Өлеңдер ✍️

  29.05.2022
  141


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Іңкәр

Естідің бе майда қоңыр әнімді?
Дәл өзіңдей түсінбейді басқалар...
Көгістеніп екі дүние кәдімгі,
Жәудіреген қос жанардан жас тамар.
Бақытқұмар ақ маңдайың бүр жармақ,
Самалалы көктем келсе көгілдір.
Көкіректен сымбыр қағып гүлзар бақ,
Нәзік үнмен әуелейтін өмір бұл.
Қыздың жаны жапырақ қой дір еткіш,
Сондықтан да саған айтам сырымды.
Қанатына маржан тағып жүрек-құс,
Жырларымды сайрап берер бұрынғы.
Ай жүзгенде түнгі аспанда шалқалай,
Әдемі әуен құлағыма келеді.
...Тыңдамауың мүмкін емес, қалқам-ай,
Менің әнім – сен ғанасың, себебі!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу