Өлеңдер ✍️

  12.07.2022
  119


Автор: Ғали Орманов

КӨКПАР ҚЫЗЫҒЫ

Басса Сүйін тақымға
Баурап алып серкені;
Жөнейді ырғып аты да,
Сағым ба екен жоқ теңі?
Қалың адам солай кеп
Төгіледі толқынша;
Сескенбейді соғар деп
Алдарында не тұрса.
Көкпар десе қазақтың
Кетеді ұстап қызбасы.
Түрлері жоқ қарайтын
Қияң қайсы, құз қайсы.
Шалқиды көз ұшында
Секілді бір жел-құйын.
Сөз бе солай ұшуға
Шаншылған тік, ылдиың!
Желше ұйтқыған шоғырға
Көз тігесің алыстан.
Сүйсінесің соларға
Тақымы атқа жабысқан.
Көкпарды ұзап əкеткен
Олар кімге қарасын.
Əр белеңнен қылт еткен
Қарасын тек шаласың...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу