Жаяу Мұса – әнші-ақындар тобының көрнекті өкілі
Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Қайнар ауылындағы
В.Маяковский атындағы №32 орта мектеп
Жобаның авторы:10 «А» сынып оқушысы Ашықбаева Гүлсина Талғатқызы
Жетекшісі: қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Бейсенова Алиша Асылбекқызы
Жобаның тақырыбы: Жаяу Мұса –әнші –ақындар тобының көрнекті өкілі
Бағыты: Қазақтың дәстүрлі ән өнері
Секциясы : қазақ әдебиеті
«Жаяу Мұса – әнші - ақындар тобының көрнекті өкілі» атты ғылыми жобасына
Пікір
Қазақ даласы ғасырлар бойы шабытты поэзиямен, орынды шешендікпен, жалынды күйлер және шын жүректен шыққан әндермен өмір сүрген. Әуенмен қазақтың бүкіл өмірі байланысты – ол тойларда, салт - дәстүрлер мен ырымда, күнделікті еңбекте және басқа жерлерде айтылады. Қазақ халқы таңқаларлық музыкалық дарындылығымен ерекшеленеді, әр отбасында дерлік жақсы ән айтатын немесе халық аспаптарында дарынды ойнайтын ең болмағанда бір адам табылады. Халық арасында былай дейді: «Құдай әрбір қазақты жаратқанда жүрегіне күйдің бір бөлігін сіңірген».
Ғасырлар бойы музыкалық мәдениеттің сақтаушысы да, оны көтере білген де - халықтың өзі. Ұқыпты сақтап және жақсы дамыта келе ол ұрпақтан - ұрпаққа жеткізіп отырған.
Қазақ халқының дарындылығы туралы А. Эйгхорнның қазақтар музыкасы туралы өз еңбегінде жазғаны: «Қазақтың әндері көкке көтеріліп бара жатқан бүркіттей өктем де, ерікті. Олар кішкентай баладан қария шалдарға шейін, бойжеткен қыздардан үлкен апаларға шейін барлығы айтатын мызғымайтын халық игілігі». Қазақ халқының ән дәстүрлеріне таң болған танымал орыс ғалымы Г. Потаниннің жазғаны: «Мен үшін бүкіл қазақ даласы әндетіп тұрғандай».
Талантты жыраулар, ақындар, өлеңшілер, күйшілер, әншілер өнер тудыра отырып адамдарды «тамаша құпия» – музыкаға ортақтастырды. Ұлы далада намысшыл және рухани азат олар өз халқында патшалармен, әйгілі мемлекеттік қайраткерлермен және ірі қолбасшылармен бірдей құрметті болды.
Туған халқының рухани қазыналарының бірі – ән өнерін, әнші - ақындар өмірі мен шығармашылығын тереңдете танып - білу – әрбір жас жеткіншектің парызы десек, еш қателеспейміз. Сондықтан аталған ғылыми жобаның маңызы зор деп білемін.
Пікір иесі:
№32 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Бейсенова А. А.
Зерттеудің мақсаты:
1. Жаяу Мұса Байжанұлының әнші - ақындар тобының көрнекті өкілі екендігіне оның өмірі мен шығармашылығын зерттеу арқылы көз жеткізу.
2. Жаяу Мұса шығармашылығын насихаттау.
Гипотеза:
«Алтынды қорлағанмен жез болмайды».
Зерттеудің міндеттері:
1. Жаяу Мұса өлеңдерінде суреттелетін тарихи кезең сипатын анықтау.
2. Өлеңдерінің қысқаша мазмұнын сипаттау.
3. Өлеңдерінің тақырыбы мен идеясын ашу.
Зерттеудің мазмұны:
1. Мұса Байжанұлының өмірбаянымен таныстым.
2. Мұсаның «жаяу» атануының себебін анықтадым.
3. Шығармаларын оқып, талдадым
4. Жаяу Мұса өмір сүрген қоғам сипатын танып, білдім.
5. Жаяу Мұсаның қазақ әдебиетінде алатын орнын зерттедім.
6. Атқарған жұмысымды қорытындыладым.
Өзектілігі: Әнші - ақын, сазгер шығармашылығын зерттеушілердің еңбектеріне сүйене отырып, өміршеңдігін кейінгі ұрпаққа насихаттау.
Жобаның жаңашылдығы: әнші - ақын, сазгер шығармаларының өшпес мұраға, өлмес ғұмырға, сөнбес сәулеге айналып, теңдессіз құрметке ие болуы.
Пәнаралық байланыс: тарих, музыка, география.
Жобаны қолдану аясы: Оқушылар және ұстаздар қосымша мәлімет алу үшін негізделген.
Мазмұны
I. Кіріспе
II. Зерттеу бөлімі
1. Қазақтың ән өнері.
2. Халық әндерінің маңызы
3. Қазақтың әншілік өнері туралы пікірлер.
4. Жаяу Мұса - әнші - ақындар тобының көрнекті өкілі.
*Жаяу Мұса Байжанұлының өмірбаяны.
*Жаяу Мұса өмір сүрген қоғам сипаты.
*Жаяу Мұсаның әдеби - мәдени мұрасы.
III. Қорытынды
Пайдаланылған әдебиеттер.
Кіріспе.
«Ән — өмір шежіресі, өмірдің сәулесі, музыка мектебінің негізгі керегетасы, халықтың игілігімен ақыл - парасаты» (А. Толстой)
Қазақтың ән өнері – сонау көне заманнан бері қалыптасқан халқымыздың қазынасы, фольклордың музыкалық саласының бір тармағын құрайды.
Фольклор деген сөз ағылшын тілінен алынған, ол «халық даналығы, халық білімі, халықтың ауызша шығарған туындылары» деген мағынаны білдіреді. Фольклор шығармалары халықтың әр дәуіріндегі тұрмыс - салтымен, наным - сенімімен, күнделікті тіршілігімен тығыз байланыста туады. Оларда өмірде болып өткеннің ғана емес, халықтың «осылай болса екен» деген арман үміттері де бейнеленіп, табиғат, өмір құбылыстарына баға беріледі.
Ән – халықтың сүйіп айтатын, тыңдайтын, сан ғасырлық тарихы бар халық музыкасының ең бір бай арнасы болып табылады. Көне заманнан келе жатқан ән - күй туралы халықтың аузында қалыптасқан көптеген мақал - мәтелдер, аңыздар, жырлар осының айғағы.
Қазақтың ұлы ақыны Абай да ән мен күйдің құдіретін жырлап:
Құлақтан кіріп, бойды алар
1
Әсем әнмен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар
Әнді сүйсең, менше сүй,- деген.
Ән мен күй шыққан күн, туған айдай дала жұртының тал бесіктен жер бесікке түскенге дейінгі жан серігі болды. Ауылдан ауылға ән айтып, күй тартып жүрген диуанилар, бақсылар, жыршылар, сал - серілер өз өнерін көрсетіп, халықтың көңілін көтерді, айт пен той - томалақ, түрлі ойын - сауық отырыстардың көркі болды. Ақын әншілердің өнері халық арасында өте жоғары бағаланып, ақынның келген ауылы оған зор сый - құрмет көрсеткен. Олардың аты аңыз әңгімеге айналып ауыздан - ауызға, ұрпақтан - ұрпаққа жетті.
Ән сезімнің кейбір кезеңдерін сыртқа шығару да адамның табиғи құралының бірі болды. Халық әндерінің тартымды келетіні, жүрегіңе қона қалатыны, олардың баста өнер қуу мақсатында шықпай, табиғилық жағының басым болуында. Осы күнге дейін музыкалық тәжірибесі мол құлағымыздың өзі, жаңа шығарманы тыңдап отырғанда, бейтаныс әуен теңізі ішінен халық әнінің тақырыбы естіле қалса біраз уақыттан бері көрмеген, кездеспеген бір досыңның төбесі көрінгендей болады. Өйткені сол ән тақырыбы есіңе сан алуан оқиғаларды түсіреді. Өйткені ол ән көркемөнер жасаймын деген алдын ала сызылған жоспар бойынша шыққан емес, өмірдің, табиғаттың өз туындысы. Халық әндерінің үлкен қазына екендігі де сол қасиетінде, сол әндерде халық өмірінің сәулесі болуында.
2
Қазақ халқы әнге бай. «Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай болып көрінеді» деп, қазақ халқының әдебиеті мен өмірін зерттеген Шоқан Уәлихановтың досы Г. Потанин айтқандай, қазақта әнсіз өмір жоқ. «Тойбастар» айтқан жігіт, кешкі ауыл сыртында алтыбақан тепкен қыз - бозбала, шілдехана күткен жас - кәрі, «Жар - жар» айтқан екі топ, елінен еріксіз ұзатылып бара жатқан қыз, өлген жұбайын жоқтаған жесір, түйеге мініп әр үйдің сыртында қақсаған жарапазаншы, ақ киім киіп, өгізге мініп ауыл аралаған дуана, «жынын» шақырып, зікір салған бақсы – бәрі де әндетеді. Бәрі де жай сөзбен айтқанда жетпейтін сезім тасқынын ән арқылы шығарады. Әннің осы қасиетін қазақ халқы: «Жігітке өнер де - өнер, өлең де - өнер», «Ақылың болса жыр тыңда» деген сөздер арқылы жақсы айтқан.
Данышпан Абай:
Туғанда дүние есігін ашады өлең,
Өлеңмен жер қойнына кірер денең,-
деген жолдарында әннің өмірдегі орнын нақ суреттеген. Халық аузындағы: «Бір әнді сатып алдым құнан нарға» немесе «Сұрасаң менің атым - Таңжармаймын, Болсам да малға жарлы, әнге баймын» деген әннің аса жоғары бағалағанын, әншілердің өз өнерін сасық байлардың үйірлеген жылқысы мен қоралаған қойынан төмен санамайтын көкірегін көрсетеді. Қазақтың халық әндері орыс зерттеушілерінің назарына ерте ілікті. Әрине, бұл жөнде қазақ халқының Ресейге қосылуының үлкен рөлі болды. Орыстың этнографтары, саяхатшылары, тіпті жорық себебімен барып қалған көзі ашық офицерлері қазақтың халық әндері жөнінде көп нәрселер жазып қалдырды. Өткен ғасырдың басында бірен - саран, бірлі - жарым болса да әндер нотаға түсіп, түрлі журнал, жинақтарда басылып шықты.
3
ХVII ғасырдың аяғы мен ХVIII ғасырдың басында Арқа елінде ертеден дәстүрге айналып, кейінірек әртүрлі себептермен бәсеңдеп қалған сал - серілік өнері ХIХ ғасырда қайта жаңғырып, дами бастады. Сал - серілер өз жанынан өлең, ән - күй шығарып, ел аралап, сауық құрып, ойын - тойлардың ұйытқысы, құрметті қонағы болған. Сал - серілік өнерді жоғары дәрежеге көтерген әнші, күйші, суырып салма ақындар серілік үрдісті қатаң сақтап, нағыз бесаспап өнер иесі бола білген. Сонымен қатар олар атақты мерген, сұңқар, лашын ұстаған құсбегі, аттың ең жүйрігін таңдап міне алатын атбегі, он саусағынан өнері тамған теңдессіз шебер, керемет зергер де бола білген. Сал - серілерді халық әрқашан ардақ тұтып, оларды қайда болса да қуанышпен қарсы алып, өнерін аңыз етіп, мақтан тұтқан.
Қазақ ұлтының мәдениеті тарихындағы ХІХ ғасыр — ақын - әнші, сазгерлердің өзіндік «алтын ғасырына» айналып, қазақтың кәсіби өнері — әдебиетінің, поэзиясының, музыкасының шыңына кезеңіне шыққан кезі болды. Сөйтіп, ХІХ ғасырдың екінші жартысы – қазақтың ақындық өнерінің барынша өркендеген кезеңі болды. Осы кезде ақындық өнерге тән тұрақты жанрлар да қалыптасты. Солардың ішінде әсіресе ақындардың өзін - өзі бейнелеуге арналған әндерін келтіруге болады. Оған мысал ретінде «Біржан сал», «Ақан», «Жаяу Мұса», «Мәди», «Әсет», «Майра», «Ағаш аяқ», «Нартай», «Мұхит», «Сары» әндерін атауға болады. Олар бұндай әндерінде әр ақын, бір жағынан өзін тыңдаушыларына таныстырып өтсе, екіншіден туған ел өмірі мен мәдениетінде алып отырған өз орнын жақсы түсініп соны әнге қосады. Бұл әндерде ақынның өзіне тән музыкалық мәнерлі ерекшеліктері шоғырланған. Әр әнші - ақынның өзіндік шығармашылық өнері дербес қалыптасқан. Мысалы, әрбір ақындағы шешендіктің, суырып - салма өнердің, театралдық, актерлік элементтердің болуы, тіпті киген киімі, жүріс - тұрысы, өнерге деген көзқарасы әнші, сал - серілерге ортақ нәрсе болды. Мұхтар Әуезов ақынның осындай орындаушылық өнерлерін сипаттай келіп, оны «жалғыз актердің театры» деп айтқаны кездейсоқтық емес.
Біржан, Абай, Ақан сері, Жаяу Мұса, Кенен Әзірбаевтармен бірге сал - серілік өнерді, дәстүрді әрі қарай жалғастырып, өз үлесін қосқан басқа да әйгілі ақын - сазгерлер, солардың бірі көпке танымал «Ғалия» әнінің авторы Балуан Шолақ Шаймұрзаұлы мен Құлтума ақын. Бұлардың екеуі де Біржан салдың шәкірті болып қасына еріп тәлім алғандар; Біржан дәстүрін ХІХ ғасырдың орта кезінде халыққа кең таратқан, «Гәкку», «Қарақат көз», «Сүйгенім», «Қараторғай» әндерін шығарған Үкілі Ыбырай Сандыбайұлы; «Әсет», «Гауһар қыз», «Кіші Ардақ», «Қоғыр қаз», «Қысмет» әндерінің авторы Әсет Найманбаев; «Қорлан», «Жайқоңыр», «Еркем», «Қаракөзді»шығарған Естай Беркімбайұлы; «Мәди», «Үш қара», «Қарқаралы», «Қаракесек» сияқты әндер шығарып, ірі әнші ақындар қатарындда тұрған Мәди Бәпиұлы Арқаның ән ақындық дәстүрінің көрнекті өкілдері болып, Біржан салдың шәкірттері аталса, Қазақстанның Шығыс өңірлерінде Ноғайбай ақын мен Құдайберген Әлсеитовтың аты шықты
4
Батыс жақта Мұхит Мерәлиевтың «Зәуреш», «Айнамкөз», «Дүние», «Паңкөйлек», «Алуаш», «Бала - Ораз», «Иіс» сияқты әндері халықтың сүйіспеншілігі мен құрметіне бөленді, ал Жетісу өңірінің ән дәстүрі Сүйімбай, Жамбыл, Кенен тәрізді ақындардың есімімен тығыз байланысты аталады.
Халықтың әнші сазгерлерінің тағдырындағы шиеленісті оқиғалар олардың көзқарасына, дүниені танып - білу қабілеттіне, көркемдік шеберліктеріне ықпал етпей қалмағандығын атап айтуға тұрарлық. Сондықтан да олар шығарған өлең - жырлардың көпшілігінде азаматтық әуен кеңірек сипатталады. Мәселен, Біржанның «Жанбота», «Көлбай, Жанбай», «Адасқақ», Жаяу Мұсаның «Ақсиса», «Хаулау», «Бұзау зары»,
Кененнің «Бозторғай», Ақан серінің «Құлагер» әндерінде, басқа да авторлардың шығармаларында әлеуметтік теңсіздік, еркіндік, өмір шындығы айқын көрініс тапқан.
Қазақ өнерпаздарының шығармашылығында өмірбаяндық және тәңірге шағыну, жалғыздық тақырыптары кеңінен көрініс тапты. Мысалы «Ақан сері» әнінде романтикалық көтеріңкі сезім азаматтық әуенмен тамаша үндестік табатынын атап көрсеткен дұрыс. Бұл шығарманың негізгі поэтикалық мән мағынасы ақынның өнердің өміршеңдігінде жатыр. ХІХ ғасырдағы қазақ ақындарына тән ерекшелік - ішкі терең күйзеліс осы әнде аңғарылады. Әнші, сазгер Ақан өз шығармасын оның әнін еститін адам бар ма, өнер иесіне бостандық алар күн туа ма деген сұрақ желісінде құрады.
Қазақтың дәстүрлі кәсіби ән - ақындық өнер өкілдерінің ішінде ұлы ақын - композитор Абай Құнанбаевтың орны бөлек. Ол - ауызекі өнер мен жазбаша мәдениеттің дәстүрлерін біріктірген суреткер. Абай өзі жасынан өлең және
5
сол өлеңнің мақамын шығарса да, басқа сал - серілер тәрізді ауылды аралап, халықты өз өнерімен таныстырған ақын емес. Сонымен қатар, ол өлеңдерін ауызша шығармай, хатқа салып жазатын. Ал Абайдың әндерін халық арасына жайған өзінің шәкірттері Шәкәрім, Көкбай ақын, Уайыс, ұлдары Ақылбай, Мағауиялар да ұстазы тәріздес, әндерінің сөзін хатқа қалдырып жазған. Ақынның өнеріндегі шешендік өнермен байланысты ерекшеліктің бірі – үндеушілікті, тура айтушылықты кеңінен пайдалануы. Бұл ерекшелікті негізінен Абай да атап көрсеткен. Ол ән мен әуен оятады, адамның жан сезімін толқытады әсерлендіреді деп бағалаған. Суырып салып айту – ақындық өнердің ажырамас ерекшелігі. Ал, суырып салмалық қабілет шығармашылық тәжірибе барысында қалыптасады. Ақындардың көбі: Біржан сал, Ақан сері, Әсет және басқалары айтыстарға қатысу арқылы өз шеберліктерін жетілдірді. Ақындар өлең сөз бен әуенді тасыған өзендей түйдек - түйдегімен төгеді. Нағыз ақындар суырып салма болып келеді. Ол әрқашанда өз заманының ең көкейкесті мәселелерін қозғайды. Суырып салушылық өнер халық арасында кеңінен дамығанын атап көрсету керек. Қазақтың аса көрнекті этнограф - ғалымы Ш. Уалиханов мұндай ерекшелікті халықтың ақынжандылығынан, әнқұмарлығы, жан-дүниесінің сезімталдығынан, бұл барлық көшпелілер тұқымына тән құбылыс деп есептейді. Күнделікті қарапайым тіршіліктің өзінде ауылдағылардың бәрі дерлік суырып салушылық өнерге қатысып жататыны Г. Потанин, В. Даль, В. Радлов, А. Затаевич және басқа да орыс этнографтары мен шығыстанушы ғалымдарын таң қалдыруы тегін емес. Ақындық суырып салма өнерді зерттеп қарағанда, суырып салушының жеке басының ерекшелігін, оған ықпал етуші ортаның жағдайын ескерген дұрыс. Бұл ақынның орындаушылық мәнеріне де әсер етеді. Мәселен, Біржан салдың «Жанбота» және «Айтбай» әндері орындалуы, құрылымы жағынан екі түрлі. Құйқылжыта төгіліп, баяулап, шарықтап, адамның жан сезіміне әсер ететін. Ақын композиторлардың шығармашылығы қазақ халқының жүздеген жылдар бойы дамыған ән ақындық дәстүрдің саласында жалғасын тапты. Осы дәстүрдің шеңберінде ұлттық ой сана мен ұлттық мінезді келтіретін бейнелеу жүйесі, тақырыптары, тіл ерекшеліктері қалыптасты. Мысалы Жетісу, Арқа, Батыстың әншілік дәстүрлері; ал Абайдың тұлғасы жеке ән мектебі болып дараланды. Халықтың дәстүрлі әндерінің таралып, біздің дәуірімізге жетуінің өзі халық әншілерінің өнерімен тығыз байланысты. Өйткені сол әнші арқылы әнді естіп, ұғынамыз, сырына қанамыз. Әншілердің шығармашылық жолы ұлттық дәстүрді сақтаушы ғана емес, бұрынғы мен бүгінгінің арасын жалғастырушы ретінде көрінеді. Осы күні халық игілігіне айналып, қазақ музыка мәдениетіне кесек кірпіш болып қаланған атышулы әнші композиторларымыздың классикалық шығармалары осының айғағы. Бұдан жүздеген жылдар бұрын дүниеге келіп, сол уақыттың, сол заманның көрінісі мен тіршілігін суреттеген бұл туындылар бүгінгі күнде өз қасиеттерін сақтаумен бірге бұрынғыдан да түрлене түсуде.
6
Мұның құпиясы, біздіңше, халық таланттарының озық дарындылығында болса керек. Олардың әндері – адам сезімін оятып, ойын қозғап толғандыратын мәнді мазмұнды шығармалар. Ондай үлгілер тарихтың сан қилы талқысына түсіп, неше буын елдің қолынан өтсе де, өз маңыздылығын жоймастан, адамның өнегелі мақсаттарын жырлап келеді. Халқымыздың тарихында небір бұлбұл әншілер өмір сүріп, белгілі музыка аспаптарының сүйемелімен туған елінің өткендегісі мен бүгіні тұрмысын жырлайтын, оның арман қиялын көрсететін тамаша эпопеялар, көрнекті туындылар жасады. Олар қашанда халықтың мақсат - мүддесінен жырлап онымен бірге жүріп, біте қайнасып өтті. Қазақ халқының музыка мұрасы да сондай озық ойлы, өнерпаз өкілдерінің қалдырған үлгі өнегесінің арқасында сақталып келді. Көзі хат танымайтын, қолы жазу - сызуды білмейтін кездің өзінде қазақ халқы әні мен күйін рухани азық етті. Бір орыннан екінші орынға, жайлаудан қыстауға көшіп – қонып жүріп те олар ердің басына іліп алған домбырасын кез келген уақытта ат үстінде шертіп ән шырқай беретін - ді. Шілдехана, қыз ұзату, келін түсіру, басқа да түрлі жиын - тойларда ән айтып күй тарту – қазақ халқының ежелден келе жатқан ата дәстүрі. Алайда музыка тек ойын - сауық, көңіл көтеру үшін ғана керек десек, өнердің бір түрінің маңызын әлсіретіп, мәнін кемітіп жіберген болар едік. Ұлттық әншілік салт - дәстүр бірден туа қалмаған. Ол - сонау замандардан қазақ халқымен бірге жасасып келе жатқан көркемдік қасиет. Музыка зерттеушілеріміз әншілік дәстүрдің бастамасын, негізінен Ақан сері, Біржан сал Мұхиттан бастап сөз етіп жүр. Сонда оларға дейін әншілер болмады деп кім айтады? Әрине болды. Бірақ уақыт озған сайын есімдері ұмытылып, шығармалары халықтық атанып кетті. Әншілердің шығармашылық жолы ұлттық дәстүрді сақтаушы, дамытушы, бұрынғы мен қазіргі өнердің арасын жалғастырушы ретінде көрінеді. Ұрпақтан ұрпаққа жетіп, дамып келе жатқан халық әні – адам баласының айрылмайтын жан серігі. Басқа халықтар тәрізді, қазақ халқының да әнсіз, өлеңсіз өмір сүрмейтінін, ән, өлеңнің адам баласының дүниеге келгеннен бастап өлгенге дейін ажырамас досы екенін данышпан Абай айтып кетті. Ол әннің ерекше күшін, ролін поэзиясын да шеберлікпен суреттеді. Адамның нәзік қиял шегіне тиіп, қозғау, түрткі салатын құралдың ән екенін:
Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар
Оның тәтті оралған мәні оятар,- деген жолдар арқылы суреттеді.
7
Біздіңше, әнші - ақын, ақын - композиторлардың алғаш жеке дара өнерпаз ретінде жіктеліп, таралуы жыршы, жыраулардың қызметіне байланысты болса керек. Сондықтан да сол жыршы - жыраулардың өзі қазақ ән өнерінің тұңғыш өкілдері болуға тиіс. Ендеше сол атышулы Ақан сері, Біржан сал, Жаяу Мұса, Естай, Әсет, Шашубай, Қали, Кенен, Манарбек, Жүсіпбек, Ғарифолла, Құтбай, Дәнештердің әншілік өнерін ата дәстүрден сабақталып, ана сүтімен қалыптасқан арна деп қарауымыз керек. Сол сияқты қоғамда өмір сүрген әр түрлі топтардың көзқарастарымен ой мүддесі де ән арқылы көрініс тауып, бізге жетті. Бір сөзбен айтқанда, ән өнері — өмірдегі қоғамдық құрылыстың жай - жапсарын суреттей алатын идеялық құралдың бірі.
Сан дәуірлік тарихы бар қазақ музыка өнері осы күнгі мәдени сатыға көтерілгенге дейін ауызша таралып жеткені мәлім. Халық музыкасының етене болып кеткені сонша, біз оларды күнде тыңдап, әуеніне соншалықты қанық болсақ та, ғасырлар асып жеткен асыл қазынаның авторларына көбінесе мән бермей, баспасөз бетінде болсын, радио, көгілдір экранда болсын «халық әні», «халық күйі» дейтін үйреншікті айдар тағып айта береміз. Әрбір әннің өзіне тән әуені бар, белгілі мазмұны бар Әннің ішкі құдіреті мен шеберлік дегеніміз — орындаған шығарманың ішкі – сыртқы сипатын, музыкалық табиғатын жан – жақты аша білуде. Әрбір әннің айтпақ ойы, идеясы түрліше. «Қазақ әндері қандай назды десеңізші»,- деп Затаевич айтқандай, халық композиторлары әндерінің музыкалық құрылысы, өлшем ырғақтары, формасы мен өлшемдік түрленулері қаншалықты сан алуан болса, олардың адамға тигізетін әсер – ықпалы соншалықты мол
Қазақтың ән әуездерінің тамаша бір қасиеті – оның шын жүректен шыққан эмоционалдық сезімталдығымен сезгіштігі, әуендерінің оралымдығы,
олардың құлақтан кіріп бойды аларлығы, ән тақырыптарының әр алуандығы – осы қасиеттердің бәрі халық психикасының аса терең толғауын көрсету арқылы, қазақ әншілерінің жарқын орындаулары арқылы айқын сезіліп отырады.
XIX ғасырдың әнші - ақындар тобының жарқын өкілі - Жаяу Мұса Байжанұлы (1835 - 1929)
8
Ол Павлодар облысы Баянауыл ауданындағы Жасыбай көлінің маңында дүниеге келген. Жеті жасында хат таныған. Жастайынан халық музыкасымен, ауылға келіп - кетіп жүрген әнші - күйшілер өнерімен танысады. Өзі де ән салып, домбыра тартады. 1851 жылы Қызылжарға (қазіргі Петропавл) келіп, орыс тілін үйренеді. Ол домбыра, қобыз тартумен қатар, сырнай мен скрипка ойнауды да меңгереді.
1854 жылы Омбы қаласындағы орыс мектебінде оқыған.
Осындағы кітапханадан Санкт-Петербург, Мәскеу, Қазан, Орынбор, Ақмола, тағы басқа қалаларда шығатын газет - журналдармен, кітаптармен танысады.
Қалада өткерген жылдарында Жаяу Мұса сол кездің саяси - әлеуметтік өмірін тереңірек танып, туған елінің бодандықтағы мүшкіл халіне ой зерделетіп, санасы толысқан шағында туған ауылына сауатты азамат, музыкалық аспаптарда шебер ойнайтын өнерпаз болып оралады. Ел ішіндегі әлеуметтік әділетсіздіктер мен сыртқы өктемдікті жай ғана бақылаушы болып қана қалмайды, өзінің ұстанымын тиісті жерінде өнерімен де, іс - әрекетімен де көрсетіп отырады. Ол туған ауылына сауатты азамат, музыкалық аспаптарда шебер ойнайтын өнерпаз болып оралады. Келе ауыл өміріне қызу араласты. Әкімдердің, би - болыстардың парақорлығын әшкерелеп, әсіресе, Баянауылдың аға сұлтаны Мұса Шорманов пен оның інісі Мұстафаның зорлық - зомбылығын айтып, Омбы генерал - губернаторына шағым жазады. Сол үшін ағайынды Шормановтар «Бір ауылға бір Мұса да жетеді» деп, оның астындағы атын тартып алып, «Жаяу» атандырды. Осы тұста шығарған«Ақсиса» әнінде - әлеуметтік теңсіздікке өз наразылығын білдіреді. Билігі жүріп тұрған Шормановтар әр түрлі жала жауып, 1860 жылы оны Тобылға 12 жылға жер аудартады. «Сүйіндік», «Тұтқын зары» әндері осы кезде шыққан. Тұтқында 2 жыл болғаннан кейін өзі сұранып әскерге кетеді. Оны Литвада Орталық Азия жорығына дайындалып жатқан Г. Черняевтің отрядына жібереді.
1863 - 1865 жылдары осы отрядтың жүк батальоны құрамында Шымкент, Әулие - ата (Тараз), Верный (Алматы) жорығына қатысқан. Жас жағынан қатар - құрбы болып келетін Шоқан Уәлиханов Жаяу Мұсаның жан - жақты өнеріне, білім парасатына сүйсініп, өзімен бірге алып жүрген. Бірақ олар Черняевтен көңілі қалып, Шымкентке жетпей қайтып кеткен. Шоқан бұрынғы Талдықорған облысының жерінде қаза болады, ал Мұса еліне қайтқан. Черняевтің халыққа көрсеткен зорлығына қатты наразы болып, туған ауылына оралады. Ата жаулары елде де тыныштық бермей, қайта қуғынға салған. Жергілікті халықтың ауыр тұрмысын, билеушілерден көрген зорлық - зомбылығын айтып түсіндіру үшін ол Санкт - Петерборға аттанады. Бірақ одан да қолдау таба алмаған соң, Латвияда, Польшада болып, соңынан Қазанға келіп аялдайды. Жаяу Мұса көңілге түйгендерін орысша, қазақша қағазға түсіріп отырған. Қазақ қоғамының әлеуметтік істеріне белсене араласып, ұлт мәдениетіне елеулі үлес қосқан.
9
Жаяу Мұса өмір сүрген қоғам сипаты
Жаяу Мұса күресі – әлеуметтік күрес. Соның астарына үңіліп, ой - пікірлер түйген орынды.
Ғалым Жайлыбай
•ХІХ ғасырда қазақ қоғамында, бір жағынан, Қоқан хандығының, екінші жағынан, Ресей патшалығының отарлау саясатының өріс алды.
•Патша үкіметі қазақ елін басқарудың жаңа жүйесін қалыптастырды;
•Қазақ елі өзін - өзі басқару құқынан айрылып, аға сұлтандық әкімшілік - басқару тәртібін орнату жобасын жүзеге асыра бастады.
•Қазақ даласында капиталистік элементтер бой көрсете бастады.
•Жаңа қоғамдық қатынастар халыққа жайлы болмады, тұрмысы күннен - күнге нашарлай бастады, әсіресе, халықты есепсіз салық титықтатты.
•Қазақ халқы жоңғар басқыншыларымен жан алысып, жан берісіп соғысып жатқанда Ресейдің І Петр патшасының әскерлері жерімізді шетінен кертіп қалалар салып, жыландай жылжып сұғынып келе жатты.
•Омбы, Орынбор, Павлодар, Семей, Өскемен қалаларынан соң орыс отаршылары XIX ғасырда Жетісуға жетіп, 1854 жылы ежелгі Алматы кентінің орнына Верный бекінісін тұрғызды. Ал, бұдан бір жыл бұрын Орынбор жақтан генерал Перовский басқарған орыс әскері қоқандықтардан Ақмешіт (қазіргі Қызылорда) қаласын басып алған болатын.
•Ресей отаршылары енді Талас, Шу аймағына, одан әрі Орта Азияға көз аларта бастады. Бұл кезде Қоқан зекетшілері Оңтүстік Қазақстанды ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстады.
10
•1863 жылы Ресей патшасы Александр I Оңтүстік Қазақстанды жаулап алу үшін бас штабтың полковнигі Михаил Григорьевич Черняевты қолбасшы етіп тағайындады.
•М. Г. Черняев 1864 жылы Омбы генерал губернаторы А. Дюгамельдің қарамағына жіберілді. Орыс дипломаттары қоқандықтарды әлсірете түсу үшін Бұхар әмірімен байланыс жасап, оны да ортақ жауына қарсы көктемде жорыққа шығуға итермелеген.
Жаяу Мұсаның әдеби - мәдени мұрасы
Жаяу Мұсаның әндері мен күйлерін алғаш нотаға түсіріп, жазып алғандар – Александр Затаевич, Ахмет Жұбанов, Борис Ерзакович, Михаил Лалинов, әндерін айтып берушілер – Қосымжан Бабақов, Қали Байжанов, Әміре Қашаубаев, Қуан Лекеров, Жүсіпбек Елебеков және Жаяу Мұсаның баласы Салық Мусин. Оның музыкалық мұрасын қазақ композиторлары опера(«Қыз Жібек», «Ер Тарғын», «Біржан - Сара», «Бекет»), симфония, эстрада жанрларында пайдаланған. Әнші бейнесі көркем шығармаларда, ЗейтінАқышевтің «Жаяу Мұса» романында, Ғалым Жайлыбайдың «Ақ сиса» поэмасында сомдалған.
•Әлеуметтік теңсіздікті әшкерелейтін ән - өлеңдері: «Ақсиса», «Хаулау», «Шормановқа», «Толғау», «Бұзау зары», «Тұтқын зары», «Сүйіндік»;
•Туған жер табиғатын суреттейтін ән - өлеңдері: «Баянауыл», «Жаздың күні», «Жазда», «Ұлытау», «Сарын»;
•Аңшылық - саятшылық туралы ән - өлеңдері: «Тұрымтай», «Қаршыға», «Көгершін»;
•Күлдіргі ән - өлеңдері: «Құлбай», «Қазан қыздары»;
•Махаббатты жырлайтын ән - өлеңдері: «Сұрша қыз», «Шолпан», «Сәулем қыздар», «Гауһар қыз», «Ләйлім»;
•Өмірлік серігі Сапарға арналған ән - өлеңі: «Келдім, Сапар, басыңа»;
•Поэмалары: «Олжабай батыр», «Данышпан қыз»;
•Мысалдары: «Шал мен торғай», «Бөдене мен қаншыр»;
•Лирикалық сипаттағы күйлері: «Қыз күйі», «Қызбала күйі», «Қызқарқара», «Қамшылау».
Мазмұн. Тақырып. Идея.
11
«Ақсиса» өлеңі
Мазмұны:
Өлеңде Жаяу Мұсаның соңына түскен ауыл жуаны Шорманов Мұстафаның ақынның жалғыз атын тартып алған қиянаты баяндалады:
Шорманның Мұстафасы атымды алып,
Атандым сол себептен Жаяу Мұса,- деген өлең жолдары соған айғақ.
Тақырыбы:
Жаяу Мұсаның қиянатқа қарсылық.
Идеясы:
Қорлау - азапқа қарсы ашу - ызасы мен ащы зарын таныту.
«Хаулау» өлеңі
Мазмұны:
Өлеңде Жаяу Мұсаның Шорманов Мұстафаның өзіне жасаған қиянаты, қарсылығы үшін басының дауға қалып, жер аударылуы, қашқындық өмірі туралы баяндалады.
Тақырыбы:
Жаяу Мұсаның қиянатқа қарсылығы.
Идеясы:
Ақынның қорлау - азапқа қарсы ашу - ызасы мен ащы зарын таныту.
Мұса Шормановқа арналған өлеңі «Бұзау зары»
Мазмұны:
Өлең Шорманның Мұсасына арналған. Мұсаның билігі мен күшіне сеніп, ауыл халқын тоздырғанын, ауылының бұзауын түгелдей қырып салғанын айтып, ол туралы ойларын ашық жеткізеді:
Мақтанба басыңызда бағыңызға,
Қартаймақ қиын сауда тағыңызда.
Сізге де сорлы болу қиын емес,
Басыңнан бағың тайған шағыңызда.
Тақырыбы:
Мұсаның елге жасаған қиянаты мен билігіне ашық қарсылық.
Идеясы:
Халық көрген қиянатты суреттеу арқылы Мұсаның озбырлығын, биліктегі күшін сынау.
Мұса Шормановқа арналған өлеңі «Үйімнен ала жаздай шай таппадым»
Мазмұны:
Өлең Шорманның Мұсасына арналған. Мұсаның елге жасаған зорлық - зомбылығына шыдамай, Омбыдағы князьге арыз айту үшін жаяулатып барғанын, оның бұйрығын әкелсе де, басынан пәленің арылмағанын, Шорманның Мұсасы мен князьге тайсалмастан жауап бергенін өлең мазмұнына арқау еткен.
Тақырыбы:
Жаяу Мұсаның қиянатқа, әділетсіздікке қарсылық үні.
Идеясы:
Қорлау - азапқа қарсы ашу - ызасы мен ащы зарын таныту.
Мұса Шормановқа арналған өлеңі «Ей, Мұса, өлімісің, тірімісің»
Мазмұны:
Өлеңде ақын Шорманның Мұсасының басынан билік кеткендегі жайын сынайды:
- бұрынғы елден жеген парасына тісі сынатын уақыттың болғанын; - баяғы дуанбасылық күнінің жоқтығын;
- өзінің бұрынғы бала емес, тісі шыққан азамат болғанын батыл айтады.
Тақырыбы:
Шорманның Мұсасының елге жасаған жөнсіз қиянатына батыл қарсылық.
Идеясы:
Халыққа жасалған қиянатты, қорлық пен азапты әшкерелеу.
12
Қорытындылау
Жаяу Мұса Қоқан хандығының саясатына қарсы жұмсалған полковник М. Черняевтің әскерінің құрамында жүрген кезде Ресей әскерінің зорлықшыл әрекеттерін көзімен көрген Жаяу Мұса қатты налиды, ән - жырына қосады. Алыста жүріп, туған жерін сағынып шығарған «Сүйіндік» әні, Мұса Шормановтың қиянаттарын әшкерелейтін «Ақ сиса», «Хаулау» әндеріне өмірден көрген сондай қиындық қиянаттар арқау болады. Қорыта айтқанда, өткір тілді ақын әнші - сазгер Жаяу Мұсаның бүкіл шығармашылық жолы өзіне, халыққа жасалған қиянаттарға қарсылық көрсетумен тікелей байланысты болды.
Дарын иесі Мұса өлең, арнау, ән шығармашылығының екінші саласы - әлеуметтік теңсіздікті әшкерелейтін, бас бостандықты аңсайтын өткір тіл, сөздер, оған ыңғайлы сазды әуен қосы - лып шыққан: «Ақ сиса», «Хаулау», «Шормановқа», «Толғау», «Бұзау зары», «Тұтқын зары», «Сүйіндік» т. б. әндері халық арасына тез тарап кетеді. Оған негізгі себеп, Мұса әндерінің сөзі мен әуенінің бірлестігінде әдемі, көркемдігі болса, екіншіден - орындаушы мен тыңдаушы адам - дардың көкейкесті, арманы, мұңы жырланып тұрғандықтан 179 жыл халқымыздың санасында, жадында сақталып, ұрпақтан - ұрпаққа таралып келеді, өнердің құдіреті, күші осылай өмір сүреді әрі бағаланады да халықтық деңгейге көтеріліп, ғасырлар өткен сайын өзінің керектігі, қажеттілігі арта береді.
Тұжырымдау
Жаяу Мұса шығармашылығы қазақ халқының отаршылдыққа, ел билеушілердің зорлық - тары мен қиянаттарын ашық көрсете алған туындылар. Әлеуметтік теңсіздікті әшкерлейтін бас бостандықты аңсайтын өткір тіл, сөздер, оған ыңғайлы сазды әуен қосылып шыққан: «Ақ сиса», «Хаулау», «Шормановқа», «Толғау», «Бұзау зары», «Тұтқын зары», «Сүйіндік» т. б. әндері адамдардың көкейкесті, арманы, мұңы жырлайды, халықтық деңгейге көтеріліп, ғасырлар өткен сайын өзінің керектігі, қажеттілігі арта береді.
Түйіндеу
Жаяу Мұса шығармаларында қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, өз заманының арман - аңсарын әнмен бедерлей білді. Оның әлеуметтік көзқарастары, азаматтық ұстанымдары сол кездің демократтық - ағартушылық озық идеяларымен астасып жатты.
Өнері мен өжеттігі бірдей, аттыдан жаяу жүріп кек алған батыр атамыз - Жаяу Мұсаның аты да, артында қалған мұрасы да ешқашан өлмек емес.
Жобаны қорытындылай келе менде мынандай ұсыныстар бар:
1. Жаяу Мұсаның шығармашылығын әдебиет оқулығына
5 - сыныптан бастап енгізу.
2. Отандық телеарналарда ұлттық өнерімізге арналған бағдарламаларды көбейту.
3. Асыл мұра – қазынамызды, жырларымызды қазiргi ұрпаққа жеткiзетiн зерттеушi, фольклор жинаушы, ақын - жазушылар қатарын көбейту керек.
13
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. « Тарихи тұлғалар». Танымдық - көпшілік басылым. Мектеп жасындағы оқушылар мен көпшілікке арналған. Құрастырушы: Тоғысбаев Б. Сужикова А. – Алматы. «Алматыкітап»баспасы, 2009
2. Қазақәдебиеті. Энциклопедиялықанықтамалық. — Алматы: «АрунаLtd.» ЖШС, 2010 жыл.
3. Байжанов Ж. М. « Ақ сиса: әндер мен күйлер».-
Алматы: өнер, 1985 -.- 110б.
4. Ақышев З. « Жаяу Мұса» роман.- Алматы: Жазушы, 1978 - 447 б.
5. Ақышев З. « Жаяу Мұса» роман.- Алматы: Жазушы, 1990 - 416 б.
6. Байбатырұлы И. « Өрт шалған жүрек» жыр кітабы.- Алматы: Атамұра, 1198.- 108 б.
7. Байжанов Ж. М. /С. Торайғыров атындағы МУ - нің Е. Бекмаханов атындағы «Өлке тарихы мен этнографиясын зерттеу орталығы»:- Павлодар: ЭКО, 2003 - 166 б. –( «Кереку - Баян» кітапханасы. 9 - кітап)
8. Жаяу Мұса Байжанұлы (1835 - 1929) // Момынұлы П. « Қазақ музыкасының қысқаша тарихы». – Алматы, 2002 - 93 - 97 б.
9. «Ғасырдан озған Жаяу сал»(Жаяу Мұсаның туғанына 150 жыл)//Кәрменов Ж. «Әннің қазақ жетпес бұрмасына мақалалары мен сыр - сұхбаттары»/құраст. Т. Тұрсынханова.- Астана, 2002.- 110 - 117 б.
10. Қоспақов З. «Әнші тағдыры»(Жаяу Мұсаның өмірі мен музыкалық творчествосы).- Алматы: Ғылым. 1971 - 180 б.+CD - ROM
11. Оразбеков Н. « Жаяу Мұса».- Алматы. 1960 - 64 б.
12. Сапаров Ғ. «Жұлдыздар маған қараңдар»өлеңдер. – Павлодар: ЭКО, 2009. - 144 б.
13. « Тарихи тұлғалар» Танымдық - көпшілік басылым. Мектеп жасындағы оқушылар мен көпшілікке арналған. Құрастырушы: Тоғысбаев Б. Сужикова А. – Алматы. «Алматыкітап»баспасы, 2009
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру