Бөлім: «Мақал-мәтелдер»

   Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”).
   Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.).
Ауылдас,
Ауылдаспен қауымдас.
Сараңның етін сасыған соң
Сары күшік жейді.
Тату үйдің
Табағы салдырламайды.
Күбі де май,
Күбінің түбі де май.
Не еріншек өлер,
Не келіншек өлер.
Шайнаған бұйырған емес,
Жұтқан бұйырған.
Қолды жуып тұрып,
Құр қалғаннан сақта.
Қонақ келсе, ет қызарар,
Ет қызармаса, бет қызарар.
Жақыннан жаман жат жоқ.
Тауда туып, таста өскен,
Ағайыннан басқа өскен.
Туғаныңмен туыспасаң
Кең дүниеге сыйыспайсың.
Ауылын көріп,
Азаматын таны.
Қонақ қолын тигізбеген ас арам.
Қонаққа қозы сойса, қозы өледі,
Қозы соймаса, өзі өледі.
Дастарқанда нан жоқ —
Тамақта мән жоқ.
Асты сұрап бергенше, сабап бер.
Жаяу қонақ, жайласып ұйықтайды.
Алдыңа ас қойдым,
Екі қолыңды бос қойдым.
Ұялмаған бұйырмағанды ішеді.
Ауыл аймағымен,
Бота тайлағымен.
Айтысқан ауыл болмас,
Болыспаған бауыр болмас.
Өзі қонақ болып көрмеген,
Қонақты сыйлай да білмейді.
Ауыздың қайда екенін қол біледі,
Ауылдың қайда екенін жол біледі
Қойыннан төгілген— қонышқа.
Ағайынның аразы болса да,
Азары болмайды.