Өлеңдер ✍️

  04.09.2022
  242


Автор: Жандарбек Жұман

Қалаға нала

Дала мынау желімен жабады өңін,
Бәріне шыдап келген өңірі аман.
Ашуымды келтірген қала өмірін,
Ішімнен бір қайырып сөгіп алам.

Жасырады көбісі айланы ішкі,
Жүдеген жастар менен қарияң да.
Адамның көңіл-күйі байланысты,
Қалтаңдағы жұқарған әмиянға.

Күлкісі-қымбат жұрттың, күйігі-арзан,
Қиыншылық,аштыққа төзген ел де.
Бұл қалада бақытты-үйі бар жан,
«Пәтерақы» бермейтін өзгелерге.

Қиындықты көрген жан жараған ба?
Сабыры мен намысы өктем оның.
Шын қуанған адамға қарағанда,
Ойға батқан адамды көп көремін.

Тар көшеңде бітпейтін тарады дау,
Сонда да,бауырларым,қажыма түк.
Алқымыңнан алатын қала мынау,
Шың досыңды береді ажыратып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу