Өлеңдер ✍️

  19.09.2022
  197


Автор: Темірше Сарыбаев

ШАРАСЫЗДЫҚ ЖЫРЫ

Шарасызбын алдыңда, таудай ғалам,
Түнеріп-ақ келіп ем, жаумай барам.
Ызғарынан заманның ықтын іздеп,
Жел айдаған бұлттан аумайды адам.
Беделің де бес тиын, салмағың да,
Жалаңдаған жалмауыз
Жан-жағыңда.
Ақ тортадай қайқаңдап,
Тыпырлайсың,
Балықшының бұлқынған
Қармағында.
Барың сол-ақ,
Намыстан, намыстанба.
Көнбегенде не істейсің,
Қарысқанда?!
Қара орманда қашатын жер таба алмай,
Маралдайсың мерт болған арыстанға!
Азап бар ма білгенге мұнан асқан?
Құдай да жоқ мұңыңа құлақ асқан.
Арашалар жан тапсаң, ат шаптырып,
Сұра бүкіл қазақтан, сұра, Алаштан!
Сөз өтпейді жартасқа, меңіреуге
Меңіреулер жаралған сені іреуге!
Айлалының асығы алшы тұрып,
Ақыл мен Ар еріксіз еңіреуде.
Жалғандықтың жортақтап көшесімен,
Сан жібердім ақымды есесімен.
Абай ішкен сол уды мен сімірдім,
Тастап кеткен ақынның кесесімен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу