Қазақстанның өмірді сақтандыру нарығы 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында 30%-ға өсті



Freedom Life ӨСК сарапшыларының зерттеуі сақтандыру сыйлықақыларының өсуіне қай бағыттар ықпал еткенін және қай сегменттер бірінші жартыжылдықты төмендеумен аяқтағанын көрсетті.

 

Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің мәліметінше, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында өмірді сақтандыру компаниялары 621,5 млрд теңге көлемінде сақтандыру сыйлықақыларын жинады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда нарық көлемінің 30%-ға немесе 143,3 млрд теңгеге өскенін көрсетеді.

 

Кірістің негізгі бөлігі ерікті жеке сақтандыруға тиесілі болды. Бұл сегменттегі сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 25,7%-ға өсіп, 407,1 млрд теңгеден 511,7 млрд теңгеге жетті. Сонымен қатар өмірді сақтандыру компаниялары қызметкерді еңбек міндеттерін орындау кезінде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру (ҚЖОМС) бойынша 109,8 млрд теңге көлемінде сыйлықақы жинады. Бір жыл ішінде осы сақтандыру түрі бойынша сыйлықақылар 54,4%-ға артты.

 

Нарықтағы жалпы оң өсім ең алдымен екі ірі бағыттың – зейнетақы аннуитеттері мен ҚЖОМС-тың есебінен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар ерікті сақтандырудың бірнеше сегменті айтарлықтай төмендеу көрсетті.

 

Зейнетақы аннуитеттері негізгі өсімді қамтамасыз етті

2026 жылдың алғашқы алты айында осы сақтандыру санаты бойынша сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 384,3 млрд теңгеге жетті. Былтырғы сәйкес кезеңде бұл көрсеткіш 190,5 млрд теңгені құраған еді. Осылайша өсім 101,7%-ды немесе абсолют мәнде 193,8 млрд теңгені құрады. Бұл өмірді сақтандыру компаниялары нарығының жалпы өсімінен де жоғары көрсеткіш.

Егер зейнетақы аннуитеттерін есепке алмасақ, ерікті жеке сақтандырудың қалған санаттары бойынша сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 216,6 млрд теңгеден 127,4 млрд теңгеге дейін қысқарып, 41,2%-ға төмендеген болар еді.

Нарық құрылымы да өзгерді. 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында зейнетақы аннуитеттері ерікті жеке сақтандыру бойынша барлық сақтандыру сыйлықақыларының 46,8%-ын құраса, бір жылдан кейін олардың үлесі 75,1%-ға жетті. Яғни бұл сегменттегі сақтандыру сыйлықақыларының төрттен үш бөлігі бір ғана сақтандыру санатына тиесілі болды.

 

Өмірді классикалық сақтандыру сегменті 22%-ға қысқарды

Өмірді классикалық сақтандыру бойынша сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 137,8 млрд теңгеден 107,4 млрд теңгеге дейін төмендеп, 22%-ға қысқарды. Абсолюттік мәнде төмендеу 30,4 млрд теңгені құрады.

Ерікті жеке сақтандырудағы өмірді классикалық сақтандырудың үлесі де азайды: 2025 жылдың бірінші жартыжылдығындағы 33,9%-дан 2026 жылдың сәйкес кезеңінде 21%-ға дейін төмендеді.

Соған қарамастан, бұл бағыт сақтандыру сыйлықақыларының көлемі бойынша зейнетақы аннуитеттерінен кейінгі екінші орнын сақтап қалды.

 

Жазатайым оқиғалардан сақтандыру ең үлкен төмендеуді көрсетті

 

Бұл сақтандыру санаты бойынша сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 71 млрд теңгеден 8,6 млрд теңгеге дейін төмендеді. Төмендеу 87,9%-ды немесе абсолютті мәнде 62,5 млрд теңгені құрады. Ерікті жеке сақтандырудағы осы санаттың үлесі 17,5%-дан 1,7%-ға дейін қысқарды.

 

Мұндай күрт төмендеу, ең алдымен, нарықты реттеу талаптарының өзгеруімен байланысты. 2025 жылғы тамыз айының соңынан бастап Қазақстанда банктік қарыздар мен микрокредиттерге байланысты жасалатын сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру агенттерінің комиссиялық сыйақысының шекті мөлшерін белгілейтін заңнамалық шектеулер күшіне енді. Енді комиссия көлемі сақтандыру сыйлықақысының 10%-ынан аспауы тиіс.

 

Жазатайым оқиғалардан сақтандыру полистерінің басым бөлігі банктер арқылы несие рәсімдеу кезінде сатылғандықтан, жаңа талаптар мұндай сақтандыру бағдарламаларының сатылымының айтарлықтай қысқаруына алып келді.

 

Нарық нәтижелеріне ең үлкен теріс әсер дәл осы жазатайым оқиғалардан сақтандыру санаты көрсетті. Алайда зейнетақы аннуитеттері бойынша жоғары өсім бұл төмендеуді толық өтеп қана қоймай, сақтандыру сыйлықақыларының жалпы көлемінің артуын қамтамасыз етті.

 

Ауру жағдайынан сақтандыру бойынша сақтандыру сыйлықақыларының көлемі айтарлықтай емес, небәрі 5%-ға қысқарып, 3,15 млрд теңгеден 2,99 млрд теңгеге дейін төмендеді. Ерікті жеке сақтандырудағы осы санаттың үлесі 0,77%-дан 0,58%-ға дейін азайды.

 

 

Шетелге шығатын азаматтарды ерікті сақтандыру

Бұл сақтандыру санаты бойынша оң динамика байқалады. Сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 215,1%-ға, яғни үш еседен астам өсіп, 61,2 млн теңгеден 192,7 млн теңгеге жетті.

 

Ең жоғары өсім дәстүрлі түрде мамыр және маусым айларына тиесілі. Бұл – қазақстандықтар жазғы демалысын жоспарлап, шетелге саяхаттарын белсенді түрде ұйымдастыратын кезең. Дәл осы айларда бірқатар елдердің визасын алу үшін қажет, сондай-ақ шетелге шығу кезінде ұсынылатын немесе міндетті саналатын сақтандыру полистеріне сұраныс артады.

 

Өсімге ықпал етіп отырған қосымша факторлардың бірі – цифрлық сату арналарының дамуы. Бүгінде шетелге шығатын азаматтарды сақтандыру полистерінің басым бөлігін бірнеше минут ішінде толықтай онлайн рәсімдеуге болады. Бұл сақтандыруды өз бетінше саяхаттайтын азаматтар үшін анағұрлым қолжетімді етіп, оған деген сұраныстың одан әрі артуына ықпал етуде.

 

 

Unit-linked нарықтағы үлесін біртіндеп кеңейтіп келеді

Пайыздық өсім қарқыны бойынша ең жоғары көрсеткіштердің бірін unit-linked өмірді инвестициялық сақтандыру өнімі көрсетті. Осы өнімдер бойынша сақтандыру сыйлықақыларының жинақтау бөлігі 14,6 млн теңгеден 172,8 млн теңгеге дейін өсті. Бір жыл ішінде көрсеткіш шамамен 12 есеге немесе 1085,2%-ға артты. Қазіргі уақытта бұл сақтандыру өнімін Қазақстандағы екі өмірді сақтандыру компаниясы ұсынады.

 

Қазіргі таңда unit-linked өнімдерінің ерікті жеке сақтандырудағы сақтандыру сыйлықақыларындағы үлесі шамамен 0,03%-ды құрайды. Сондықтан бұл сегмент әзірге нарықтың жалпы нәтижесіне айтарлықтай әсер етіп отырған жоқ.

 

Соған қарамастан, оның дамуы өмірді сақтандыру компанияларының өнім желісін кеңейтуге мүмкіндік береді. Мұндай бағдарламалар сақтандыру қорғанысын инвестициялық құрамдаспен үйлестіреді, ал түпкілікті қаржылық нәтиже таңдалған инвестициялық активтердің табыстылығына байланысты қалыптасады.

 

Аннуитеттік және білім беру жинақтаушы сақтандыруы

Зейнетақы аннуитеттеріне жатпайтын аннуитеттік сақтандыру да оң өсім көрсетті. Осы сақтандыру санаты бойынша сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 3,96 млрд теңгеден 7,50 млрд теңгеге дейін өсіп, 89,4%-ға артты. Оның ерікті жеке сақтандырудағы үлесі 0,97%-дан 1,47%-ға дейін ұлғайды.

 

Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі (МББЖЖ) шеңберіндегі жинақтаушы өмірді сақтандыру (ЖӨС) бойынша сақтандыру сыйлықақылары 34,8%-ға өсіп, 634,5 млн теңгеден 855,3 млн теңгеге жетті. МББЖЖ-ның сақтандыру сыйлықақыларының жалпы көлеміндегі үлесі әзірге небәрі 0,17%-ды құрайды. Соған қарамастан, бұл өсім білім алуға арналған мақсатты жинақтар сегментінің біртіндеп дамып келе жатқанын көрсетеді.

 

ҚЖОМС бойынша сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 110 млрд теңгеге жуықтады

 

Ерікті жеке сақтандырудан бөлек, өмірді сақтандыру компанияларының нәтижелеріне қызметкерді еңбек міндеттерін орындау кезінде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру (ҚЖОМС) да елеулі үлес қосты.

 

2026 жылдың бірінші жартыжылдығында ҚЖОМС бойынша сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 109,8 млрд теңгеге жетті. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 71,1 млрд теңгені құраған болатын. Осылайша өсім 54,4%-ды немесе 38,7 млрд теңгені құрады. ҚЖОМС өмірді сақтандыру компаниялары жинаған барлық сақтандыру сыйлықақыларының 17,7%-ын қамтамасыз етті.

 

Ерікті сақтандыру өнімдерінен айырмашылығы, ҚЖОМС – міндетті сақтандыру түрі. Жұмыс беруші қызметкерлерін еңбек міндеттерін орындау барысында орын алуы мүмкін жазатайым оқиғалардан міндетті түрде сақтандыруға тиіс. Сондықтан бұл сегменттің дамуы сақтандырылған қызметкерлердің санына, еңбекақы төлеу қорының көлеміне және сақтандыру тарифтерінің өзгеруіне байланысты.

 

Сақтандыру төлемдері шамамен 68%-ға өсті

2026 жылдың бірінші жартыжылдығында өмірді сақтандыру компанияларының жиынтық сақтандыру төлемдері 109,4 млрд теңгені құрады. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 65,1 млрд теңге болған. Осылайша бір жыл ішінде төлемдер көлемі 67,9%-ға немесе 44,2 млрд теңгеге артты. Төлемдердің өсу қарқыны сақтандыру сыйлықақыларының өсімінен екі еседен астам жоғары болды.

 

Ерікті жеке сақтандыру бойынша сақтандыру төлемдерінің көлемі 41,7 млрд теңгеден 79,6 млрд теңгеге дейін өсіп, 91,2%-ға ұлғайды.

 

Бұл өсімнің негізгі драйвері зейнетақы аннуитеттері болды. Осы санат бойынша төлемдер 17,7 млрд теңгеден 51 млрд теңгеге дейін, яғни 2,9 есеге артты. Соның нәтижесінде зейнетақы аннуитеттеріне ерікті жеке сақтандыру бойынша барлық төлемдердің шамамен үштен екісі тиесілі болды.

Өмірді классикалық сақтандыру бойынша төлемдер 10,6%-ға өсіп, 16,5 млрд теңгеден 18,3 млрд теңгеге жетті.

 

Аннуитеттік сақтандырудың басқа түрлері бойынша төлемдер көлемі 2,9 млрд теңгеден 6,8 млрд теңгеге дейін өсіп, 2,4 есеге артты. Сонымен қатар 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі (МББЖЖ) аясындағы жинақтаушы өмірді сақтандыру бойынша алғаш рет 7,9 млн теңге көлемінде төлемдер жүзеге асырылды. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде мұндай төлемдер болған жоқ.

 

Жазатайым оқиғалардан ерікті сақтандыру бойынша төлемдер 16,3%-ға азайып, 3,9 млрд теңгеден 3,2 млрд теңгеге дейін төмендеді. Алайда осы санаттағы сақтандыру сыйлықақылары төлемдерге қарағанда әлдеқайда жылдам қысқарғандықтан, төлемдер мен сыйлықақылардың арақатынасы айтарлықтай өсті.

 

Ауру жағдайынан сақтандыру бойынша төлемдер 55,3%-ға қысқарып, 702,3 млн теңгеден 314,1 млн теңгеге дейін төмендеді. Ал шетелге шығатын азаматтарды сақтандыру бойынша төлемдер іс жүзінде өзгерген жоқ: олар небәрі 1,1%-ға өсіп, 31,45 млн теңгеден 31,8 млн теңгеге жетті.

 

Қызметкерді еңбек міндеттерін орындау кезінде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру (ҚЖОМС) бойынша төлемдер көлемі 23,4 млрд теңгеден 29,7 млрд теңгеге дейін өсіп, 26,7%-ды құрады. Бұл ретте ҚЖОМС бойынша сақтандыру сыйлықақыларының өсімі төлемдерге қарағанда жоғары болды.

 

Freedom Life ӨСК сарапшыларының пікірінше, бірінші жартыжылдықтың қорытындылары өмірді сақтандыру нарығының трансформациясы жалғасып жатқанын көрсетеді. Ұзақ мерзімді жинақтау және зейнетақы бағдарламаларының маңызы артып келеді, ал дәстүрлі тәуекелдік сақтандыру өнімдері біртіндеп нарық өсімінің негізгі драйвері ретіндегі рөлін жоғалтуда.

Бұл үрдіс тұтынушылардың қажеттіліктері мен таңдауының өзгеріп жатқанын көрсетеді. Бүгінде сақтандыру тек қаржылық қорғау құралы ғана емес, сонымен қатар маңызды өмірлік мақсаттарға жету үшін ұзақ мерзімді жинақ қалыптастырудың тиімді тәсілі ретінде де қарастырылады. Сонымен қатар инвестициялық, білім беру және басқа да мамандандырылған шешімдердің есебінен нарықтағы өнімдер желісі кеңейіп, оның одан әрі дамуына және жетілуіне ықпал етуде.

 


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Пікір жазу