Өлеңдер ✍️

  27.09.2022
  93


Автор: Арқалық Әмәлиятұлы

Ақынхана 1

Қабақхана- Ақынхана атағы,
Біздің аула- ұлы ақындар апаны.
Бұл аулада жаңбыр да жоқ, қар да жоқ,
Шер аралас өлең жауып жатады!
Біздің көше – Ақан сері көшесі,
Сол көшеден неше адастық, кеше осы?
Бұл көшеде қазақтың бар нешесі,
Бұл көшеде өзбектің бар кепесі.
Бұл ауланың ертек әрбір сәттері,
Бұл ауланың болмайды ешбір әттеңі,
Ұйып тыңдар хан Шыңғыстың әскері,
Жалындатып жыр оқыса жас пері.
Терістіктен аруақтың әні кеп,
Молалар тұр, ол моланың бәрі бек,
Сол моладан түрегеліп күніне,
Бізге келіп жыр тыңдайды Қаныбек!
Тәтті жаңбыр мөлдіретіп құс әнін,
Ақынхана ашып тұрар құшағын,
Сізге жылу сыйлау үшін Құдайым,
Отқа жақтық қанша ақынның кітабын!


Құр сүлдесін көтеріп ап күйреген,
Қу жандарын мұң мен шерге илеген,
Әділ бастап, Бибол қостап бізге кеп,
От айналып бақсы биін билеген!
Бұл ортаға келе алмайды өшіккен,
Кіре алмайды Құдайлар да кешіккен,
Жын мен шайтан босағада қалғиды,
Періштелер сығалайды есіктен?
Сығалайды арулар да, бар ма, амал?
Біздің өлең көк тәңірге арналар!
Күз аспанын күңірентіп ұшады,
Біздің жырды жаттап алған қарғалар!
(Ей, ақындар, қаншалықты мысың бар?
Ей, қалтүршік, қаншалықты күшің бар?
Қаға алмасаң ақынхана есігін,
Бәріңдағы к... қысыңдар!)




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу