Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  127


Автор: Нұрлан МƏУКЕН

Бiзден кейiнгi ұрпақ...

Бiзден кейiнгi ұрпақ,
Өзiң лайық түр тап.
Сенiң заманыңа – салауат,
Менiң заманым – сырқат.
Менiң заманым дiмкəс,
Сырыма сенiп сырлас.
Мұра деп бiлсең мұңымды –
Менiң мұңыммен мұңдас.
Бiздер – көсем соңынан ергендермiз,
Бiздер – өлген соң қайтып келгендермiз.
Бiздер – бəрiне сенгендермiз,
Фашиз мен коммунизмдi жеңгендермiз.
Бiздер – қайшылықтардың қақтығысымыз,
Қақтығыстардан қақырап жатты күшiмiз.
Жаяуымыздан əлсiз боп атты кiсiмiз,
Тiршiлiктiң жаңғағын шақты тiсiмiз.
Бiздер – адасып маңырағандармыз,
Жерiген ене мүйiздеп жамырағандарымыз.
Қарақұрым қалада қаңырағандармыз,
Аулаққа ауған бұлттардай аңырағандармыз.
Бiздер – тарихымызбен кеш танысқандармыз,
Бiздер – тiлiмiзбен кеш табысқандармыз.
Бiздер – өзiмiзбен өзiмiз бостан-босқа
алысқандармыз,
Дүниеден мақұрым, бос қалысқандармыз.
Бiзден кейiнгi буын,
Бұйырмағаның үшiн қуын.
Сенiң заманың татпасын
Бiздiң заманның уын.
Бiзден кейiнгi ұрпақ,
Өзiңе өзiң жүр сақ.
Сенiң заманыңа салауат айттым,
Менiң заманым – сырқат…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу