Өлеңдер ✍️

  16.09.2022
  133


Автор: Танакөз Толқынқызы

Бүгін сені көргім келіп кеткені...

Бүгін сені көргім келіп кеткені,
Күндер сырғып, сағат жылжып өтпеді.
Жыл құсына қарамай-ақ жет дедім,
Сағынғаның рас болса тек мені...
Бүгін сені көргім келіп тұрғаны,
Көріп пе едің аңызақты құмдағы?
Көріп пе едің жан азабын жардағы?
Шөлдеттің сен... Кенеземіз құрғады.
Мына жүрек сені ғана, тек сені
Аласұрып іздеп,
Шөлдеп,
Көкседі...
Жан дүниемді жаншып өтті аямай
Бұл сағыныш Бізбикедей өкшелі.
Бүгін сені көргім келіп шарқ ұрдым,
Төзімімнен бұрын күйреп сарқылдым.
Өзің жоқта жылжымауға ант берген
Құтқара гөр азабынан әр күннің!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу