Өлеңдер ✍️

  10.06.2022
  84


Автор: Жәлел Қуандықұлы

Көзіңнің қанып құмары...

Көзіңнің қанып құмары,
Өзектің өрті тынады.
Жай тапты жаның, дегенмен
Бірдеңе жетпей тұрады.
Сүйесің, күйіп-жанасың,
Өмірдің солай бағы асыл.
Бір күні кеудең дір етіп,
Қайтадан ғашық боласың.
Орындап Хақтың әмірін,
Түйсініп Құран қарібін.
Жібісе-дағы жауырын,
Келеді білгің, танығың.
Түссең де талай сүргінге,
Ғаламды танып, білдім де.
Сонда да жүрек шымырлап,
Елеңдеп тұрар түрлі үнге.
Тағдырың түспей талқыға,
Байлыққа малын, шалқы да.
Ожданың өксіп тұрады,
Қылмасаң қайыр халқыңа.
Жазмыштың сол ғой – тұмары,
Барлығы бір күн тынады.
Сонда да жаның емексіп,
Бірдеңе жетпей тұрады...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу