Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  145


Автор: Аманхан Əлімұлы

Қысқы көңіл күй

Ауруы қысқан шалдай ұстамалы,
Қойды-ау ашылмастан қыс қабағы.
Терезе жақтауында кептер отыр,
Табылмай талғап жейтін құс тамағы.
Күндер-ай, сынапқа ұқсап сырғып аққан,
Сұп-суық леп те есіп тұрды бақтан.
Қу тірлік өп-өтірік өлген балық,
Немесе құрған тісті қырлы қақпан.
Ауырады жүрегім таза ақ қардай,
Алдымда мен татпаған азап бардай.
Жағасы жайлау, сосын мамыражай,
Шіркін-ай, өмір сүрсем қазақтардай.
Мезгілсіз соншалықты тұмау қысқан,
Аман-сау өтсек, ой-хой, мынау қыстан.
Алқымнан алып тұр-ау əзірше ол,
Оқыстан келіп қалып сынау тұстан.
Кіді қыстың қар басты сіреу шағы,
Жанға демеу, жамбастан тіреу шамы, –
Қабір жақтан біреулер күбірлесіп,
Есік қағып тұрғандай біреу тағы.
Табиғат па табиғат бұрқамаған,
Аумай тірлік оттағы тұр табадан.
Ай-күн аман, сонда да, мені аңдып,
Жүргені тек болмаса бір қара адам.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу