда, -
Сендей жомарт адамдар,
Ауадан да қажет біздің қоғамға.
Үстем содан мерейің де, бағаң да.
Шапағатың тиді, міне, маған да.
Әттең, әттең... осы дарқан пейліңе
Ақылыңның сай келмеуі жаман да.
Тұғырыңда тұра алмайсың тағап қып,
Сөйтіп тағы жасайсың-ау ағаттық.
Нәрестенің қолындағы қанжардай -
Ақылсыздың қолындағы жомарттық.
Жаның адал.
Адал содан асың да.
Ат басындай алтыныңды ал,
Тосылма!
Бірақ мына алтын алған қолыңды,
Амал қанша, қалдырасың осында.
Тек өзіңді санай көрме ғарыпқа,
Қатал жаза қолданды деп қамықпа.
Өйткені сен қарсы шапқан жаудан да
Қауіптісің халыққа.
Қалың қауым сенен оңғақ күй көрсе,
Саған қарап жомарттықтан жиренсе,
Не болмақшы?
Ал мына алтын өзіңді
Асырасын арқаң жерге тигенше!
Қатал патша дегенінен қайтқан ба?!
Сөйтіп қолын кескен екен кемпірдің...
Анам маған осы аңызды айтқанда
Көз алдымда сен тұрдың.
Дарының да, даңқың да бар жаңғырғын,
Ақ тілектер арай шашса гүлдейсің.
Бірақ ертең не күтеді алдыңнан,
Білмейсің-ау,
Оны мүлдем білмейсің.
Тұтастырып бақ пен сордың арасын
Сиқырлайды атар таңның назды үні.
Бүгін кіммен,
ертең кіммен боласың?
Тым күрделі бұл сұрақтың мазмұны.
Заман егер аямаса бар нұрын
Мансап сені құлата алмас торына.
Жатсам-тұрсам тілемеймін тек
Тағдырың,
Түспесін деп әумесердің қолына.
Егін жұртқа бағалы тек дәнімен,
Дән саларлық ойларыңды сұрыпта.
Дос көңілін ұсынғанның бәрінен
Достық шыға бермейтінін ұмытпа...

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі
» қазақ тілі тестілеуде_келген_сұрақтар_зерттеуші
» Наурыз мейрамы Қазақстанда жаңа форматта тойланады