19.07.2022
  2244


Автор: Баян Тіленшина

СЕРІК АҒАМА

Көгершін көңіл, сезімі аққу жан ағам,
Ақ сәуле сынды жеті түс нұрдан жараған.
Мейірі теңіз, рухы да егіз Серігім,
От алсын сенен мейірмен саған қараған.
Адамға адам қонақ-ау мына жалғанда,
Іздеймін сені қанатым ойдан талғанда.
Тіріңде от ең, бүгінде шоққа айналдың,
Рухыңмен қуат берсеңші бізге тоңғанда.
Жомартым менің, жүрегін жұлып бере алған,
Күтті ме сені жұмақтың жұмсақ төрі алдан.
Арысым менің, темірді түйген шеберім,
Кім сендей сазбен көңілдің күйін өре алған?!
Көп болса екен шебер қол сендей бал тамған,
Сүйерхан сынды «Бәйтерек» жібін тарта алған.
Көмештің кәусар бұлағы едің бұрханған,
Өссе екен көп гүл сен өткен іздің артынан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу