Шәкәрім және оның ұрпақтары туралы


Авторлар: Сәлімбаев Тілекқали Кеңесқалиұлы.

Семей қаласы.

Қожақова Эльмира Назарқызы

Астана.

Ғұлама Шәкәрім Құдайбердиев жөне оның ұрпақтарының қилы тағдыры туралы артындағы шөпшегіне тікелей жататын Тобықты руының зерделі қызы Эльмира Назарқызы екеуіміздің ғылыми ізденісіміздің нәтижесінде Ұлы тұлғаның көп айтыла бермейтін өмір кереметтеріне көз жеткізе отырып, оқушы қауымға ұсынуды жөн санадық.

Ғұлама Шәкәрім және оның ұрпақтарының қилы тағдыры.

Географиялық рельефінің орналасуына қарай Ұлы Дала деп аталған ұсақ - шоқылы Сарыарқалы кең жазықтықта Ақ - Орда атанған тарихи мемлекеттің тарихи мұрагері Қазақ елінің өзіндік тілі, ғұрпы, салт - дәстүрлері, фольклоры мен әдебиеті көзге ұрып тұрғандай ерекшеленгенімен - анықтап зерделеген жанға әлемдік мәдениетпен сабақтасып жатқандығын бірден аңғару онша қиынға соқпасы анық.

Екінші жағынан Қазақ шежіресінің ерекшелігі мен мақал мәтелдері, фольклоры ғаламдық диалектикалық философияның Азия бөлігіне, оның ішінде тек қазақ ұлтының өзіне ғана тән ой - толғау табиғаты бірден танылады.

Ұлы Даланың тарихи атауы әлемді тітіренткен, Рұмды да уысында ұстаған дала тарландары Мүлде, Еділ тәңірқұттары, олардың дара соқпағымен жүрген Шыңғысхан, ӘмірТемірдей, қазақты ел еткен Жәнібек, Керей, Қасым, Бұрындық, Есім, Абылайдай дана тұлғалар Төле, Қазыбек, Әйтеке билердей Ұлылардың ат тұяғының іздерімен, дана бабаларымыздың ойлау мәртебесінің асқақтығымен танылғандай. Бұған тарих куә.

Тарихта Алаш - Орда астанасы атанған Ертіс жағалауына орналасқан Семей қаласының әлемге танылу таңы осы жерге кіндік қаны тамған АБАЙ, ШӘКӘРІМ, МҰХТАР даналарымыздың Ұлы тұлғаларымен тікелей байланысты екендігі баршаға аян.

Әр тұлғаның жеке тағдыры әрқилы. Ғұлама Шәкәрімнің тағдырына келер болсақ, дауылға қарсы тұрған бәйтеректей, иілмей, ақыр соңында халқының намысы жолында жанын құрбан еткен, жүректі ерлікті аңғарамыз. Әкеден жастай жетім қалған ШӘКӘРІМ ҚАЖЫ ҚҰДАЙБЕРДИЕВ - ті (1858 - 1931 ж.) жетімдік тауқыметіне ұрындырмай ерке немересінің сұңғыла, зеректігін аңғарған атасы ҚҰНАНБАЙ ҚАЖЫ – ұлы Абайдың тәрбиесіне береді. Қазақ даналығында «Ат тұяғын, тай басар» - дегендей, атасының ізін басып, жасы еркін жиырмаға тола қоймаған шағында Шәкәрім ел басқару ісін қолына алып, бір сайлауда болыс болып сайланады.

«Тура биде туған жоқ» қағидасын ұстанған ол қара қылды қақ жарған Әз - Тәуке ханның «Жеті жарғысын», Әнет бабасының ұлғатын жадына сақтап әділдік жолынан таймаған. Оны болыстың мына сөздерінен:

Мен ұлтшыл емеспін,

Жақыным мынау демеспін.

немесе қызы Гүллардың әкесін жоқтап айтқан төмендегі сөздерінен анық аңғаруға болады:

Алаламай адамды,

Тең көрді алыс - жақынды.

Қоғамдағы ақиқат пен жалғандық, қулық пен сұмдық қатар орын алғандығы, халықтың ауыр әлеуметтік - тұрмыстық жағдайының таяу уақытта өзгере қоймайтындығына, онымен жеке күресіп заманды өзгерте алмайтындығына көзі жеткен қайсар жас болыс келесі сайлауда дауысқа түсуден бас тартады.

ХХ - ғасырдың алғашқы жылдары «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны алады»- деген халық даналығын ұстанған ол атасы Құнанбайдың ізімен тәңірге бас ұрып Меккеден Шәкәрім қажы атанып қайтады. Жолай орыс, араб, парсы, түрік тілдерін еркін меңгеретін қажы Европа, Азия елдерінің бірқатар ірі кітапханаларының есігін ашып, дүние танымдық білімін шыңдаумен болады. Міне «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі», «Үш - анық» «Мұсылмандық шарты» атты қажының тарихи ғұлама еңбектері осындай табандылықтың арқасында дүниеге келген. Қажының жазған қазақ шежіресі жазбаға түскен ең алғашқы басылым.

Шәкәрім әдеби творчестволық қырынан Ұлы Абайдың реалистік дәстүрлерін жалғастырушы, импликациялық амалдарында өлең жазып эпикалық жанрды терең меңгерген ғұлама ретінде танылады. «Қалқаман - Мамыр», «Еңілік - Кебек» поэмалары, философиялық және әлеуметтік ақыл - ой танымдық өлеңдері идеялық - көркемдік жағынан әлемдік классиктердің туындыларынан қалыспайды. Шәкәрім өзінің ағасы, әрі ұстазы Ұлы Абайдай – дүниені қазақша көріп, қазақша ой түйіндей білген. Орыс әдебиетінің әлем таныған алпауыттары ЛевТолстой, А. С. Пушкиннің әдеби мұраларын терең зерттеп, олардың бірқатар шығармаларын аударып, қазақ тілінде жарыққа шығарған. Европалықтардың «жабайы номадтар»- деген көзқарастарына АБАЙ, ШӘКӘРІМ, МҰХТАР еңбектері революциялық төңкеріс болғандығын мойындаған өркениетті алпауыт елдердің әдеби сыншы - зерттеушілері әлі күнге таңдай қағуда. Зерттеушілер Шәкәрімнің әдеби еңбектерінде негізсіз догмашылдық, жаттанды схоластика кезікпейтіндігіне таң - тамаша қалуда. Шәкәрім Құдайбердіұлы ұлтымыздың ғұламасы, демократиялық көзқарасты, жаһан таныған, қазақ елінің көгіне шыққан Сүмбіле жұлдызы, халқының құрметіне бөленген ардақтысы деп заман таныған. Ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермес, алған бетінен қайтпайтын, бас кеспек болса да, алған бетінен тайынбаған, ел қамын жанынан арттық қойған, жазықсыз жапа шеккен, саясат құрбандығына ұшыраған қайсар ақын. Халқына сөз құдіретін танытқан, әлемге халқын танытқан Ұлы жүрек қағысын жендет қорғасыны тоқтатқанша қазақ әдебиеті кемеңгерінің айнымас серігі қағаз бен қалам болған. «Ұлылардың тағдырларында да жазылмаған заңдылық байланысы болады»- деген шығыс ғұламасы ақын Науайдың көріпкелдік қасиетін орыстың ұлы ақындары М. С. Пушкин, М. Ю. Лермонтов, қазақ поэзиясы құдіреттерінің бірі ақын Шәкәрімнің өмір соңы көрсеткендей. Көнекөз қариялардың айтуынша, дана қарттың оққа ұшқанын дер кезінде елі естімей көз жасын төге алмағанмен, қарт Шыңғыстау басына сол күні қаралы қара бұлт үйіріліп - дүниенің опасыздығына, данышпанның жазықсыз шейіт болғанына күңіренгендей күркіреп, табиғат жылап, жаңбыр себелеп тұрды - дейді.

Қазақ халқының тілі мен дінін санасынан өшіруге ұмтылған, алладан безген ібіліс құлдарының кезекті саясатының бірі елдің көкірегі ояу, сауатты, ардақтыларын ұмыттыруға ұмтылды. Халықты үреймен есін шығарып, жала жауып, «халық жауы» атандырып – атқанын атып, атпағанын абақтыға жауып, жер аударғаны тарихтан мәлім. Ақын Шәкәрімнің мүрдесін құдыққа тастап, құпиялылығын қатаң сақтады. Қайсар ақынды иліктіре алмаған жендеттер, енді ақынның әдеби мұрасын тар қапасқа (құпия мұрағатқа) тығып, ел санасынан өшіруге кірісті. Қазақ поэзиясының өлмейтіндігін көңілі соқыр жаналғыштар білмеді. Шәкәрім ақынның өлмес мұрасы халықтың ауыз әдебиетінде таңнан таңға дейін айтылып, шығыс елдері әдебиет беттерінде жарық көріп жүрді. Қазақ халқының бағына біткен дана қарттың құдіреті халық санасында поэзия символы ретінде одан сайын асқақтай түсті.

Ақынның өзін аттық, сөзін жойдық, енді ізін өшірейік деген қаныпезерлер і оның ұрпақтарына ауыз салады. Тіпті қырдың қызыл қызғалдағындай құлпырған, әке тәрбиесімен, халқының салт - дәстүрінен өзге ештеңе көрмеген 17 жасар нәзік ерке қызы Гүлларды да қамауға алады. Жаланың қисынын таба алмаған жендеттер оны босатады. Текті әкенің

дарыны бойына біткен қызы:

... Жүректен шығар зар ма екен,

Қайғылы мендей бар ма екен.

Әлемге айқын әкемді,

Жоқтасам, елім, ар ма екен

Ойымнан шықпас арманым,

Жерленбей қолдан қалғаның

Кеш әке, әлсіз, нәзікпін,

Сондықтан алмай қалғаның...

деген жоқтау сөздері ел жұртының қабырғасын қайыстырып, жадында сақталып, ауыздан - ауызға кең таралып кеткен. Кешегі күндері халқы пір тұтқан ата - анасынан, аға - бауырынан айырылып өлуге шыбын жанын қия алмаған, аяусыз тағдырдың аяусыз талқысына түскен жас ару енді көзі тірі ағасы Ахаттың тілеуін тілеп, тәңірге жалбарынады:

Тағдыр - ау жаздым не саған

Көрсетпедің не маған

Бақытты өмір Ахатқа -

Тілеймін енді бер соған!

Қатал тағдыр, сұм саясат саф алтынның сынығы Ахатты да аямады. Әкесі Шәкәрім, әйгілі Көкбай, Тұрағұл сынды үлкен ақындық жолға түсе алмағанымен, ақындық балаң соқпақтың шаңын шығарып, бұрқырата бастаған шағында, дана қартты шөктіреміз деген ниетпен алғашқы құрсау салуды Ахаттан бастап «бидай салығын төлей алмағаны үшін» деген желеумен 1931 - 32 жылдары түрмеге жабады. Ахат әкесінің, аға - бауырлары Ғафур, Баязит, Қабыштардың қайғылы қазаға ұшырағандарын, ал Зият інісі түтіннің толық өшпеуін ойлап, әке өлімінен соң, қамауға алынбай тұрғанда Қытай еліне өтіп кеткенін - түрмеде отырғанда естиді.

Қабыш көзі тірісінде әкесін ерекше құрметтеп, бағалағанын оның мына жазған ән туындысынан көруге болады:

Қажы, ғалым, мұхтасиф,

Туыс қадыр сый болған.

Болыс, ақын, писатель,

Облыстық би болған.

Зият қытай жеріне барған соң да әке жолымен жүріп өлең жазуын токтатпаған. «Жақсы әкенің аруағы қырық жыл асырайды» дегендей елден жырақ жүрген Зиятты, Абай мен Шәкәрімді көрмесе де ерекше қадыр тұтатын Алтай қазақтары мен зиялылары ерекше құрметтеген.

Оны Зияттың жат жерде жүріп «Мен кеттім жан сауғалап өз бетіммен» атты өлең сөздері айғақтайды:

... Ризық болды маған ата даңқы,

Құрметтеу жақсыларды елдің салты.

Абай мен Шәкәрімді көрмесе де,

Оларды қадірлепті керей халқы....

... Оқымысты ойшылдар мұнда да бар,

Шәріпхан, Мәнкей, Мұқаш, Баймолдалар.

Күш қосып, көтеріліске Шиңжаңдағы,

Алтайды азат еткен ер осылар....

Мұндағы айтылып отырған Шәріпхан - Алтай аймағының генерал - губернаторы, Мәнкей - аймақтық мекеменің бас хатшысы, Баймолда - Шиңжан өлкелік өкімет мүшесі, халық істер басқармасының бастығы, Мұқаш халық ағарту саласының қызметкері. Осыдан – ақ ақын ұрпағы жат жерде жүріп сол елдің «сүт бетіне шыққан қаймақтарымен» дастархандас болғандығын аңғару қиын емес.

Амал қанша, түтінді өшірмейін деп, шыбын жанын қорғап жан сауғалаған Зиядты Шәкәрімнің ізіне от алып түскен ГПУ әзәзілдері Гоминьдандықтармен тіл байласып Қытай жерінде қолға түсіріп, атқызды.

Енді Ахаттың арғы тағдырына оралайық. Бірінші жазықсыз сотталудан екі жылдан соң оралған Ахатты, 1937 жылы «халық жауы» деген жалаң желеумен « үштіктің соты» екі жарым жыл Ібір – Сібірге айдатады.

Ахаттың «Түрмеден» атты мына өлең жолдары:

... Аштырмады адалдықтың есігін,

Жауыз жандар берді ауыр кесігін.

Жаралы жан, жүйрік оймен қиялдың,

Әлдилейін, тербетейін бесігін....

немесе «Қайдасың, қайрат қайдасың» атты өлең жолдары:

... Тергеуші мейлің сабай бер,

Бар пәлені жамай бер.

Қылмысты үйіп жамай бер -

Қайдасың қайрат, қайдасың....

- қайыспас ақынның өзіне тартқан қайсар ұлын жала да, түрме де, Сібір айдауы да иліктіре алмағандығының айқын көрінісі. Қапасқа қамалып, ит жеккеннің қорлығынан өтсе де, одан аман оралған соң жендеттердің жіті бақылауында жүрген Ахат әкеге берген сертіндей, ақтық дәмі таусылғанша әке мұрасын жалғап рухани ой өрісін тоқтата білмеген. Бүгінде Ахат ақынның Шәкәрімнің ісін жалғастырушы поэтика - философиялық жанрында жазылған қыруар еңбектері әдебиет зерттеушілерінің басты назарына алынып отыр.

«Ұл туғанға - күн туады» дегендей, Ахат ақсақал мойнына қыл шылбыр салынып, алғаш әкесінің шариғат бойынша жерленбей, мәйіті белгісіз құдықта қалғанын түрмеде жатып естігенде, өзіне ұрпақтық борыш етіп қойған мақсатына пайғамбар жасына таяған шағында қол жеткізді. Бүгінде Еуразия кіндігі Жидебай жеріндегі Ұлы Абай мазарының жанында қазақ елінің екінші Ұлы тұлға Шәкәкрім мазарының орналасуы ұрпақ парызын адал атқарған қайратты ақынның еңбегі, артына қалдырған ізі, өшпес өнегесі. Бүгінгі күні әкесінің ұлтымызға жеткен құнды мұра деректері мен өлеңдері де Ахат ақсақалдың жылдар бойы ғылыми ордалардың табалдырығын тоздырып, ағызған маңдай тері мен көз майының ақталған белгісі. Сонымен қатар ұрпақтық парызын ұлтқа үлгі етердей танытып, Шәкәрім қажының өмірі туралы 1967 жылы бастаған естелік - эссе шығармасын 17 жыл бойы талмай жазып, 82 жасқа келген шағында тамамдаған.

Шәкәрім қажы адал өмірін халқының бақытын тілеп, болашағына арнап, қазақ халқының әдеби мұрасын әлем деңгейіне жеткізуге ұмтылса және ұлтының тағдырына алаңдап, әділдік жолында қайсарлықпен жанын пида етсе, қажының ұрпағы әке ісін жалғастырып, шығармашылық жолынан танбай, әдеби мұрасын ұлтының қазына - мұрасына жеткізіп, келешек ұрпаққа үлгі етердей тапсыра білді. Ұлттың ұлылығын паш ету, мәдени дәрежесін таныту, ұрпаққа ұлтын сүюдің дәстүрлі көрінісінің бірі осы деп Шәкәрім қажы мен оның ұрпақтарының өмірін алуға болады.

Бұл дипломдық, курстық немесе ғылыми жұмысты өзіңіз жазуға көмек ретінде ғана пайдаланыңыз!!!



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Пікір жазу