Өлеңдер ✍️

  01.08.2022
  101


Автор: Айсырға Қилыбаева

Жарамсақ сөздер мезі етті...

Жарамсақ сөздер мезі етті,
Қылығы сайқал, өзі епті.
Булығып жатыр түтіндеп,
Өлеңім өртеп өзекті.
Далаға шыққым келеді,
Еркіндік – маған керегі.
Аймалап самал өбеді,
Желбіреп жасыл желегі.
Шырпысын шағып даланың,
Ішіме шырақ жағамын.
Құмдары қандай тап-таза,
Көк теңіз шайған жағаның!
Көгілдір теңіз, кең жазық,
Буы мен нуы – елге азық.
Аспанда түнгі ай-жұлдыз
Серуен құрған, бой жазып.
Есігін ашып даланың,
Моншағын үзіп, тағамын.
Шырпысын алып тұтатып,
Ішіме шырақ жағамын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу