Семей өңірінің этнодемографиялық жағдайы
ШҚО, Семей қаласы
Кенжебаева Жанна Онгарбековна
Семей өңірінің этнодемографиялық жағдайы
Биыл біздің тәуелсіздік алғанымызға 24 жыл толады. Тарихи өлшеммен алғанда бұл онша көп уақыт емес, дегенмен, ғасырлар бойы азаттық пен теңдікті аңсаған қазақ халқы мен елімізде тұрып жатқан өзге ұлт үшін осынау аз ғана белестің өзінің маңызы орасан зор.
Қазақстан әлемдегі көп ұлтты мемлекеттердің бірі. Оның аумағында тегі, тілі, мәдениеті әртүрлі, бірақ тарихи тағдыры ортақ 130 ұлт пен ұлыстардың өкілдері (этностар) тұрады. Республикада негізгі ұлт – қазақтардан басқа орыс, украин, белорусь, неміс, өзбек, ұйғыр, татар, корей және т. б. ұлт өкілдері бар.
Халық қоғамның өндірістік күшінің негізгі көзі болып табылады. Ал, этнодемография қазіргі заманның ең күрделі мәселелерінің бірі. Бұл мәселелерді демографиялық саясат тұрғысынан дер кезінде шешу көп ретте қоғамның, соның ішінде ұлтаралық қатынастардың тұрақтылығына, тәуелсіздігіміздің жетістігіне тығыз байланысты. Сондықтан этнодемографиялық мәселе қазіргі таңда еліміздің алдында тұрған көкейкесті, кезек күттірмейтін мәселенің біріне айналды.
Жұмыстың мақсаты: Семей өңірінде қалыптасқан қазіргі этнодемографиялық жағдайға толық сараптама жасау. Осы мақсатта тарихи жағдайларға байланысты белгілі кезеңдерде елімізге келіп қоныстанған түрлі ұлт өкілдерінің тағдыры, аумалы - төкпелі кезеңдерде тарыдай шашылып шет елге кеткен қандастарымыздың ата-мекеніне оралуы, демографиялық жағдайы (туу, өсу, өлім, миграция) жаңа деректер негізінде зерттелген.
Осы жұмыс арқылы мен Семей өңіріндегі этнодемографиялық жағдайдың мәнін ашуды міндет етіп қойдым. Сондай - ақ бұл міндетті орындау үшін нақты материалдарға сүйендім.
Өзектілігі: Осы жұмыс арқылы мектеп бағдарламасына және сыныптан тыс оқулыққа қажетті материалдарды толықтыруға болады.
Жаңалығы: Жұмыста алғаш Семей өлкесінде өмір сүріп жатқан ұлттардың тарихы, демографиялық жағдайы, көші - қон, оралмандар жайы сөз болады.
Ерекшелігі: Оқу бағдарламасынан тыс мол материалдардың қамтылып отырғандығында және оның жүйелі талданғандығында. Гипотеза: Егер осы
«Семей өңірінің этнодемографиялық жағдайы» атты жұмыстың нәтижесі мектеп жасындағы балаларға жеткізілсе, онда олардың туған жеріне, Отанына деген сүйіспеншілігі артып, өзге ұлт өкілдерімен достық қатынасы нығайып, ынтымақ, бірлік туралы түсініктері кеңейеді деп ойлаймын.
Семей өлкесінің этнодемографиялық жағдайына тоқталар болсам, қаламызда негізгі ұлт – қазақтардан басқа оның территориясында орыс, неміс, украин, татар, өзбек, ұйғыр, шешен, әзірбайжан, күрд, кәрістер, цыган ұлт өкілдері тұрады.
Өзім оқитын мектеп аралас мектеп болғандықтан да әр ұлттың балалары білім алып жатыр. Мектеп оқушыларынан сауалнама алғанда: 798 - қазақ, 87 - орыс, 2 – украин, 1 - әзірбайжан, 2 - қырғыз, 3 - тәжік, 4 татар, 1 неміс, 3 ұйғыр, 1 қытай, 5 түрік балалары оқитынын білдім.
Осы ұлттардың арасынан татар, өзбек, неміс диаспорасына тоқталып кетейін. Орыстың этнографтары В. Радловтың, В. Абрамовтардың жазып кеткен естеліктеріне қарағанда Семей өңіріне татарлар орыс патшасы Алексей Михайловичтің тұсында, 1676 жылдардан бастап, қоныс аудара бастаған. Ғалым В. Радлов өзінің 1862 жылғы жазған жазбаларында Семей қаласы туралы: «Семей – 6000 тұрғыны бар, едәуір үлкен қала. Мұндағы тұрғындардың үштен бірі ғана орыстар да, қалғаны татарлар мен қазақтар» деп, қаланың Сібір мен Батыс Қытай, Орта Азиямен сауда жүргізетін орталық екенін жазады. Сауда жасаумен негізінен татарлар айналысатындығы айтылған. Сол кезде татарлардың қолымен салынған 60 үйді Мәскеу маңындағы жақсы үйлермен салыстырған. Ол да тұтас қоршалып, татар Слободкасы аталыпты. «Кейінгі уақытта татар азаматтары көбейіп, мұнда Орта Азиядан Бұхар көпестері де көшіп келіп жатыр» деп, Радлов ойын қорытындылайды.
1882 жылы 15 наурызда Семейде халық санағы өткізіліп, оның қорытындысы бойынша қалада 12 ұлт өкілдерінің қоныстанғандығы анықталған. Сондағы санақ бойынша қалада – 6647 қазақ, 6322 орыс, 4072 татар қоныстанғандығы мұрағат құжаттарына енгізілген екен. Татар ұлтының көптеген азаматтары Семей өңірінің өркендеуіне көп үлес қосқан. Атап айтқанда, көпестер ағайынды Мусиндер, қазіргі екі күмбезді және бір күмбезді мешіттерді салдырған. Халитов деген көпестің зауыты сол жылдары жылына 1000 пұтқа дейін сабын шығарып отырған. Бертін келе орыс мектептерінен бөлініп, татар балалары оқитын оқу орындары ашылған. Онда қазақ балалары да оқыған. Сондай мектептердің бірінде ақындар Көкбай, Әріп Тәңірбергенов татарша, қазақша білім алған. 1914 жылы татар жастарының араласуымен ең алғашқы футбол командасы – «Ярыш» құрылып, онда атақты қазақ жазушысы Мұхтар Әуезов те ойнаған. Былтыр қыркүйек айында Республика көлемінде қазақ футболының 100 жылдығы біздің қаламызда атап өтілді.
1934 жылы Семейде қазақ музыкалық драма театры ұйымдастырылып, оның алғашқы көркемдік жетекшісі татардың ұлы Латиф Хамиди болған. Татар қызы Фарида Габсадыққызы Халитованың ықпалымен қалада 1952 жылы мал дәрігерлік, 1953 жылы медициналық институттар ашылған. 1957 жылы Фарида Габсадыққызының ұйымдастыруымен Мұхтар Әуезовтың көзі тірісінде 60 жылдық торқалы тойы Семейде және Абай ауданында өткізілді. Семей спортшыларын тәрбиелеп өсіруде осы топырақта өмір сүрген жаттықтырушы Рафат Хасанұлы Ильматовтың есімін ерекше атауға болады. Ол жаттықтырушы болып істеген жылдары еліміз бойынша 20 халықаралық дәрежедегі спортшы дайындалған екен. Олардың арасында әйгілі Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров те бар.
Кейінгі кезеңдерде татарлар Семей өңірінің экономикасы мен мәдениетіне белсене араласып, өркен¬деуіне өз үлестерін қосып жүр. Бұл орайда қаладағы татар қоғамының жетекшісі Ғабдулхақ Ахынжановты айтуымызға болады. Ол – татарлардың «Ертіс мұнары» ансамблінің жетекшісі, татар бүлдіршіндеріне арналған көркемдік мектептің директоры. Камила Исмайлованың есімі жерлестерімізге жақсы таныс. Ол тәрбиелеген балет бишілері облыстық, республикалық байқауларға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүр.
2009 жылғы халық санағы бойынша өлкемізде 11709 татар ұлты мекендесе, Қалалық Достық үйінің 2012 жылғы статистикалық мәліметі бойынша қазіргі күнде 9209 татар ұлты тұрып жатқан көрінеді. Қалада бір таза татар тілінде оқытатын мектеп, екі аралас мектеп бар. Татар ұлтының тілін, дәстүрін сақтауына қолайлы жағдай туғызылған.
Біздің қаламызда 2009 жылғы халық санағы бойынша өзбек ұлтының 353 адамы тұрады делінсе, 2012 жылғы статистикалық мәлімет бойынша 421 адамды құрайды екен. Семей қаласында «Буюк Келажак» өзбек мәдени бірлестігі 2012 жылы Достық үйі шаңырағы астында құрылды. «Буюк Келажак» әлеуметтік мәдени өзбек орталығының ашылуы, қаладағы өзбек ұлтының өз салт - дәстүрін, ұлттық құндылықтарын сақтап, кейінгі буын жас ұрпаққа таза күйінде мирас етіп қалдыруға жол ашады. Орталық ашылғаннан бері қалалық іс - шараларға белсене араласып келеді. «А, ну - ка, девушки», «Наурыз мейрамы», «Маслиница» мерекелеріне, тағы басқа іс - шараларға қатысып отырады.
Неміс диаспорасына тоқтала кетер болсам: Қазақ жеріне неміс халқы XVIII ғасырдың ортасынан бастап қоныстана бастаған. Олар аса көп болмағандықтан Қазақстан халқының этнодемографиясына онша әсері болмағанмен европалық білімді, ғылымды, мәдениетті таратқан. Бұлар: саяхатшы және зерттеуші Карл Миллер, аймақты зерттеуші Георг Герхард фон Гене, ағартушы Азиядағы тұңғыш театрды құрған генерал – поручик Иоган фон Шпрингер. Семей жерінде неміс халқы абсолюттік саны 100 адам болып, этностардың 1, 4 % - ін құраған. Осында 27 неміс ауылдары болған. Онда өздерінің неміс тілінде оқытатын мектептері, шіркеулері болды. Олар өздерінің тілін, дінін, салтын, әдет - ғұрпын, халықтық қолөнер бұйымдарын, әндеріін, музыкасын, ұлттық киімдерін сақтап, ұрпақтан – ұрпаққа жеткізді. 2009 жылғы халық санағы бойынша Семей жерінде 3090 адам болса, 2012 жылғы мәлімет бойынша өлкеміздегі неміс ұлты 2250 адам болған. Бұл да халықтың туу, өлім көрсеткішіне, көші - қонға байланысты екендігі белгілі.
Жастық - жыныстық құрылымына келер болсам, Семейде әйел халқының үлесінің басымдығы байқалады, жалпы 52, 2 % құрайды, республикада еркектер мен әйелдер үлесі пропорционалдыққа жақын жастық құрылымға келсе, еңбекке қабілетті жастан жасырақ халық үлесі 24, 8%, еңбекке қабілетті 61, 8 %, ал еңбекке қабілеттіден үлкен 13, 4 %. 2000 жылдардағы халықтың табиғи өсімінің коэфициенті қаламызда 1, 2 % - ге төмендеді. Халық санының төмендеуімен қатар халықтың қартаю процесі анық көрінеді. Оның деңгейінің айтарлықтай кемуі 1996 - 2000 жылы өлкеміздің барлық аудандарында байқалды. Еңбек жасындағы адамдардың өлім-жітімінің көп кездесетін түрлері бойынша өлкемізде: бірінші орында – қан айналым жүйесінің (жүрек - тамыр жүйесі) ауруларынан болатын өлім - жітім тұрады (жартысына жуғы); екінші орында – қайғылы оқиғадан, уланудан, жарақаттанудан болатын өлім – жітім; үшінші орында ісік ауруларынан болатын, өлім – жітім тұрады.
Еңбек жасындағы еркектердің өлім - жітім деңгейі әйелдермен салыстырғанда айтарлықтай жоғары болып келеді. Бұл жұмыстағы жарақаттанумен, алкоголизммен және темекі тартумен байланысты. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, өңірімізде Республикадағы сияқты ер адамдарға қарағанда әйел адамдардың саны басым бір жігітке 3 қыздан келеді екен. 1993 - 2013 ж. аралығында 526 қыз, 554 ұл бала дүниеге келген екен. Әйелдердің - 55, 6% ерлердің - 62, 3% отбасылы, әйелдердің - 21, 6%- ерге шықпаған, 30, 4% ерлер үйленбеген. Әйелдердің 8, 1%, ерлердің - 4, 4% ажырасқан. Орташа есеппен қыздар - 23, 6 жаста, жігіттер - 26, 6 жаста үйленеді. Әрбір отбасы орташа есеппен 4 адамнан тұратын көрінеді.
Кеңес Одағының ыдырағаннан кейінгі өтпелі кезеңде экономика құлдырап, халықтың тұрмысы төмендеді. Елде нарықтық қатынас орнап, қазақтар басым орналасқан ауылдардың жағдайы нашарлап, қымбатшылық пен жұмыссыздық өрістеді. Соның салдарынан демографиялық өзгерістер орын алып, көші - қон толқындарын туғызды. Өтпелі кезеңдегі – халықтардың жалпы саны азайып, өлім - жітімнің көбейіп, бала туудың кемуінен табиғи өсім құлдырады. Сонымен қоса жаппай көшіп - қону орын алды, кезінде қазақ жерін қоныстанған басқа ұлт өкілдері өздерінің тарихи Отандарына кетіп жатса, тарыдай шашырап шетелге кеткен қандастарымыз өз ата жұртына орала бастады, халықтың «ұлы көші» орын алды.
Статистикалық мәліметтер бойынша 2012 жылы көші - қон алмасуы нәтижесінде қаламыздан және қала маңындағы елді мекендерден 1946 адам кетіп, қалаға – 723 адам келген. Республиканың басқа облыстарынан 2010 жылы 3520 адам (2009 жылы – 3601 адам) келді, олардың үлесіне келу ағынындағы ең жоғары үлес (61, 5%) тиеді. Жақын шетел мемлекеттерінен келгендер саны 1338 адамды құрады, олардың 17, 2%- ы – Семей қаласына қоныстанды. 2011 жылдың деңгейіне қатысты алғанда қаламызға жақын шетелдерден келген көшіп - қонушылардың саны 9, 5%- ға азайды. Алыс шетел мемлекеттерінен облыстың он төрт өңіріне 865 адам келді (2010 жылы – 631 адам). Осы ағыннан Семей қаласына 85көшіп - қонушы орналасты. Қаладан көшу көбіне республиканың басқа облыстарына кетуге байланысты болды (2080 адам немесе жалпы көлемнің 42, 2%- ы). Жақын шетел мемлекеттеріне 5692 адам көшті (кеткендердің жалпы көлемінің 35, 7%- ы), бұл 2011 жылдың деңгейінен 32, 0%- ға көп. ТМД елдеріне кеткендер санының 19, 1%- ы – Семей қаласында тұрған. Алыс шетелдерге 174 адам немесе 2009 жылға қатысты алғанда 71, 0%- ы көшті. Осы бағытта кеткендердің көбі - (28, 7%- ы) Семей қаласында тұрған.
Көші - қон және демография агенттігінің мәліметтері бойынша 1991 - 2006 жж. арасындағы шет елдерден келген оралмандардың жалпы саны 143343 жанұя (565757 адам). Өңірімізге алғашқы оралмандар 1991 ж. көшіп келе бастаған. Олардың басым көпшілігі Монғолиядан келгендер. 1992 жылдың тамызына дейінгі уақыт аралығында Семей қаласы және оның маңына Монғолиядан барлығы 923 отбасы немесе 5011 адам келген. Аймақта тұратын оралмандардың 85 - 90 пайызын Монғолиядан келген оралмандар құрайды, қалғандары жақын шетелдерден қоныс аударып келгендер. 1992 ж. 10 тамызға дейінгі уақыт аралығында еңбекке жарамды 1588 адамның 1118 - і өз мамандықтары бойынша Қытайдан келген оралмандардың 66, 1 % жұмысқа орналасқан.
Сонымен қатар оралмандар алдына қиыншылықтар да бар. Атап айтқанда: Олар өз тарихи отанына келу үшін көптеген қиыншылықтарға кездеседі: Тұрғылықты жерінен Отанына қайту үшін рұқсат алуы керек. Ол мемлекет Қазақстан Республикасымен Көші - қон туралы келісім шарт жасасқан болса онда қандасымызға виза алу үшін көп қиындық болмайды. Ал егер де ондай келісім - шарт жасалмаса онда виза алу да көп қиындықтарға кездеседі. Қазақстанға келгеннен кейінгі азаматтық алу қиындықтары. Азаматтық алғаннан кейін берілетін жәрдем ақының тоқтатылуы. Мамандығы бойынша жұмыс табу, егерде мамандығы болмаса жұмыс табу қиындығы, әлеуметтік жағдайының нашарлауы, тіл мәселесінде, таратып айтар болсақ, бұрынғы Кеңестік жүйеден шыққан елімізде орыс тілділік басым, сондықтан да қандастарымыз тіл жағынан қиыншылықтарға ұшырайды, т. б.
Қорыта келгенде, этнодемографиялық мәселелердің барлығы мемлекет алдында тұрған шешілуге тиісті мәселелер. Сондықтан да мемлекетіміздің ішкі саясатында аса маңызды орын алып отырған этнодемография мәселесі ешқашан мемлекетіміздің күн тәртібінен түспеуі керек.
Мен еліміздің бүгінгі этнодемографиялық ахуалын зерттей келе төмендегідейұсыныстар ұсынғым келеді:
1. Халықты жұмыспен қамтамасыз ету, жалақысы төмен жұмыскердің жалақысын көтеру.
2. Баспанасыз отбасыларға пәтер беру (мүгедек қарттар, оралмандар, жағдайы төмен отбасыларға), оралмандарға жағдай жасау, көп балалы отбасыларға жеңілдіктер жасау,
3. Кедейшілікпен күрес жүргізу.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру