Өлеңдер ✍️

  01.08.2022
  95


Автор: Айсырға Қилыбаева

ТҰҒЫРЛЫ ЖЕР

Сары алтын Самның құмын кешкен біздер,
Біздерден бұрын жүріп, өшкен іздер.
Даланың даналары айтып кеткен,
Сақталған кәріқұлақ есті сөздер.
Жамылып жазғытұрым жасыл желек,
Қылаңдап, бой көтерген қоянсүйек.
Құртқашаш, бәйшешегі, мортығы бар,
Жер беті – қызыл, күлгін, жасыл өрнек.
Ұйысқан жусан, изен – сары ала бел,
Тараған көк құрақты самала жел.
Шалдуар шалдары бар шадыр мінез,
Тентек деп «Адай» аты тараған ел.
Маңғыстау – ойы күңгірт, қыры шуақ,
Қонаққа – төрі жайлы, жылы құшақ.
Қарайды иесі төрге, қонақ өрге,
Мойыны иілмейтін шойынға ұсап.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу