Өлеңдер ✍️

  17.06.2022
  255


Автор: Алмас Ахметбекұлы

САЙЛАУ БИЛЕТІ

Бір сəттерде
Мемлекеттің жаны да,
Бір парақтан миллион қолға тараған.
Ақ қағаздай жұқа нəзік,
тағы да,
дірілдетіп ұстайды оны əр адам.
Мен де ұстадым.
біздің елдің жаны үшін –
қолымда тұр пəк те, жеңіл парағым.
Ақ қағаздай кіршең еді намысым,
«Дақ түсіріп алдым ба?» деп қарадым.
Інім күлер,
(құр алақанын сенімнен)
өз тағдырын ұстап тұрып қолына.
Мəрттігімен,
əлде, ессіз көңілмен,
Ойланбай-ақ сыйлай салар оны да.
Жел көтеріп жеңіл жанды, ақ жанды,
миллион парақ қардай жауып түседі.
Бір уысқа тапсырылса талғамды,
əр парағың салмақ еді, күш еді.
Кейде, шайтан,
Періште
Һəм пендеміз –
бір сөзге кеп, бір шиені шешеміз.
«Тəуекел!» деп бір кісіге сенгеміз,
кетпеуі үшін бүтіндіктен есеміз.
Бəрін-бəрін бір ниетпен кеше біз:
көңілдерді қалқып жауған ақ қардай,
ақ парақтай сенімдерге дақ салмай,
бір кісінің сандығына салғамыз...
Пеш түбінде шешем бата береді:
Берекені алмаңыз,
Аман болсын патшамыз,
жар болсын, – деп, – Алламыз!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу