Өлеңдер ✍️

  14.08.2022
  59


Автор: Темірхан Медетбек

Неткен ұлы жарасым...

Неткен ұлы жарасым! –
әлемнен сыр аулаған
мына бала, қарашы,
екеумiзден аумаған!
Екеумiзден өрiмi,
екеумiзден ұғымы.
Сенiкi ғой ерiнi,
өзiмдiкi мұрыны.
Махаббаттың түр-түсi,
махаббаттың үмiтi.
Сенiкi ғой күлкiсi,
жылағаны менiкi.
От көзiнде жанады
балдай тәттi таңдайы.
Саған тартып қабағы
маған тартқан маңдайы!
Жүр ғой, әне, шапқылап
өмiрдi үнге бөлеген.
Сен сияқты саққұлақ,
мен сияқты көреген.
Бiреу келiп басынса
тез тұтанып қызады.
Сен сияқты ашушаң,
мен сияқты ызалы.
Қарағаны – сенiкi,
сыр, ұғымы – менiкi,
алақаны – сенiкi,
жұдырығы – менiкi.
Саған көзiн ойнатып
маған қарай ұшады.
Менiкi ғой қайраты,
сенiкi ғой құшағы
Неткен ұлы жарасым! –
әлемнен сыр аулаған
мына бала, қарашы,
екеумiзден аумаған.
Махаббатты тани қап –
бiлем, бiлем, бiлем мен! –
осы бала арқылы
екеумiздi табиғат
бiр адам ғып жiберген.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу